06 Шілде, 2011

Қазақтың ренессанс ғасыры

1538 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін
Ғасырға бергісіз жиырма жылдық ғұмыр өтті. 1991 жылы дүниеге келген ұл мен қыз бү­гін­де студенттер қатарына ілікті, азамат болды. Жиырма жыл (да сезім, әдет, дағды, сана өзгеріс­ке түсті. Жиырма жасқа жеткен жастардың сезім, санасы, әрине, арнайы өлшемдерді қажет етпек. Олар біз сияқты октябрят, пионер, комсомол ұжымдарында болып, марксизм-ленинизм ілімін сезім, сана­ларына сіңірген жоқ. Социалистік қоғамның көп жағдайларын көріп-біліп, бастарынан кешірмеген, сондықтан өткен тарихтан білмейтіндері де көп. Бұл бір жағынан, жақсылық, сана-сезімдері коммунистік утопиядан таза, ал екінші жағынан, өткен тарихи оқи­ғаларды түсініп, қабылдауда әрі бағалауда олар үшін қиындық барын да ескерген жөн. Бұл – ұрпақтар сабақтастығына қатысты мәселе. Әр ұр­пақтың басынан кешкен әлеуметтік тәжі­ри­бесі, оның құпиясы болады. Ал біздің құпия­мыз кімдерге керек, оның қандай құнды­лық­тары бар. Жиырма жылдық тарихтың ар жа­ғын­да, социализм кезінде ғұмыр кешкен ұрпақ­тар­ды қайда қоймақпыз. КСРО аса қуатты әлем­дік держава болатын. Біздер сол мықты мемле­кет­тің азаматтары едік. Социализмнің сыр бермеген кезі. Коммунистік партияның бет қарат­пай­тын заманы. Коммунистік идеология және тәр­тіп темірден қатты. Санаға күдік ұяламаған кез. Сезім діннен таза, атеистік дүниетаным ғылы­ми дәрежеге жеткен уақыт. Ғылым мен дін ара­сы жер мен көктей деген уағыз күнде айты­ла­тын. Тәуелсіздік туралы қоғамда қалыптасқан түсінік жоқтың қасы. Халық осы кезде бір­ыңғай көркем әдебиетке қарағанда, тарихи та­қы­рыпқа жазылған шығармаларды құмарта оқи бастады. Бүгінгі күн биігінен ойласақ, ол еркіндікті аңсаудан туған құштарлықтың бір көрінісі екен. Осы ынтаға сәйкес тарихи романдар жа­зы­лды, олар оқылды. Енді, тәуелсіздікке қалай келдік дегенге сауал іздесек, тәуелсіздік деген тек бір ғана елге қон­ған бақ емес, ол адамзаттың болмысынан, оның тари­хынан, аяқ алысынан, шаршап-шал­ды­ғуы­нан, ақиқат жолына түсуге талпы­ны­сы­нан, ізгілік пен зұлымдықтың бақ сынасуынан, бір сөзбен айтқанда, Жер деп аталатын плане­та­ның табиғи тынысымен анықталатын феномен екен. Тәуел­сіздік деген ұғым, ол кезде отар­шыл­дықтан бірінен соң бірі шығып жатқан, негізінен Африка, Азия, Латын Америкасындағы «үшін­ші әлем» деп аталатын елдерге қатысты айтылатын. КСРО-да кеңестік ұлттардың тәуел­сіздігі Қазан төңкері­сінде шешілген деген идео­логиялық қағида үстем болған мезгіл. Олай демеске амал жоқ болатын. Сондықтан да қазақ хал­қының тәуелсіздігі мүмкін болуы үшін, ал­ды­мен алып империя – КСРО күйреуі қажет болды. КСРО аса қуатты ел болғанымен, оның құрамындағы ешбір халықтың шын мәнісіндегі тәуелсіздігі жоқ еді. Анығын айтқанда, КСРО-ның негізін құраушы орыс халқының да тәуел­сіздігі болмады. Ол кезде «кеңес халқы» деген адамдардың жаңа тарихи идеологиялық қауым­дас­тығы туралы айтыла бастады. «Кеңес хал­қы» мен «орыс халқы» деген бір ұғым емес. Кеңес халқы сол кездегі Кеңестер Одағына енген барлық социалистік ұлттардың ортақ саяси атауы. Тәуелсіздікке алғашқы қадам, ол халық­тар­дың социализмнен арылуынан бастау алмақ еді. Социализмнің жеңілісі Кеңестер Ода­ғын­­да­ғы социалистік ұлттардың тәуелсіздігіне жол ашты. Социализмнің күйреуі тәуелсіздіктің ал­ғы­шарты болды. Осы мәселені түсіну қазір де кейбір ағайындарға қиын болуда. Социализм мен тәуелсіздік аражігін ажырата алуға қау­қар­лары жетпегендер бей-жай болып, амал­сыз­дан жаңа саяси ағымға бейімделіп ғұмыр кешуге дағдылана бастады, бірақ сана социализм «ауылында». Социализмнің күйреуі, шын мәні­сін­де Михаил Горбачевтің «Қайта құруынан» бас­тау алды, оның саясаты Кеңес Одағының сая­си дағ­дарысына тура бастап әкелді. 1991 жыл­дың тамыз айында «Форос тұтқынынан» Мәс­кеуге оралған Михаил Горбачевті Ресей пре­зиденті Борис Ельцин Жоғарғы Кеңес мә­жілісіне шақырып алып, елдің көзінше Ресейде Коммунистік партия қызметі заңсыз деген декретке қол қойды, ол істің мәнісі Кеңес Одағы Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Михаил Горбачевтің қызметі заңсыз және ендігі жерде коммунистердің ел билеуден тыс қалғаны туралы қабылданған тарихи құжат болатын. Осыдан бастап социализм, кеңестік қоғам та­рих­қа айнала бастады. Жаңа тәртіп орнады. Елді коммунистерсіз басқару мүм­кіндігі ашылды. Социализмге соңғы шабуыл 1991 жылдың 8 желтоқсанында Белоруссия орманы «Беловежье» демалыс үйінде Ресей президенті Борис Ельцин, Украина президенті Леонид Кравчук, Беларусь президенті Станислав Шушкевич қол қо­йып, КСРО деп аталған «социалистік импе­рия­ны» тарих бетінен мүлдем жойды. «Беловежье келісімінен» кейін КСРО президенті Михаил Горбачев президенттік өкілеттігін тоқтататынын халыққа теледидар арқылы жария етті. Бұл амал­сыз шара болатын. Елі тарап кеткен соң, пре­зиденттік өкілеттігін тоқтатпағанда не қал­ды. Бұрынғы он бес одақтас республикалар өз тәуелсіздіктерін жариялап үлгерді. Сөйтіп, өзге­лермен бірге қазақ халқы да жаңа заманға аяқ басты. Қазақтар ғасыр­лар бойғы арманына жетті, елге еркіндік енді. Социализм бұғауынан Батыс Еуропа елдері (Болгария, Румыния, Югославия, Чехословакия, Польша, Венгрия, Германия Демократиялық Рес­публикасы, т.б.) босанып, нағыз тәуелсіз­дік­ке қолдары жетті. Мәселенің түйіні неде десек, айтарым, социализм мен тәуелсіздік бір-бірімен қабыспайтын жайлар. Социализм кезінде толыққанды тәуел­сіз­дік болуы мүмкін емес-ті. Сондықтан тәуел­сіз ел болу үшін социализмнен кету қажеттілік. Социализмнен қанша алыстасақ, тәуелсіздікке сонша жақындай бермекпіз, бұл – заңдылық, тәуелсіз ел құру заңдылығы. Тәуелсіздік қазақтарға, өзге де бұрынғы социалистік ұлттар атанған халықтарға не берді деген сауалға жауап іздесек, социализм зама­нын­да, нақтылап айтсақ, кеңестік қоғамда үш мә­се­ленің мүлдем шешімі табылмағанын айт­қан жөн, олар: еңбек еркіндігі, дін бостандығы және тұлға бостандығының болмағандығы. 1. ЕҢБЕК ЕРКІНДІГІ, адамның табиғи бол­мы­сына қатысты. Адам дүниеге жер бетінде харекет етіп, еңбек етіп күн көру үшін, ұрпақ өсіру үшін келеді. Ол, оның табиғи болмысы. Адамның болмысы – еңбекте. Сондықтан әрбір адамның еңбекке деген еркіндігі болуы табиғи жағдай. Социализм кезінде еңбек еркіндігі орнына еңбекпен мәжбүрлеу саясаты мемлекеттік деңгейде жүргізілді. Осы тұста Лениннің 1918 жылғы шетелдік полковник Р.