06 Шілде, 2011

Фабиан мен Крутойдың ән кеші

338 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше кешке Астананың Орталық концерт залында қала күніне арналған мәдени шаралар шеңберінде Лара Фабиан мен Игорь Крутойдың орындауында «Мадумуазель Живаго» атты шоу-концерт болды. Бұл шығармашылық жобадағы музыка композитор Игорь Крутойдыкі, ал әнін орындаған Лара Фабиан. Л.Фабиан франкотілдес әнші, Бельгияда туған, бі­рақ қазір Канада аза­мат­шасы. Әлемдік төрт тілді мең­герген. Ол 14 жасынан Брюс­сельдің клубтарында ән салады. Мамандардың айтуына қара­ғанда, әлем­дік өте сирек дауыстардың біріне ие, оны лирикалық сопраноға жатқызуға бо­лады. Әндерді орында­ған кезде ысқыра шығатын айрықша дауысы бар. Ол әлемнің көптеген елде­рінің сахнасында ән айт­қан. Соңғы жылдары Ресей сахналарында да жиі көрініп жүр. 2011 жылғы Астанада өткен Қысқы Азиаданың ашылу сал­танатында ән шырқаған. Оның ресейлік композитор Игорь Крутоймен бір­ге дайындаған «Мадумуазель Живаго» шоу-концерті алғаш рет 2010 жылы Ресейдің Кремль­дегі концерт са­райын­да орын­дал­ған. Содан бері әнші мен композитор ара­сында шы­ғар­ма­шы­лық одақ ажыра­май келеді. «Доктор Живаго» – әлемдік сахна шеберле­рі­нің қол жетпес арманы болып жүрген шоулардың бірі. Франкотілдес әншінің жан-жүйеңді босататын да­уысы композитордың тап­қыр­лығымен үйле­сіп, қан­дай тыңдарманды болса да бей-жай қалдыр­майды. Әйел жанының ең түкпі­рінде жатқан лири­калық үн тың­даушыларды еріксіз таңыр­қатып, Мадумуазель Жива­гоның оқиға­сына бойлатады. Бұл шығармашылық одақтың құрылуына бас­тамашы болған композитор Игорь Крутой. Өзінің айтуына қарағанда, ол Фабиан­ның өнеріне көп­тен бері ден қояды екен. Игорь Крутойдың есімін қазақстандық жеңіл музыка әуесқойлары жақ­сы біледі. Ол – қазір Ресейдегі ең бай саз­гер­лердің бірі. Атақты «МузТВ» және басқа да бірнеше телеарналар мен радиостансалардың иесі. Үкімет тарапынан алған атақтары да әріптестерінен анағұрлым көп. Кейбір мамандар Лара Фабианмен шығармашылық одақ құруға да оның бақуат­тылығы себеп болған деседі. Жасы алпысқа жақын­дап қалса да композитор жастар жүрегіне жол табатын жеңіл музыка­ларды шығаруда ешкімге дес бермей келеді. Ол ондаған музыкалық хит­тар­дың авторы. Астананың әнсүйер қауымы кешегі концерттен үлкен ләззат алды деп айта аламыз. Әсіресе, жас ас­таналықтарға ол қатты ұнағаны көрініп тұрды. Жақсыбай САМРАТ.