Тарихы тереңнен тамыр тартатын ұлттық ойындарымыз қазіргі таңда ілбіп дамып келеді. Жасыратыны жоқ, оған деген сұраныс көбіне Ұлыстың ұлы күні наурыз мерекесі тұстарында ғана болып, өзге уақыттарда бір шетке ысырылып қала беретіндей көрінетін. Алайда, кейінгі кездері Астанада осы олқылықтардың орнын толтыруда қалалық туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы біршама жұмыстар тындыруда. Соның бірі елордада қала күні мерекесі құрметіне жалауын көтерген «Алтын сақа» ұлттық асық ату ойынынан III қалалық ашық турнирі дер едік.
Жасты да, жасамысты да асық атудың екі түрі бойынша жинаған бұл турнирдің ашылу салтанатында сөз алған Туризм және спорт министрлігі спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов жарысқа қатысушылар мен оны ұйымдастырушыларға сәттіліктер тілей келіп, асық ату ойынын дамыту бүгінде министрлік тарапынан қолға алынып отырғандығын айтты. Сондай-ақ ол аталған ойын түрін алдағы уақытта республикалық деңгейде өткізу жоспарда тұрғандығын да назардан тыс қалдырмады.
– Аталмыш жарысқа жылдағы дәстүр бойынша тілек білдіргендер саны екі жүзден асып жығылды. Бұл, әрине, қала деңгейінде өткізілген шара үшін жаман көрсеткіш дей алмаймыз. Десек те төл спортымызды насихаттау қай кезде де артықтық етпейді. Оны, сондай-ақ, үнемі дамытып отыру ләзім. Жақында ғана елордада өткен Дүние жүзі қазақтарының кезекті құрылтайына келген шет елдік қандастарымыз еліміз бекіткен ереже бойынша бұл ойынды дамытамыз деп жатыр. Міне, бұл да өскелең ұрпақтың атадан балаға мирас болып қалған осынау мұрасын қадірлей білуде өз септігін тигізері сөзсіз, – дейді турнирдің бас төрешісі, елімізге еңбегі сіңген жаттықтырушы Жомарт Сабыржан.
Ұлттық ойындарымыздың ішінде аса танымал және кең тараған түрлерінің бірі осы асық ату ойыны саналады. Ғасырлар бойы халықтың зердесінде сақталып келген осы бір ғазиз ойынды өскелең ұрпақты тәрбиелеудің құралы ретінде тиімді пайдаланғаннан ұтарымыз көп. Асық ойнау баланың жастайынан жүйке жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ұстамдылыққа, байсалдылыққа тәрбиелейді. Сондықтан да қалалық ашық турнир атауымен өткізілген мерекелік жарыстың кең қанат жаюы төңірегінде жасалған жұмыстар қашан да қолдауға лайық деп айтуға толық негіз бар.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.