Еңселі елорданың туған күні елім деп тебіренген әр азаматтың бойын ерекше сезімге бөлесе, енді бірін тойға не тарту етемін деген сұрақтар мазалайды. Олар осы жолда қарлығаштың қанатымен су сепкендей барын салады. Солардың бірі Астана күні мерекесі мен ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық торқалы тойына тарту ретінде велосипедпен Алматыдан Астанаға дейінгі аралықта жолға шыққан Айтекен Бәкәтайұлы ақсақал. Кеше елорда жұртшылығы осыдан бір жеті уақыт бұрын ару Алматыдан арқа төсіне бет алған ақсақалды «Бәйтерек» монументінің алдында салтанатты жағдайда қарсы алып, сый-сыяпаттарын көрсетті.
Жетпістің желмаясына мінген ол жасым келді деп қарап отыратындар қатарынан емес. Күніне 180-190 шақырымды артқа тастаған қария бұл жолға айға жуық дайындалыпты. – Алматыдан Астанаға велосипедпен жүрудегі үш мақсатым бар. Біріншісі, әрине, Астана күніне орай болса, екіншісі Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы, ал соңғысы Қазақстанды төрткүл дүниеге танытуда ерен еңбегімен ерекшеленген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күні құрметіне тартуым болып табылады,- дейді саламатты спортты жанына серік еткен Айтекен ақсақал. Сондай-ақ, ол журналистерге жолай кездескен қиын да, қызықты сәттерден де әңгіме өрбітті. Мәселен, Балхашқа жеткенде жел соғып, қиыршық құм борағаннан аздаған қолайсыздықтар орын алса, жолда тамақтанатын асханалардың аз болғанын да айтады. Алайда, ол ұлттық сусынымыз қымыз бен қасиетті қара нанның арқасында бұл қиындыққа да тосқауыл қоя білген.
Қытай Халық Республикасының Кінсуар- Құлжа қазақ облысы, Тарбағатай ауданы, Дүрбіжін ауданы, Жылантыл ауылында дүниеге келген А.Бәкәтайұлы 2007 жылы Алматы-Үрімжі, ал 2008 жылы Тарбағатай-Пекин жерлерін (барлығы 4300 шақырым) жүріп өткен. Алдағы уақытта ақсақал бұйыртса, 2012 жылы Лондонда байрағы көтерілетін ХХХ жазғы Олимпиада қарсаңында сол жаққа велосипедпен сапар шегуді жоспарлап отыр. Алдына осындай үлкен мақсат қойған қарияға сәттілік қашанда серік болғай.
Қызғалдақ ЗҰЛПЫХАРҚЫЗЫ, студент.