Робинспен сұхбатына назар салайық. 1989 жылы (21.04) «Правда» газетінде полковник Р.Робинстің Ленинмен кездескендегі естелігі жарияланды. «1918 жылы март айының екінші жарты­сын­да мен Кремльде Ленинмен әңгімелестім, – дейді Р.Робинс. – Ол патша кабинетінде шалқайып отырып, маған бұрылып былай деді: – Полковник Робинс, сіз орыс револю­ция­сының идеясын білесіз бе? Мен сұрақ мәнісін аңғармай: – Түсінбедім, сіз не туралы айтып отырсыз, комиссар? – Сіз, революция идеясын білесіз бе? – деп ол сұрағын тағы қайталады. – Әрине, – дедім мен. – Ол, сірә, патша билігіне қарсы демократия болар. – Жоқ, – деді ол. – Ол идея емес. Біздің идея­мыз өндірушілер экономикасы және олар­ды әлеуметтік бақылау саясаты...» («Правда», 21.04.1989). Большевиктер өндірушілер экономикасын әлеу­меттік бақылауды партияға берді, ол өз дик­татурасын орнатты. Сондықтан, еңбек еркіндігі бұзылды. Еркіндік шектелген жерде, еңбек шы­ғар­машылық сипатынан айрылып, еңбек өнім­ділігі мен тауар сапасы төмендеуіне жол ашылды. Социализм кезінде еңбекті қадағалауды қа­таң тәртіпке салып, еңбек өнімін бөлісу ісінен ең­­беккерлерді тыс қалдырып, оны өзгелерге, яғ­ни тікелей өнім өндіруге қатысы жоқтарға саяси құқық берілген еді. Еңбек еркіндігі – даулы тақырып. Карл Маркс осы даулы тақырыпты шешпек мақсатта «Капитал» деген еңбегін жазды, бірақ шеше ал­ма­ды, себебі оның адамшылық ниетінде еді. Ол шайтандық жолға түсті. Дінді апиын деп жа­рия­лады. Ол әзәзіл жолы еді. Неге дейсіз ғой, жауап берейін. Бір сөзбен айтқанда, адам бай, дәу­летті болғанына кінәлі атанып, тап ретінде жо­йылуы адамшылық па еді?! Байды, байлықты жою не екенін Карл Маркс білді, біле тұра со­ған барды. Өз ниетін ғылыми түрде дәлелдеу үшін ол қосымша күн теориясын ойлап тапты. Мәсе­ленің шындығы солай ма еді? Бұл істің солайы да, солай емесі де бар. Сондықтан күні бүгінге дейін Карл Маркс ілімін жақтаушылар мен қар­сыластары осы мәселеде мәмілеге келе алмауда. Адам табиғаты сол, бір қателескен жайға қайта орала беретіні бар. Ол күдікке қатысты. Сол қате дегеніміз шындық емес пе екен деген күдіктің уақыт өте жандана беретіні бар. 2007 жылдан әлемде қаржы дағдарысы басталғанда, біреулер дағдарыстан шығудың жолы Карл Маркстің «Капитал» кітабында бар екен, адамдар сол кітапты қайта оқуда деген лақап таратса, соған кейбіреулердің сеніп қалғандарына таң­қалдым. Мұны айтып, оған сеніп жүргендер де «Капитал» оқымақ түгіл, қолдарына алма­ған­дар. Біз кеңестік заманда «Капиталды» бүге-шүгесіне дейін конспектілеп оқығанбыз, оны тәжірибеге қолданғанбыз, одан не шықты. Карл Маркс көп ғалымның, «Капитал» көп кітаптың бірі. Оқыдық дегендер оқысын, одан түсер бұл за­ман­ға дәрмен жоқ. Әлемдік деңгейдегі эко­номистер Карл Маркстен өзге жолға түскен. 1968 жылдан бастап экономика саласы бо­йынша Нобель сыйлығы беріле бастады, бүгін­ге дейін оны 64 экономист иеленді. Әрине, оның басым көпшілігі – 44-і америкалық, 7-і ағыл­шын, екі-екіден Норвегия, Швеция және Израиль экономистері бар. Осы тізімге қарап отырып, әлемдік экономикалық саясат қалай және қай елдерде жасалып жатқанын аңғаруға болады. 2010 жылы экономика саласы бойынша Нобель сыйлығы үш ғалымға бірге берілді: Массачусетс штатының 70 жастағы экономисі Питер Даймондқа, АҚШ-тағы Солтүстік-Батыс уни­вер­си­тетінің 71 жастағы экономисі Дейл Мортенсенге және Лондон экономика мектебінің және сая­сат ғылымдарының 62 жастағы про­фес­соры Кристофер Писсаридеске. Үшеуі де еңбек рыногын зерттеумен айналысады. Ғалымдар «нарықты талдаудың ауытқуды із­деу­ге негізделген әдістерін өңдеп шығар­ған­дары үшін» марапатқа ие болды, деп хабарлады Швеция Корольдік ғылымдар академиясы. Әлемдік қаржы дағдарысынан кейін эконо­ми­касы қарқынды өзгерістерге түсіп, алға шық­қан ел – Қытай Халық Республикасы, дағдарыс­тан шартты түрде тыс қалған Оңтүстік-Шығыс айма­ғының елдері: Малайзия, Сингапур, Индонезия. Сондықтан, ендігі жерде экономика сала­сында өзге өлшемдер қажет екені аңғарыла бас­тады. Ол туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Дағдарыс­тан шығудың кілті» атты мақа­ла­сында жаңаша ойлау қажеттілігін айтқан болатын. Еуропада Карл Маркстен кейін экономика саласында бірнеше лек толқындар болды. Со­ның бірі, Джон Мейнер Кейнстің (1883-1946) «Ара­лас экономика» тео­риясы. Аралас экономи­ка жүйе ретінде қарас­тырылғанда нарық еркіндігі тежеліп, оған мем­лекеттің реттеуші ретінде араласуы және қо­ғам­дағы барлық әлеу­мет­тік күштердің ұлттық келісімге келуі қарасты­рыл­ды. Бұл жүйе өз нә­тижесін де берді. Оның экономиканы «қажетті үлгі таңдау өнері» деп анықтауы ғалымдар ара­сында дискурске түсіп, кейнсиандық революция, жаңа кейнсиандық, пост­кейнсиандық деген түр­лері 50-60-жылдары негізгі әңгіме тақырыбы бол­ған. Экономистер макро және микро ауқым­дағы нарықтық қатынас­тар­ды зерттеуде эконо­метрия (экономикалық өл­шем) деген білім са­ла­сын қа­лыптастырған. Осы­ған орай айтарым, экономика әлемдік дең­гей­де дағда­рыс­та, эконо­мис­тер ізденістер үстінде. Карл Маркстің эконо­микалық ілімі қазақ хал­қының тамырына балта шапты. 20-30-жылдары кон­­­фискация науқаны жүр­­гізіліп, байлар тап ре­тінде жойылды. Бұл қасі­рет халық бола­ша­ғына өте ауыр соққы болды. Бай­ларынан, яғни ел бас­шы­ларынан айырыл­ған халық азып-тоз­ды, қы­рыл­ды, әлем­ге тарыдай тарап кетті. Бү­гін­гі күнге дейін сол солақай саясат­тың зар­да­бын шегудеміз. Міне, еңбек еркіндігіне қатысты әңгіменің бір арнасы. Большевиктер ғасыр­лар бойы қалыптасқан халықтың күнкөріс тәрті­бін бұзып, қиратып, жаңа арнаға салды. Ол коллективтендіру сая­са­ты бола­тын. Сөйтіп, колхоз, сов­хоздар құрылған еді. Бұл да халқымызға ауыр зардап әкелген ж­а­ңа эконо­ми­калық тәртіп. «Қырық­ күннен кейін көрге де үйренесің» деген халқы­мыздың сөзі бар. Осы халге орай халық колхоз, сов­хоз болып еңбек етуге де дағдыланды, бірақ ол да тәуел­сіз­дік жылдары қи­ра­ды. Нарықтық қаты­нас­тарға қолайсыз әрі керексіз деп санадық. Бұл түсінік мүмкін дұрыс, мүмкін теріс. Осы мәселе бүгінгі қоғамда дискурс­ке түсу­де. Мен осы дискурске сай пікірімді білдірейін. Білім салалары ішінде психология деген бар, ол адамның, топтың, қоғамның психикасын, оның қалпын т.б. заңдылықтарын зерттейді. Пси­хика дегеніміз бір жағдайға бейімделу, со­ған тән әдет, дағды, келе-келе көзқарас, сана қалыптастыру. Бір сөзбен айтқанда, өзіне-өзі қолайлы «үй» немесе «үйшік» жасап алып, сонда өмір сүре беруі, тыныштық қалпын сақтауы. Бұл жақсы, бірақ үнемі жағдай олай бола бермек емес, «үйден», «үйшіктен» шығу да қа­жет­тілігі болмақ. Ал, ол адамға дискомфорт, тіптен үрей сезімін тудырмақ. Колхоз, совхоз тұрмысына қалыптасқан аға­йын осындай психологиялық хал кешуде. Олар айтады, колхоз, совхоз қирамаған Белоруссияда хал жақсы деп, мүмкін солай да шығар, бірақ ол әуел баста қызыл қырғынмен орнатылған эко­но­микалық еңбек бөлінісінің тәртібі емес пе еді, ол қай заманда халықтың табиғи бол­мы­сы­мен үйлесімін тапқан. Оларда еңбек еркіндігі қалай шешілді екен, себебі, 70-жылдар ішінде колхоз бен совхозда еңбек еркіндігі болмаған, ол таза әкімшілік жүйеге тәуелді болды емес пе? Олар нарықтық қатынастар өрісінде модер­низацияға түспеуші ме еді, бұл – бір. Екіншіден, еңбек еркіндігі деген адамдардың рух еркіндігін талап ететін базистік түсінік. Бұл мәселе қалайша шешімін таппақ. Экономиканы әкімшілік жүйе негізінде жүргізудің де тиімді жақтары бар, ол әсіресе қоғам өмірінде болатын «өліара шақтарда», яғ­ни «өтпелі кезеңдерде» тиімді көрінер. Ал ел­дің рухани қажеттілігі кемелденген сайын, эконо­ми­каны басқарудың әкімшілік жүйесі еркіндікті қа­жет етпек. Еркіндік деген – шығар­машылық. Ең­бек еркіндігі міндетті түрде тұлға еркіндігін талап етпек, ол экономиканы тиімді басқаруға, еңбек өнімділігіне, технологиялық үрдістерге, сапаға тікелей қатысты. Сондықтан социализм кезінде қалыптасқан еңбек тәжірибесі, оның бас­қару жүйесі міндетті түрде өзге сапалық күйге ауысуы керек, бізде бұл процесс бас­тал­ды, бірақ дәп қазір қиыншылықтар орын алуда, ал сара бағытымызда бұл сапалық өзгерістер нәтиже беретініне сенімдімін. Біздің алған ба­ғы­тымыз дұрыс, мәселе қазіргі кездегі қиын­шылықтарға қатысты. Тәуелсіздік алған елдер (посткеңестік елдер) колхоз, совхозды қиратпай модернизацияға тү­сі­руі керек-ақ еді, бірақ жер-жерде валютаристік шешімдер орын алып кеткені анық. Етті елімізде өндіргенше, оны сатып (өзгелерден) алған арзан деген субъективтік үндеулердің болғаны және оның нақтылы іске асырылғаны, соның сал­дарынан ет, сүт, қызылша, т.б. өндірушілері далада қалып, шет елдерден өнім тасығаны­мыз­дан әлі де шыға алмай отырмыз, бұл нарық кезінде өріс алатын еңбек еркіндігін теріс түсіну ғана емес, ел мүддесін көрінеу саудаға салу бо­ла­тын, осындай солақай саясаттың зардабын бү­гін­де халықпен, яғни тұтынушылармен бірге ауыл шаруашылы­ғын өндірушілер де көріп отыр. Сондықтан, колхоз бен совхоз қаз қал­пын­­да қалса дұрыс болар еді дегенге қосыла ал­май­мын, олар әуел бастағы қателік болатын, бірақ оларды тиімді түрде нарық жағдайына көшіру басқа мәселе, оның тиімді тәсілін Қытай жүзеге асырды. Социализм дәуірінде қалыптасқан таза кол­хоз­дық-совхоздық көзқарас нарыққа да, яғни еңбек еркіндігіне де, рух еркіндігіне де жауап бере алатын көзқарас емес. Қазақ елі ғасырлар бойы аграрлық ел болып, өз күнін өзі көріп келген, ендігі мәселе Жаңа заманға, нарықтық қатынастарға орай осы салада еңбек еркіндігі тәуелсіздік контекстінде өсіп-өрбуі қажет. 2. ДІН БОСТАНДЫҒЫ болмады. Кеңес қо­ға­мы, оның құрамындағы қазақ қоғамы атеистік идеология өрісінде болды. Атеизм – социалистік мемлекеттің идеологиясы. Барлық жоғары оқу орындарында «Атеизм негіздері» деген пән оқы­тылды. Оқулықтар тегіс атеистік дүние­та­нымға негізделіп жазылды. Дінге сенушілер мем­лекеттік істерден аластатылып отырды, әрине, оған қарап, қоғам мүлдем дінсіз қалды деуге болмайды. Дін қоғамда болды, бірақ оған қарсы үздіксіз, атеистік насихат пәрменді түрде жүргізілді, ол істен мемлекет қаражат аямады. Осы тұста неге социализм дінге қарсы болды деген сауал орынды. Социализм мен діннің табиғаттары бөлек. Социализм идеясын насихаттаушы большевиктер, кейіннен коммунистер діндегі «жұмақ» идея­сын өзге түрде пайдаланды. Олар «жұмақ» адамдар о дүниеге өткен соң емес, осы дүниеде бол­мақ, деді, оны олар «коммунизм» деп атады. Коммунизм ол да қоғам, бірақ социализмнің әбден жетілген фазасы. Ол – жұмақ қоғам. Осы негізгі мәселеде социализм мен діншілдер бәсекелес болды, бірін-бірі қабыл алмады. Сонымен бірге, коммунистер ұжымға сүйенсе, дін жеке адам сезіміне бағытталған. 3. СОЦИАЛИЗМ КЕЗІНДЕ тұлға бостанды­ғы болмады. Социализм үстемдік құрған дәуір­де тұлғалық құндылықтарға қарағанда, ұжым­дық құндылықтарды насихаттау идеология өзегі болды. Ұжым, жеке адамдардың құқықтық, отба­сы­лық, т.б. істеріне мейлінше араласты. Сол кездегі көркем шығармаларды, кинофильмдерді көр­сеңіз, осы айтқанға тап боласыз да, таң-тамаша қаласыз. Әрбір адам ғұмыры саяси-идеологиялық ұйымдардың бақылауында бол­ды. Әдебиет пен өнерге цензура билік жү­ргіз­ді. Халқымыздың тұлға деп таныла бастаған, та­нылғандарының бәрі дерлік тұтқындалды, сот­тал­ды, атылды, жер аударылды, тіптен, олардың әйелдері мен бала­лары жаза, жапа шекті. Халық санасына жалған тұлғалар наси­хатталды немесе кейбір халықтық тұлғалардың қызметі бұрмаланып насихатталды. *** Кеңестік заманда шешімі табылмаған осы үш мәселені өткен жиырма жылда шешу жеңіл болғаны жоқ. Ол заманда қалыптасқан құлдық сана бойымыздан, әдетімізден, дәстүрімізден, көз­­қарасымыздан толығымен шығып үлгер­ме­ген. Тәуелсіз ел құру ісіне кеңестік заманның кадр­лары араласып кетті. Басқа амал да жоқ еді. Алайда, 1991 жылдан бері жиырма жыл ішінде Қазақ елінде нендей жағдайлар, қандай сапалық өзге­рістер болды десек, айтылатын асқақ нәти­желер, үлгілі істер көп, бірақ солардың ең бас­ты­сы өткен жылдар ішінде өсіп шыққан жаңа ұр­пақ. Жо­ғарыда олардың алдыңғы легі студенттер қата­рына ілікті дедік. Алдымыздағы 2020 жылдары олар отызды толтырып, «орда бұзатын» жасқа жетіп, стратегиялық Бағдар­ла­ма­ға сай, 2030 жылы бұл ұрпақ «қамал алатын» қырық жасқа келмек, яғни ел билігіне ие бол­мақ. Олай