Қала күні қарсаңында корей халқының ұлттық тағамы «Кимпаб» роллы әзірленді. Осылайша отандық аспаздар Гиннестің рекордтар кітабына кіруді көздеп отыр.
«Кимпаб» – адам ағзасы үшін өте пайдалы әрі жедел дайындалатын тағамның бір түрі. Оның негізгі құрамында теңіз капустасы мен түрлі дәмдеуіштер қосылып қайнатылған күріш бар. Сонымен бірге, әр адамның талғамы бойынша тұздалған балық еті, қияр, жұмыртқадан жасалған құймақ, сәбіз, корей түріпі сияқты көкөністер қосылып әзірленеді. Аталмыш тағам корейлердің ұлттық тағамына жататындықтан, оны негізінен шығыс халықтары дайындайды. Ал Кореяның кез келген сауда орындарынан бұл ас мәзірінің көптеген түрлерін сатып алуға болады. «Кимпаб» әлем халықтарына «суши» деген атпен кеңінен танылған. Тағам «Кулинарлардың сүйікті қаламызға сыйлығы» атты фестиваль шеңберінде дайындалды. Ол үшін 110 келі күріш, 50 келі балық, 450 дана жұмыртқа кетіпті. Астаналық аспаздар бұл таңғажайып тағамды әзірлеу арқылы әлемдік рекорд орнатып, Гиннестің рекордтар кітабына енуді көздеуде. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, осыған дейін шет елдердің бірінде «Кимпаб» роллының 128 метрлік түрі дайындалған екен. Астаналық аспаздардың аталмыш тағамды дайындаудағы мақсаты – қала күніне орай, ол көрсеткішті басып озу.
«Кимпаб» әзірленіп жатқан сәтте «Корей барабандарының шоуы» ұжымының концерттік бағдарламасы басталды. Мерекелік шараға ауа-райы да өз септігін тигізіп, күн төбемізде күліп тұрды. Ал жиналған көпшілік, ұзыннан-ұзақ созылған «Ким-паб» тағамының жасалуын ерекше қызығушылықпен бақылаумен болды.
Естеріңізге сала кетейік, қай салада болмасын Гиннестің рекордтар кітабына ену үшін, арнайы комиссия мүшелерінің қатысуы шарт. Бұл ретте жаңа әлемдік рекордты растау үшін Астанаға Гиннестің рекордтар кітабының өкілдері арнайы ат арытып келіп, оның жасалу жолын бекітілген талап бойынша бақылап тұрды. Сөйтіп, әлемдегі ең ұзын «Кимпаб» тағамы дайындалып, арнайы қазылар алқасы қолдарына өлшеуіш құрал алып, оның қанша екенін өлшеп шықты. Нәтиже таңғаларлық. Оның ұзындығы күткендегідей 150 емес, 157 метр 87 сантиметрді құраған. Рекорд басталғаннан кейін шеф аспазшының командасы тағамды теңдей бөліктерге бөліп, Астана тұрғындары мен қала қонақтарына дәм татқызды. Қала жұртшылығы дән риза болып, өздерінің оң бағасын беріп жатты.
Іс-шараны қаланың кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, «Korean House» мейрамханасы, сондай-ақ Корей мәдениет орталығы ұйымдастырып отыр.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.