Алматыдағы Ұлттық кітапханада Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы аясында және Астана күніне орай «Астана – Отанымыздың жүрегі» атты кең ауқымды кітап көрмесі ашылды.
Алматы қаласы әкімдігі мен Ұлттық кітапхананың бірлесіп ұйымдастыруымен ашылған көрмеге кітапхана қорынан алынған қазақ және орыс тіліндегі 2 мыңнан астам әдебиеттер қойылған. Онда Сарыарқа төріндегі Елорданың бүгінгі күнге дейінгі дамып, өркендеуі жайлы сыр шертетін еңбектер бар.
Ұлттық кітапхананың бас директоры Гулиса Балабекованың айтуынша, бұл ауқымды көрмені Астана күні мен Елбасының туған күніне және ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнаудағы басты мақсаттары – көркейіп, гүлденіп келе жатқан Астанамызды көрсету. «Өйткені, бүгінгі Елордамыз – қарыштап дамыған мемлекетіміздің символы болғандықтан, соны оқырмандарымызға мақтанышпен жинақтап көрсетуге тырыстық» дейді ол.
Көрме аясында «Қазақстан Мэтрдің көзімен» атты ел Президентінің тұңғыш жеке фотографы Иосиф Будневичтің фотосуреттерінің көрмесі ашылды. Көрмеге 70-тен аса фотосуреттер қойылған.
– Ең алдымен Қазақстан халқын ел тәуелсіздігінің 20 жылдығымен құттықтаймын. Біздер көрмеден Қазақстанның жаңа астанасы жайында көптеген мағлұматтарға қанық болдық. Ондағы кітаптар, фотоальбомдардан қазіргі заманға лайықты, модерлендірілген, күн сайын өркен жайып келе жатқан республиканың жүрегінде орналасқан Астананы көрдік. Алдағы уақытта да қазақ елінің бұдан да әрі өсіп, өркендеуіне куә боламыз деп ойлаймын, – деді көрме қонақтарының бірі Иран Ислам Республикасының еліміздегі елшісінің мәдениет жөніндегі кеңесшісінің орынбасары Мохаммед-Реза Саттари мырза.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.