08 Шілде, 2011

Күлкіден шаттық сыйлады

482 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Астананың туған күнін айрықша етіп атап өту жылдан жылға мағыналық жағынан толысып келеді. Осы күні қала тұрғындары мен қонақтарына шаттық сыйлау әрбір өнер адамының асқақ арманына айналғандай. Сондай мерекелі көңіл-күй сыйлаған концерт Конгресс-холда «Көңілді Астана. Базар жоқ!» деген атпен болып өтті. Негізінен концерттік бағдар­лама сағат 17 және 20-ға белгіленсе, келушілердің көп бол­ғаны сонша билеттер қолдан қолға өтті. Концертке тіпті қарт­тар мен арбаға таңылған мүге­дек жандар да келіпті. Бұл мезет іште қызу дайындық жүріп жатқан-ды. Біз ұйымдастыру жұ­мыстарымен шапқылап жүр­ген Астана қалалық көңілділер мен тапқырлар театрының бас әкімшісі Бағи Бақытбекті бірер минутқа сөзге тартып үлгердік. Оның айтуынша, бірінші концерт қайырымдылық шарасы болғандықтан, билеттер жетімдер үйіне, мүгедек жандарға және зейнеткерлер мен тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға тегін таратылған. Мұндай концерттік бағдарламаны ұйымдас­тыруға қалалық әкімдік пен мәдениет департаменті ұйытқы болыпты. Осы ретте концерттің ерекшелігі сол, пародиялық монологтарды әр актер жеке жеке орындап, артынан эстрада жұлдызы ән шырқайды. Осы­лайша актер мен эстрада жұл­дызы жұптасқан тоғыз топ бір-бірімен сайысқа түседі. Қай топқа көрермен көбірек қол соқса, сондай-ақ арнайы бақы­лаушылардың шешімі бойынша сол жұпқа баға беріледі. Кеште театр әртістерімен бірге эстрада жұлдыздары Мәдина Садуа­қасова, Досымжан Таңатаров, «Бәйтерек» тобы, Заттыбек Көп­босынұлы және өзгелері бақ­тарын сынасты. Сахнаға шыққан алғашқы жұп әртіс Олжас Сыдықбеков пен әнші Мәдина Садуақасова болды. Олжас бұл жолғы қойылымында Астана қаласы­ның әкімі Иманғали Тасмаған­бетов­тің ел алдындағы есебін әзілге бұрмалап, пародиялық тәсілмен әкім бейнесін сомдады. Мәдина өзінің назды да­уысымен тыңдармандарын саз­ды әнге қанықтырды. Сөйтіп, бұл жұп көрерменнің ықы­ласына бөленіп, ең жоғары баға алғандардың қатарынан табыл­ды. Келесі жұп ерлі-зайыпты Қайрат пен Бақыт Домбаевтар да өзіндік өнерлерімен көпшілік көңілін қуантты. Әсіресе Ба­қыттың шырқаған әні зал ішінде ерекше қалықтады. Оның үстіне сахна төрінде қолдан қолға ұшып-қонып жүрген аппақ қардай кептерлер өзіндік жара­сымын тапқандай әсер берді. Басқалары да бұл үдеден шық­ты. Мысалы, мына әзіл қала күнін аша түскен әдемі бір әзіл болды. Бұрын қайдан келдің десе, Астанадан десең, «ойбай, ма­сасы сойқан, қақаған суықта қалай тұрып жатырсыңдар?!.» деп таңданып жатса, қазір «о», деп таңырқайтын болды, деген әзілдің артында үлкен шындық жатқаны әртістің аузынан ерекше көңілді шықты. Театрдың ди­ректоры әрі көркемдік жетекшісі Тұрсынбек Қабатовтың сөзімен айтқанда, бұл мереке Қазақ елінің елорданы паш еткен мерекесі болды. Тағы бір белгілі болғаны, былтыр 23-ші қыркүйекте құрылған театр жаңа әртістермен толығып, өз репертуарын кеңейте түсіпті. Жалпы театр алда жаңа қойы­лымдар мен бағдарламаларын ұсынуды ойластыруда. Үш сағатқа созылған концерттік бағдарламада жеңіл әзіл­мен қатар саяси салмағы басым қалжыңдар да көрермен көңі­лінен шықты. Бір байқа­ғаны­мыз, қазіргі юмордың өмір көшінен қалмай келе жатқан­дығы. Астана күніне тарту болған концерттік бағдарла­маның қала тұрғындары мен қонақтарына сыйлаған күлкісі көпке дейін көңілде қалары сөзсіз. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.