08 Шілде, 2011

Электр энергиясын алатын шикізат мал фермасында болып шықты

350 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Өткен жылы облыстық ішкі саясат бас­қар­масы ұйымдастырған баспасөз туры са­па­рымен журналистер, саяси партиялар жә­не үкіметтік емес ұйымдар өкілдері облыс­тың бірнеше аудандары мен қалаларын аралап шыққан болатын. Онда топ мүшелері өңірде атқарылып жатқан игі істерге қа­нықты-инвестициялық жобалардың, яғни жа­ңа кәсіпорындардың өніміне, бой кө­тер­ген әлеуметтік нысандардың жұмысына, әлеуметтік бағдарламалардың атқарылу ба­ры­сына куә болған еді. Ал бұл жолы олар мінген автобус Қарасу ауданына келді. Бас­пасөз туры сапарына қатысқандарды қарсы алған аудан әкімінің орынбасары Бекболат Уәлиев қонақтарға аудан туралы жан-жақты айтып берді. Облыс орталығынан шалғай жатқан Қарасу облыстағы ірі аудандардың бірінен саналады. 700 мың гектар жерге егін еккен қарасулық диқандардың биыл көңілі көтеріңкі. Жаңбырлы жыл қарасулық диқан­дарға екі жыл бойы жердің апшысын қуыр­ған қуаңшылықты ұмыттырғандай. Егін ал­қаптары жайқалып тұр. Негізі, Қарасу – қа­шан­нан Қостанай өңіріндегі астықты аудан. Қарасулықтар «нан болса, ән де болады» деген қанатты сөздің маңызын жеңілдеткен емес. Астықтың арқасында соңғы жылдары ауылдың әлеуметтік жағдайы жақсара түсті. Қазір 40 мектеп, 41 денсаулық сақтау мекемесі жұмыс істеп тұр. Клубтар мен стадиондар, спорт алаңдары да біртіндеп қалпына келтірілуде. 2009 жылы қарасулықтар аудан­ның құрылғанына 70 толуын атап өткенде тойға тамаша тарту жасалды. Ауданда бірінші рет музей ашылды, спорт мектебі пай­далануға берілді. Қазір аудан спортшылары республикалық жарыстардан шаң беріп жүр. Аудан басшыларымен кездесуде тек жетістіктер ғана емес, өңірдің өзекті мәселе­ле­рі де көтерілді. Ауылды дағдартып, еңсесін басып кеткен 90-шы жылдардан кейін Қа­расу аймағындағылар ауыз суға жарыған емес. Бұрын Есілден тартқан құбырдың бар­лығы да тозған соң, жұрт ащы құдықтың суы­на қарап қалған еді. Міне, соңғы жыл­дары республикалық бюджеттен бөлінген қар­жыға негізгі магистраль тарту жұ­мыс­та­ры жандана бастады. Биылдың өзінде бұл мақсатқа 410 миллион теңге бөлінді. Ауыз суды Қарасу ауданының орталығындағы, аудандағы ірі Октябрь елді мекеніндегі, Шалғышы стансасы мен Железнодорожный селолық округіндегі әр үйге кіргізу үшін республикалық бюджеттен 80 миллион теңге қаржы бөлінді. Қазір мамандар оның жоба­лау-сметалық жұмыстарын дайындауға кірісіп кетті. Үстіміздегі жылы Қарасу өзенінің аңғарын тазалау жұмыстары жүргізілді. Бұл көптен бері кезегін күткен шаруа еді. Соның арқасында Қарасу ауылы мен оған жақын елді мекендер суға жарып қалды. Өзеннің суы ауыз суға пайдалануға жарамаса да, тұр­ғындардың бақшасы мен малын суаруына молынан жетеді. Барлық ауылдардағы сияқ­ты Қарасуда да жолдың «жыры» көп. Үсті­міздегі жылы аудан ішіндегі Қарасу мен Қой­бағар стансасы арасын қосатын тас жол­дың жеті шақырымы жөнделеді. Журналистер десанты ауданға жемшөп дайындау науқанының қызып жатқан кезінде келді. Сондықтан аудан басшыларына қо­нақ­тар тарапынан берілген сауалдар осы мәсе­ле­ні жиі төңіректеді. Өйткені, өткен жылдар­ғы қуаңшылықта жемшөптің азабын тарт­қан­ның бірі осы аудан болатын. Облыс көле­мінде шөптің тоннасы 15 мың теңгеге дейін жеткен еді. Ал қорадағы бес-алты уақ малы мен екі сиырының бетіне қарап отырған ауылдағы ағайын үшін жемшөп күн көрістің көзі болып саналады. Қазекем «мал-жаның аман ба?» деп, жаннан бұрын малдың аман­дығын бекер сұраған дейсіз бе? Ауылда мал ұстамағанның күні жоқ. Ал соңғы жылдары жайылымның тарылып, шабындықтың азып кетуінен ауылдағы ағайынның тұзы сор болып отырған мекендер аз емес. Өткен жылы қарасулықтар малына облыстың өзге аудандарынан шөп тасып беріп, қыстан әупі­рімдеп шықты. Аудан басшылары биыл екі жылдық жемшөп қорын жасауға талпыныс үстінде екен. Бүгінде жеке сектордың қора­сында 46 мың бас, шаруашылық субъекті­лерінде 12 мың бас мал бар. Иә, малдың дені жеке секторда. Ал техника мен күш-қуат жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен шаруа қожалықтарында. Жылдағыдай, мұн­да да шаруашылықтар жеке секторға шөптен қарасады, шаруа оның тоннасын 7 мың теңге шамасында болады деп болжайды. Кездесуде жеке сектордағы мал үшін ветеринарлық қызметтің кемшіндігі, мамандардың тап­шы­лығы да айтылмай қалмады. Баспасөз турымен келген журналистер, сая­си партиялар, өзге де үкіметтік емес ұй­ымдар өкілдері ғана емес, Қарасу ауданына беттеген кім болса да осындағы мал көңін пайдалану арқылы электр энергиясын өнді­ретін қондыр­ғыны көруге асығып жетеді. Өйткені, мұндай қондырғының елімізде әлі теңдесі жоқ. Әш­е­йінде шаруалар құтыла алмай далаға шығарып тастайтын малдың қиы енді электр энер­гия­сын өндіруге қажетті ши­кізатқа айналып отыр. Украинадан әкел­ген бұл қондырғыны «Қа­ра­ман и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мал тұратын баз­дың дәл жанына орналас­ты­рып­ты. Тасып та әуре болмайды. Мұндай қон­дырғымен ук­раин­­дықтар шаруашылыққа жететін электр энергиясын алып отырған кө­рі­неді. «Биогаз» қондырғысы таяудағы уақытта толықтай іске қосылғанда жылына 3 мың киловатт электр энергиясын өндіретін болады. Шаруашылық директоры Серік Қажиевтің айтуына қара­ғанда, қондырғы өндірген электр қуаты ша­руа­шылық қажетіне толық жетеді. Сонымен қатар мал базаларын, техника паркіне жылу да осы қондырғымен өндіріледі. – Шаруашылықта 4,5 мың ірі қара, жылқы бар. Барлығы да асыл тұқымды мал. Өткен жылы мал бордақылау алаңын іске қостық. Компьютер заманында ауыл шаруа­шы­лығын қалай электр энергиясынсыз елестетесіз? Сондықтан осы «Биогаз» қондыр­ғысы болашақтың өндірісі деген сеніміміз бар. Қалдықсыз технология дегеніңіз осы болар. Мұнан шыққан органикалық қалдық егіс даласына таптырмайтын тыңайтқыш, –дейді шаруашылық басшысы Серік Қажиев. Баспасөз турына қатысқан саяси партия және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қара­сулықтар ісіне ризалық танытты. – Тәуелсіздік алған 20 жылдың ішінде ауыл көп қиындықты бастан кешті. Бірақ қазір оны құлдыратпай ұстап тұру емес, гүлдендіруге бет алдық. Қарасу ауданында да оның тамаша мысалдарына куә болдық. Бұл еліміз үшін үлкен жетістік, – дейді Қа­зақ­стан Коммунистік халықтық партиясы об­лыс­тық филиалының төрағасы, профессор Дмитрий Легкий. Облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Адал көмек» қоғамдық қоры бірлесіп ат­қарған баспасөз туры мұнымен тоқтамақ емес. Алда облыстың басқа аудандары мен қалаларына сапарлар тұр. – Мақсатымыз – Президент басшылы­ғы­мен елдегі республикалық, облыстық дең­гейде жүзеге асырылып жатқан даму бағ­дар­ламасы туралы жұртшылықты ақпараттан­дыру. Осы орайда баспасөз туры тиімділігін көрсетіп отыр, – дейді облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Нұр­хан Нөгербеков. Алдағы сапарларда да баспасөз турына қатысушыларды таңғалдырар істер күтіп тұр­­ғанына ешкімнің күмәні жоқ. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай.