06 Шілде, 2011

Қанаттандыратын қадам

315 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Жер – Теңіз – Аспан» ықпалдастырылған инвестициялық жобасының бір саласы – біздің университеттің соңғы жылдары аты да, заты да өзгерді. Оған Елбасының қолдауы мен қамқорлығы тікелей әсер етті. Олай дейтінім, тәуелсіздік жылдары ішінде заман талабына сай қайтадан құрылып, ен далада ерекше сәнді де зәулім ғимараттар қалашығының пайда болуы Нұрсұлтан Әбішұлының осы жобаны қолдап, қамқорлық жасауынан басталды. Ал өткен жылы Елбасы Маңғыстау облысына жұмыс сапары кезінде білім орда­сына келіп, жаңа сипаттағы оқу орнымызға оң баға берді. Сол сапардан соң үлкен жүзу бассейні бар екі қабатты спорт кешені мен студенттік жатақхана құрылысы басталып, қа­зір қарқынды жүруде. Осы жылы инжиниринг орталығы мен кітапхана құрылысы басталды. Университетіміз бүгінде толықтай халықаралық дәрежеге жетті деуге болады. Олай дейтінім, Ресей, Қытай, Грузия, Өзбекстан, Түркия, Әзербайжан және Қырғызстаннан келген студенттер білім алуда. Білім ордамыз қазірдің өзінде Куба, Иран, Польша, Әзербайжан елшілерімен бірлесе жұмыс істеуге келісім жасасуда. Қамқорлыққа орай жетістіктеріміз де баршылық. Өткен жылы ордамызда болып жастарға ақ батасын берген Елбасы тілек жазатын құрмет кітабына: «Университет ұжымына білікті кадрлар дайындап, Маңғыстау облысының, елдің индустриялық-инновациялық дамуына үлес қосуын тілеймін. Қазіргі заман талабымен игеріп жатқан мамандықтарыңыз еліміздің көркеюіне жұмсалсын! Университеттеріңіздің жаңа оқу ғимараты құтты болсын! Н. Назарбаев, 09.06.2010» деп лебіз білдіріп еді. Біздің мақсатымыз Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті, жастардың қамқоршысы Нұрсұлтан Әбішұлының сол тапсырмасына сай еңбек ететін болашақ иелерін тәрбиелеу бола береді. Әбдімүтәлліп ӘБЖАППАРҰЛЫ, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің ректоры. Ақтау.