06 Шілде, 2011

«Елім!» деген Елбасы еліненбіз

609 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Елбасының жиырма жылдан бергі көксеген арманы мен көздеген мақсаты – Қазақстан халқының әл-ауқатын нығайту екені белгілі. Қуаныштысы сол, елдегі бірлік пен берекенің арқасында Елбасы да, ел де, міне, осы арман мен мақсатқа біртіндеп қол жеткізіп келеді. Әрине, «дағдарыс», «инфляция» деген жегі құрттың қай елде, қай жерде болмасын ең бірінші бюджеттік мекеме қызметкерлерінің қалтасына ауыз салатыны өтірік емес. Дей тұрсақ та, дүние жүзін қалтыратқан экономикалық дағдарыстың салдарына үңілсек (мысалға, бір ғана Грекияны алайық), Қазақстан халқының әлеуметтік жағдайының анағұрлым жақсы екеніне көз жеткізе түсеміз. Оның үстіне біздің елде өнеркәсіп пен экономика жылдан-жылға дамып, соның тамаша дәлеліндей жалақы, зейнетақы, әлеуметтік жәрдемақылар да өсіп отыр. Ал бұл өсіп-өркендеуге ешқандай қиындық, тосқауыл болған жоқ. Нақты мысалды алыстан іздемей, өзім басшылық ететін шағын ұжым өмірінен алайын. Кеңсе қызметінің қағазбасты тірлігіне ерте келіп, кеш қайтатын бас маман, мысалы, бұған дейін 54 207 теңге көлемінде айлық алып келсе, енді 1 шілдеден бастап 70 469 теңге алатын болды. Ал бөлім бастығы 101 мың теңге көлемінде айлық алса, енді 130 мың теңге алады. Демек, бұл бюджеттік мекеме қызмет­керлерінің айлығы 200 АҚШ долларына жуық көбейіп отыр деген сөз. Ендеше, Елбасына, дағдарысқа қарсы тұра білген оның дарабоз саясатына бюджеттік мекемеде еңбек ететін барша қызметкерлер шын жүректен риза дер едім. Әрине, «Еңбек етпеген ішіп-жемейді» дегендей, Елбасының қамқорлығын арқаланып, қол қусырып отыруға болмайды. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген сөз де осы ойды шегелей түседі. Сондықтан еліміздің өркениетті, бақуатты және бейбіт болашағы үшін Елбасы сенімінің үдесінен шығып, алдағы уақытта тек қана бар күш-жігерімізді жұмсап еңбек ете берейік. Өйткені, біз «Елім!» деген Елбасы бар елден боламыз! Қырғызәлі ТІЛЕУОВ, Жамбыл облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы.