08 Шілде, 2011

Жан мөлдірлігі

504 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Көпіртіп көп жазса да көзге іліне бермейтін қаламгерлер болады. Ал сара ойлап, сирек қалам тербеуімен-ақ, кейде тіпті бірер шығармасымен де жаныңа жақын тартып кететіндері қаншама? Сондай талғампаз жас жазушының бірі Мәлік Отарбаев екенін айтуымыз керек. Міне, сол себепті де сөзімізге дәлел ретінде оның «Ан Арыс» баспасынан шық­қан «Ой­қазан» кітабының маңызына сәл тоқталмақпыз. Бұрын бұқаралық ақпарат құрал­дары арқылы Мәліктің жазған-сыз­ғандарына назар аударып жүретінбіз. Бәрі есте қалмағанымен, оның бірсыдырғы әдеби-философиялық ой-толғамдарына тұшынғанбыз. Мына кітабын да құмарлықпен қолға алып, оқығанымызда автордың жүрегінен шыққанының жүрекке жетіп жатқанына кәміл сене түстік. Бұл кітапқа қоғам, заман, тағдыр туралы ой-толғаулары топтастырылыпты. Нақтырақ айтсақ, әдеби-философиялық, педагогикалық, психоло­гия­лық жағынан ақыл-санаға шуақ түсіретін қыс­қа толғаулар – оқырмандарынан лайықты бағасын алатынына сенімдіміз. Бір атап өтерлігі сол, адамдар арасындағы қарым-қатынас, өмірлік құндылықтар, асыл сезім, көркем мінез қалыптастыру тақырыптарындағы мәнді ой-көзқарастар қызғылықты жазылуымен де тартымды оқылады. Жетеге жете түседі. Терең ойларға бастайды. Кітаптың ерекшелігі – рухани әлемімізді байытып, ақиқатты тануға жетелейтіндігі болса керек. Аталмыш еңбек «Өмірдің өзі – Рамазан», «Ақиқаттың ажары», «Жалғыздықтың жолы», «Та­банға кірген шөгір», «Ой намысы», «Сараң садақа», «Өмірсіз өлім мен өлімсіз өмір» және «Ескендірдің жеңілісі» деген тараулардан тұрады. Әрқайсысының көтеріп тұрған жүгі бар, айтар ойы, салмақты пайымы мол. Бәрі де имандылықтың алтын шуағына ма­лын­ған көкірек тазартар нұрлы жазулар дәрежесіне көтерілгені мар­ха­батқа бөлейді екен. Автордың: «Ақ­ыл-санасына ілім мен ғылым, кө­кі­ре­гіне сенім мен имандылық қондыр­ған адам өмірге жауапкершілікпен қарайтыны даусыз. Себебі, ол әрбір іс-қимылының есебін Ұлы Сотта беретініне кәміл сенеді», деуінде қан­шалықты мән жатыр десеңізші. Сондай-ақ кітаптағы: «Ысырап­шыл­дық ырысты, ашқарақтық азық­ты азайтады», «Күнә мен қателік. Екеуі ұқсас, әртүрлі ұғымдар. Осы ұғымдарды толық ұқпағандар иман­дылық жолымен жүруден тартынады», «Рухани кемелділік және ұрпақ тәрбиесі ауызға түскен адал азықтан басталады. Азықтың адалдығы өзінде ғана емес, қай жолмен келгендігіне де бай­ланысты», «Кейбір жандар әйнек іспеттес... Өз­ге­ні көрсетеді, бірақ өзін байқатпайды», «Сұлу әйел – гауһар тас, ибалы әйел – қазына», «Ғылым мен ілім жүрекке қонбаса, сенім-нанымның қа­лып­тасуы екіталай... Жүрекке қонған ілім амал жү­зін­де көрінбек», т.б. осы тектес ой сүзгісінен өткен мәтіндер оқырманын толғанысқа түсірері хақ. Мәліктің мөлдір шықтай ой орамдарының бәрі де тұжырымды тақырыпшалармен беріліп, оқыр­ма­нына бірден дәмін таттырып тұратындай. Ал ондай талғампаздықпен екшелген суыртпақ сыр­ларды тамсанып оқып ой түю, сабақ алу, өмірлік кәдеге жарату әркімнің жүрек қалауының ісі болса керек. Қорыта айтқанда, «Ойқазан» тағылымдары автордың ақындығымен де әрленген жан мөл­дірлігінің тамшылары белгісіндей, көңілге жата қояды. Ләззаттандырады. Жазарың көп болсын, шабытыңның тайқазаны маржан сөздерге дөп толсын, інім! Қайсар ӘЛІМ. Астана.