болса, біздің қо­ғамның басты мәсе­ле­сі осы жиырма жасқа келіп отырған жас ұр­пақ­тың түсінігін, тілегін, арманын, білімін, көз­қа­ра­сын, ең бастысы, оның Қазақ еліне деген патриоттық сезімін тәрбиелеп, қалып­тас­тыру, себебі, ол Қазақ елінің Ренессанс ға­сы­рының азаматы, қазағы. *** Ұрпақтар сабақтастығы қазіргі күннің басты мәселесі. Ғалымдардың айтуынша, ұрпақ жасы – отыз. Жүзжылдық (І ғасыр) үш ұрпақтың ғұмыры, олар ата ұрпақ, аға ұрпақ және немере ұрпақ. Құндылықтар да осы үш ұрпаққа қа­тыс­ты сараланбақ. Әр отбасында дерлік осы үш ұр­пақ өкілдері бас қосып ғұмыр кешуде. Қоғам­ның да әлеуметтік-демографиялық құрылымы негізінен осы үш ұрпақ өкілдерінен құралған. Елбасының 1997 жылы қабылдаған «Қазақ­стан-2030» Стратегиялық бағдарламасының маз­мұнын осылай түсінемін. Ұрпақтар алмасуы – құндылықтар алмасуы, бұл – бір мәселе. Ұрпақ­тар алмасуының нәтижесі – құндылық­тардың тұрақталуы, бұл – екінші мәселе. Егер 2030 жылға дейін ұрпақтар алмасуы, құнды­лық­тар алмасуы үздіксіз болатын болса, 2030 жылдан кейін құндылықтардың тұрақталуы, сөй­тіп, Қазақ елінің жаңа сапалы дәуірі бас­тал­мақ. Асан қайғы лексиконына салсақ, Жерұйық болып аталмақ. Бұл қазақтың ғасырлар бойғы арманының орын­далуы, яғни қазақтың Ренессанс ғасыры болмақ. Тәуелсіздік социалистік әдет, дағды, дәстүр, көзқарастардан арылған сайын нығая түспек. Сол үшін ұрпақтар алмасуы – табиғи қажеттілік. Қазіргі кез – құндылықтардың алмасу дәуірі. Ол үрдіс аяқталып біткен жоқ, себебі, социализм кезінде өмір сүріп, оның құндылықтарын қорға­ған, насихаттаған, сол құндылықтармен өмір сүрген ата, аға ұрпақ өкілдері қазіргі егемен елдің жастарымен бірге өмір сүруде. Мұны ұрпақтар сабақтастығының арасындағы құнды­лық­тар алмасу дәуірі деп атаған жөн. Есте бола­тын жай, елдің құндылықтар алмасуы кезінде орын алған саяси күштер, саясат, құндылықтар ор­нығып, бірсыдырғы тұрақтылыққа түскен кез­дегі саяси күштер мен саясат бір басқа. Біз­дің қазір құндылықтар алмасуы дәуірін басы­мыз­дан кешіп отырған жайымыз бар. Бүгінде елімізді негізінен тәуелсіздіктен отыз жыл бұ­рын, яғни 60-жылдары өмірге келген ұрпақ өкіл­дері басқаруда. Олар билігін 2020-жылдары тәуел­сіз­дік жылдары өмірге келгендерге, 2030-жылдары ғасыр басында өмірге келгендерге өткізетін бол­мақ. Бұл кезде саяси күштер­дің де, саясаттың да мазмұны өзгермек. Үш ұрпақ бірге өмір сүреді, бірақ соның біреуі үнемі басым болмақ (доминанттық қызмет атқармақ). Заман жүгі соған түспек, саясат соларға қатысты анықталмақ, бұл да заңдылық. Осы тұста ұрпақ деген ұғыммен қатар, ұрпақтар легі дегенді көпшілік назарына ұсынбақпын. Ұрпақ легі, ол не? Дәстүрлі қазақ қауымы кезінде айтылған бабалардан «Елу жылда ел – жаңа» деген аталы сөз қалған. Бұл –өркениет үрдістері шарпымаған, ғылым, техника және технология бүгінгі аяқ алысына түспеген, білім қар­қыны жыл сайын еселеп өсіп отырмаған, сөз­дің қысқасы, адам айтып болмас техно­ло­гия­сы бар ақпараттық қоғамның үстемдік құрмаған кезінде айтылған қағида. Қазіргі заманда ел елу жылда емес, он жылда жаңарып, жаңғырып оты­руда. Бұл дәстүр