Кеңес дәуіріндегі «Депутат – халық қызметшісі» деген сөзге құлағымыз үйреніп қалған, депутат көрсек мұң-мұқтажымызды айтқымыз келіп тұрады. Сол кезде депутат бір округпен сайланатын да мезгілі біткенше сол сайлаушыларының алдында есеп беріп тұратын. Белгілі бір тапсырмаларды орындауға тырысатын. Қазір ондайды сирек байқаймын. Әрине, бәріне күйе жағудан аулақпын. Парламент депутаттарының белсенділігін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы білеміз. Кейде соған қарап баға береміз. Мүмкін, ол да дұрыс емес шығар.
Сайлау алдындағы кездесулерде көпшілігінде жақсылықтарды үйіп төгеді. Сайланып алған соң ат ізін салмайтын депутаттар бар. Өз жағдайын күйттеп кететіндер қаншама. Өткенде бір депутат теледидардан: «Депутат зейнетке шыққан соң аз зейнетақыға қалай өмір сүреді», – дейді. Мен ол кісіге сұрақ қояр едім: «Біз қалай өмір сүріп жатырмыз?» – деп.
Тамыз айында өтетін Сенат сайлауына дайындық басталып, депутаттыққа кандидаттар ұсынылуда. Біз білеміз, оларды мәслихат депутаттары сайлайды. Ал мәслихат депутаттарын халық сайлады. Сондықтан олар халықтың өкілдері. Сол сайлауға барарда мәслихат депутаттары өз сайлаушыларымен кездесіп, бірнеше кандидаттың ішінен сол орынға лайығын таңдап, соған дауыс бергені дұрыс болар еді. Меніңше, ұлтына, қызметіне, партиялылығы мен жасына, т.б. жақтарына үлкен мән бермей, қолынан іс келетін, білімді, халықтың қамын шын жүрегімен ойлайтын, адал, азаматтығы мол адамды сайлауға ұмтылған жөн болар еді.
Депутаттық корпус мықты болса, жақсы заңдар қабылданып, халыққа қызмет етері сөзсіз. Мәслихат депутаттары осы жағына назар аударса екен деймін.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ, зейнеткер.
Астана.