06 Шілде, 2011

Қайдан келдіңіз? Қала сізге қандай әсер қалдырды?

460 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ӘЛЕМ ТАНЫҒАН ӘСЕМ ШАҺАР Мен Шымкент қаласының тума­сымын. Бірақ, 1994 жылдан бері Лос-Анжелос, Нью-Йорк қалаларында тұ­рып келемін.  Қазақстанға, оның ішінде Астанаға жыл сайын келмесем де, келіп-кетіп жүрген уа­қыт аралығын ұзатқан емеспін. Десек те, осы жыл­дың өзінде бұл менің Астанаға екінші рет табан тіреуім. Астананы, Қазақстанды, Елбасымызды бүкіл дүние жүзі бүгінде толықтай таныды деп айта аламын. Өткен жылы Қазақстанның төрағалығымен өткен ЕҚЫҰ, биылғы Ислам конференциясы ұйымының басқосулары соның айшықты дәлелі. Мен кинорежиссер ретінде Еуропаның көптеген елдері мен қалаларында болдым. Алайда, Астана сияқты қарқынды дамып, өзінің болашағы жолында құлашын кеңге жайып келе жатқан бірде-бір қаланы кезіктірген емеспін. Бұл ретте Астана дүние жүзі елдеріне үлгі болып, көштің алдында келеді. Және бір ескеретін жәйт,  менімен бірге Қазақстан жеріне келіп отырған әріптестерім, әрі жақын досым Арманд Ассанте, Мишель Родригес секілді басқа да әлем жұлдыздарының Астана жайлы пікірлері осындай. «Қазақстанды Еуропа елдері біле бермейді» деген жаңылыс пікір бар. Оған стереотип ретінде қараған жөн. Ондай пікірлерден бойды алыс ұстайтын заман жетті. Астананың болашағы бұдан да зор екеніне сенімім нық. Еркін Ялгашев, америкалық кинорежиссер. * * * БАС ҚАЛАМНЫҢ БОЛАШАҒЫ БАЯНДЫ Астана қаласының өсіп-өркендеуі менің көз алдымда өтті. Қызмет бабында талай-талай қалалардың дәмін таттым. Бірақ, осы туған қаламдай көрікті де, ыстық қаланы көрген емеспін. Біз өзіміздің жұмыс бабымызға байланысты соңғы жылдары Астанада өтіп жатқан халықаралық ірі бас­қосулардың, форумдардың ұйымдастыру шараларында жүрдік. Бүкіл дүние жүзінің назарын аударған ЕҚЫҰ саммиті мен ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлерінің басқосуында біз қаламыздың тыныштығы мен тәртібін сақтау мақсатында ерекше ұйымшылдықпен еңбек еттік. «Сырт көз – сыншы» демекші, келген қонақтардың пікірін тыңдағанда, біздің бас қаламыздың сәулеті мен сәніне ерекше ризалықтарын сезініп, көңіліміз қуанышқа кенелетін. Төрткүл дүниенің назарын аударған осындай халықаралық ірі шараларға Астана қаласының дайындығы ерекше болды. Азияда ойындары кезінде де дүние жүзінің түкпір-түкпірінен жиналған қонақтар осындай ірі шараға қаланың ерекше дайын­далғандығына тәнті болды. Міне, дәстүрлі Астана күні мерекесінде қаламыз тағы да құлпырып шыға келді. Маған Астананың архитектуралық сәулеті айрықша әсер етеді. «Хан Шатыр», «Бәйтерек», «Пирамида» сияқты әлемдік сәулет өнерінің стандарттарымен салынған дүние жүзілік архитектуралық ансамбльдер қатарына кіретін астаналық ғимараттар көрген жанның көңілінен шығатындығы даусыз. Бас қаламның болашағы баянды болатыны хақ. Жанат МАХАМБЕТОВА, Астана қаласы ІІД-нің кәмелеттік жасқа толмаған балалар жөніндегі инспектор.