ХХ ғасырда енді. Ай­шық­ты мысал, бірінші жаһандық соғыс 1914 жылы болды, араға жиырма бес жыл ғана салып 1939 жылы екінші дүниежүзілік қырғын соғыс бас­та­лып кетті. Себеп, жиырма бес жыл­дың ішінде әлем өзгеріске түсіп үлгерген еді. 1914 жылы ка­питалистік елдер соғысса, 1939 жылы фашизм мен большевизм арасындағы идео­логиялық со­ғыс болды. Екі соғыстың мазмұны басқа. Немесе, 1975 жылы Хельсинкиде ЕҚЫҰ-ның тұңғыш басқосуы болса, 1979 жылы Париж хартиясы «қырғи-қабақ соғыс» аяқталды деп жария етті. Небәрі төрт жылда әлем өзгерді. Немесе, 1985 жылы Михаил Горбачев «Қайта құруды» бас­тады, 1991 жылы алып империя – КСРО күйреді. Небәрі алты жыл ішінде. Тағы бір мысал, 1986 жылғы «Желтоқсан оқиға­сы­нан» кейін бес жылда Қазақ елінің нағыз Тәуел­сіздікке қолы жетті. Ал, қазіргі заманды алсақ, елдің жаңаруы он жылдың ішінде болуы заң­дылыққа айналып барады. Айталық, Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев­тың ел келешегіне турадан жол тапқан саясаты, Жаңа жерге Жаңа қала, Жаңа Астана салу идеясын ұсынып, он жыл ішінде осы идеяның шындыққа айналуы. Және де, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына 2010 жылғы Жол­дауын­да Қазақ­станның алдағы он жылдықтағы мүмкін­діктерін былай деп көрсеткен еді: ««Қазақ­стан-2030» Стратегиясын орындай оты­рып, алғашқы онжылдыққа бағдарлама жасап, оны тәмамдадық. Ендігі мақсат – осы Страте­гияның келесі онжылдығына қарай қадам жасау». Осы келесі онжылдыққа жасалатын қадам­ның жоспарын «2020 Стратегиялық жоспары – көшбасшылыққа қазақстандық жол» деп белгілеуі. Он жылда ұрпақтар ауыспаса да, ұрпақтар легі ауысып үлгереді. Және де осы ұрпақ легі доминантты ұрпаққа өз ықпалын жүргізіп, оның аяқ басуына, саясатына өз ықпалын тигізіп отырады. Сондықтан баба сөзіне заманға орай түзету енгізсек, «он жылда ел – жаңа». ХХІ ғасыр Қазақ елінің жаңарған Ренессанс ғасыры дегенде, біздің өлшем онжылдықтар тынысы арқылы айқындалып отырмақ. Саясатымыз осылай болса, әлемдік өркениет үрдісінен, ақпараттық технологиядан, постин­дустриа­лық қоғам құрмақ ынтадан алыстамай, нық қадам баса аламыз. Алысты жақындату үшін бір нық қадам қажет. Осы нық қадамды жасаушы ұрпақ легі, оның жасы – он жыл. Елбасының 2030 бағдарламасы – мазмұнды. Оның мазмұнында ұрпақтар алмасу заңдылығы белгіленген. Қай заман болса да қоғамның ең басты құндылығы – адам, ұрпақ. Сондықтан бұл бағдарламада тәуелсіздік жылдары дүниеге келіп, 2030-да қырық жасқа толатын ұрпаққа құндылықтарды өткізу идеясы баяндалған. Қазақтың Ренессанс ғасыры деген елдік тілектен туған ізгі сана – идея. Оның болмысы – Қазақ елінің бүгінгі күні. Ренессанс идеясы – өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастау алып, 1991 жылы егемен ел атанғанда айқындалып, бүгінгі тұрмыс, болмысымызбен толығып, жетіліп, келешекке бастайтын елдік идеяның сара бағыты. *** Қазақтың Ренессанс ғасыры басында тұрған ұрпақ –Тәуелсіздікке құрдас, қазіргі жас ұрпақ. Бұл Болашаққа көшбасшы, отызда «орда бұзып», қырықта «қамал алатын» ұрпақ атанбақ. Бұл – Ренессанс-ұрпақ. Ғарифолла ЕСІМ, академик, сенатор.