Мен алыстағы Алтай ауылында тұрамын. Ата-анам қатардағы еңбек адамдары. Әкем Еламан мәдениет қызметкері. Ауылдағы мәдени-саяси шараларға етене араласып жүреді. Кішкентай кезімде олардың ауыз екі әңгімелерінен егемендік алғаннан бергі еліміздегі оң өзгерістер жайлы естіп өстім. Тәуелсіз мемлекетіміздің табыстарын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев есімімен байланыстыратынына куә болдым. Есейе келе өзім де Нұрсұлтан атамның нұрлы жүзін теледидардан көріп, мерзімді басылымдардан оқып, ұлтының қамын жеген ұлы адам екеніне көз жеткіздім.
Тым алысқа бармай-ақ, ауылымызда, мектебімізде болып жатқан жаңалықтар көз алдымызда. Күннен күнге тұрмыс түзеліп, көптеген игіліктерге қол жеткізіп келе жатқанымыз өңірде айқын көрінуде. Әрине, осының бәрін бала қиялдан өткізе келе, Елбасыға деген іңкәрліктің арта түскенін өзім де байқамадым. Әйтеуір, бұл кісінің нұрлы жүзінен мейірім шуағы төгіліп тұратынына тәнті болатынмын. Мүмкін ол кезде Елбасынан сыйлық аламын деп ойламаған да шығармын. Бәрі аяқ астынан болды...
Өткен жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев халықпен тікелей эфир арқылы жүздеседі дегенде біраз қобалжыдым. Дегенмен, тәуекелге барып, компьютерім жоқ екенін жеткіздім. Шыны керек, менің өтінішім Елбасына жететініне сене қойған жоқпын. Нұрсұлтан атамнан сыйлыққа компьютер алғанда, қуанышымда шек болған жоқ. Президентке өтінішім жеткеніне бір қуансам, мені баласынбай үлкен басымен кішіпейілділік танытқан Нұрсұлтан атама ризашылығым шексіз болатын.
Бұл мені шын мәнінде қанаттандырды. Елбасының елжіреген көңілі мен сенімі мен үшін үлкен жауапкершілік жүктейді. Әзірше менің қолымнан келетіні, сабағымды жақсы оқып, тәрбиелі-тәлімді болып өсу екенін білемін. Қазір оқу озатымын. Болашақта жоғары оқу орнына түсіп, жақсы маман болып, елімнің ертеңгі іргелі істеріне өз үлесімді қоссам деген арманым бар. Мен Нұрсұлтан Әбішұлының дені сау болып, елін жаңа биіктерге бастай берсін деп тілеймін.
Нұрқанат ҚИЯҚБАЕВ, А.С.Пушкин атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы.
Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы.