Астана қалалық мәдениет басқармасының бастамасымен, «Наз» мемлекеттік би» театрының ұйымдастыруымен Елордадағы К.Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театрында «Нұрғиса» хореографиялық спектаклінің тұсауы кесілді.
– Қазақтың әйгілі күйші-композиторы, дәулескер домбырашы, «Отырар сазы» этнографиялық-фольклорлық оркестрінің жетекшісі Нұрғиса Тілендіұлы өзінің 73 жылдық ғұмырында қазақ халқының музыкалық мұрасын, мәнді де мағыналы шығармаларымен байытқан тұлға. Көзі тірісінде де, өмірден өткеннен кейін де оның талантына бас имегендер кемде-кем.
Даңқы асқан композитордың сәби кезеңінен бастап, балалық шақ, музыкаға бейімделу барысы, сонау соғыс жылдары мен одан кейінгі кезеңдегі музыкадағы қайраткерлігін, күйші-композитордан Халық қаһарманы атанғанына дейінгі кезеңді қамтыған қойылым «Дүниеге келуі», «Балалық шақ», «Жастық шақ», «Шыңдалу», «Алып тұлға» деген бес бөлім арқылы көрініс тапты. Қойылымның премьерасын тамашалау үшін жиналған қауымның көптігі зал ішіне қойылған қосымша орындықтардан анық байқалды.
Қойылым 1925-1927 жылдардағы Алатау бөктерінде орналасқан қазақ ауылының жазғы жайлауға көшкен кезінен басталады. Сахна төрінде – ел тынысы. Елге сыйлы жыр дүлдүлі Жамбыл да осы ортада. Жайлауда ауыл ақсақалдары «Ерулік» тойын жариялап, елшілер арқылы көрші аймақтар тойға шақырылуда. Алатау бөктерінің ақындары, балуандар, көкпаршы шабандоздар, сал-серілер мен әнші-домбырашылар, қолөнер шеберлері, сондай-ақ кестеші қыздардың келгендері жарияланылып, елге таныстыру сәтінде дүниеге ұл келеді. Бұл сәби – Нұрғиса болатын. Осылайша, бұл бөлім балалық шаққа ұласып, бала Нұрғисаның өмірінен толық сыр шертті. Келесі көріністе, асыр салып ойнап жатқан балалар арасына Жамбылдың домбырасын алып, бала күйші Нұрғиса келді. Ол отыра қалып, күй шерте бастағанда, барша бала өнеріне сүйсіне қарап қасына отыра қалып, ән әуезіне ене түскендей әсер қалдырып жатты. Жанынан өтіп бара жатқан Ахмет Жұбанов домбыраның дыбысын естіп, сыртынан бақылап, тыңдап тұра қалып, оның бойына біткен дарыны мен табиғи қабілетіне қайран қалып, қолынан жетектеп өзімен бірге алып кетеді.
Осы кезде сұрапыл соғыс жайлы ел ішіне суық хабар келіп, әскер қатарына жарамды деген жігіттер, ел ағалары соғысқа аттанып жатқан тұста жас Нұрғиса да өз еркімен соғысқа сұрануы көркем суреттелген. Жеңіс туы желбіреп, соғыстан аман қайтқан азамат қолына нота жазбаларын алып Мәскеуге аттанады. Ол жақта ұстаздардан тәлім-білім алып, дирижерліктің қыр-сырын үйреніп, шебер күйші-домбырашы, кәсіпқой дирижер ретінде Алматыға оралады. Сөйтіп, кемелденген кезінде Нұрғиса бір бойжеткенді кездестіріп, оның бойындағы әйел затына біткен сұлулық пен нәзіктікті байқап, ғашықтық сезімдері көкірегіне жыр қосып, ерекше шабыт берген еді. Бұл кезде халық Нұрғисаны нағыз талант иесі ретінде мойындаған болатын.
Қойылым Нұрғисаның бастамасымен құрылған «Отырар сазы» этнографиялық-фольклорлық оркестрінің ашылуымен және сазгер шабытының шырқау шегіне жеткен тұсы мен КСРО халық әртісі атағына ие болған кезеңді де қамтыған екен. Ал оның соңы Халық қаһарманы атағына ие болуымен жалғасты. Хореографиялық қойылым композитордың «Сарыжайлау», «Өз елім», «Куә бол», «Ата толғауы», «Құстар әні», «Әлқисса», «Жан сәулем» шығармаларымен ажарлана түсті. Қойылымды композитордың жұбайы Дариға Тіленді келіні тамашалап, өзінің жүрекжарды алғысын білдірді.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.