Қостанайлық Хұсайын Ысқақұлы Бекентаев туралы кезінде жөндемдеп айтылмай қалыпты. Тасада қалған тағдыр иесі екен. Ұрпағы да қалмаған сыңайлы. Тек немере інісі, журналист Бексұлтан Бекентаевтың ізденуімен өмірбаяндық деректері жарияланып қалғанына да шүкірлік етуге тура келеді. Бекең облыстық «Қостанай таңы» (бұрынғы «Коммунизм таңы») газетінде көп жылдар бойы бөлім меңгерушісі болып жемісті еңбек етті. Сонда әріптес ағамыздан аракідік бауыры туралы сағыныш сөздерін естіп қалатынбыз. Ұстазымыздың: «Біздің тұқым тегін емес», дегендей мақтаныш сезіміне бөленіп, марқая түскен шақтарына куә болып едік. Бүгін ойлап отырсақ, орынды мақтаныш екен-ау. Бекең де өткен дүниеден. Зейнетке шықса да қаламсабын тастамай, өңір шежіресін жазумен бір тыным таппады. Дербес газет шығарып, тарих қойнауынан дерек сүзіп, кейінгі ұрпаққа мол мұрасын аманаттап кеткен көкірегі көмбе, ойы терең, жазғаны мол қаламгер еді. Сөзі қалды. Сол медет.
Бексұлтан ұстазымыз немере ағасы Хұсайын Бекентаев туралы айтқанда, оның алдымен Қостанай реалдық училищесін бітіріп, Мәскеу коммерциялық институтына түскенімен, бұл оқу орнын аяқтай алмағанына күдік келтіріп отыратын. Оның сыры не болды екен? Мәскеу мұрағаттарына сұрау да салып көрді. Көңіл демдерлік нәтиже болмады.
1896 жылы Жітіқара ауданының Забеловка поселкесінде дүниеге келген Хұсайынның түсіп тұрған институтты тәмамдап шықпауының (кейінгі табылған құжат бойынша институтты тәмамдауының да негізі бар – Қ.Ә.) сыры неде екен? Бұған Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатынан алынған мына құжаттар арқылы бірсыдырғы көз жеткізуге болады: «Халық комиссариатының өкілдігіне. Кирреспубликасының азаматы Х.Ы. Бекентаевтан өтініш. 1916 жылы мен Карл Маркс атындағы (бұрынғы Коммерциялық институт) халық шаруашылығы институтына студент болып қабылданып, мезгілінде келе алмаған студенттердің қатарында болуым себепті, 1918 жылдың маусым айына дейін оқу сапында болдым. Оқуға мезгілінде келе алмауымның себебі мынада жатыр. Кирреспубликасы мені республикалық деңгейдегі жұмысқа тартқан еді. Осылайша үзіліп қалған оқуымды жалғастыру ниетімен халық шаруашылығы институтына өтініш түсірдім. Оқу орны мынадай талап қойды. Олар оқуға үлгеріп келе алмауымды менің тікелей кінәм ретінде қабылдап, қайтадан институтқа түсу емтиханын тапсыруымды міндеттеді. Осы жағдайды сіздерге ескерте келіп, менің аталған институтқа түсу емтиханынсыз қабылдануыма, яғни студенттік құқымды қалпына келтірулеріңіз үшін Кәсіптік білім бастығына өтініш жасауын сұраймын. Құрметпен Х.Ы. Бекентаев. Қолы қойылған. 11.11.1920 ж.» (ҚР ОММ, 196-қор, 1-тізім, 50-іс, 220-парақ).
Оның қызыл сиямен, көркем жазылған осы өтінішінен біраз жайтты аңғаруға болар еді. Ал осы оқуы үзілген екі жыл ішінде оны Кирреспубликасы қандай жұмыстарға пайдаланып еді? Енді соған келейік.
Х.Ы. Бекентаев 1918 жылдың наурыз айында өткен Торғай облысы кеңестерінің 1-құрылтайында облыстық атқару комитетінің құрамына сайланады. Далалық өлкедегі алғашқы әскери комиссардың орынбасары болады. Республика Халық комиссариатының РСФСР ұлттар ісі жөніндегі Қазақ бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып еңбек етіпті. 5-Бүкілресейлік кеңестер құрылтайында Торғай облысынан сайланған үш делегаттың бірі болған еді. Сонымен бірге РСФСР ұлттық комиссариаты жанындағы ұлттар ісі жөніндегі Қазақ бөлімінде қызмет істеді.
Міне, студент кезінде-ақ оны Қырғыз Республикасы осындай жауапты қызметтер атқаруға пайдаланыпты. Әрине, білімін, өмірге орнықты көзқарасын ескергені байқалады. Осынша қиын салада қажырлы еңбек ете білген қазақтың қаршадай қара баласы Хұсайынды енді қайтіп, оқуынан себепсіз қол үзген селтеңбайлардың қатарына жатқызуға болар еді? Ақыл жетпейді. Ешқандай жазғыруға да жатпайды ғой. Сондықтан да болар, 1922 жылдың 4 қарашасында Қырғыз Республикасының Өкілетті өкілі Дивеев пен жауапты хатшы Константинов Кәсіптік білім бастығына студент Х.Ы. Бекентаевты өзі оқып жүрген Карл Маркс атындағы халық шаруашылығы институтына емтихансыз қабылдауға өтініш жолдаған болатын. Бұл құжатқа да (ҚР ОММ, 196-қор, 1- тізім, 50-іс, 219- парақ) көзіміз жеткен еді.
Міне, одан әрі Х.Ы. Бекентаевқа қатысты құжаттар сап тыйылған. Оның аталған оқу орнын бітірген-бітірмегені жөнінде ешқандай ақпар жоқ. Сонда қалай болғаны? Оқуында үздік атанып, оны тәмамдамай жатып-ақ жоғары лауазымдарға жегілген нағыз қазаққа тән мәрт мінезді, ерекше жаратылыс иесі жас жігіттің тепсе темір үзетін кезінде аққан жұлдыздай назардан ысырылып қалуының сыры әлі күнге белгісіздігі қынжылтады.
Журналистік ұстазымыз Бексұлтан Бекентаевтың да өз бауырының сырын аша алмай кеткен жұмбағы осы еді-ау! Тағдырдың қатыгездігі демеске лаж жоқ! Мүмкін... Үміттен күдер үзбеспіз...
Қайсар ӘЛІМ.