09 Шілде, 2011

Азап тартқан үш ана

1767 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін
«АЛЖИР» – орысша «Акмолинский лагерь жен изменников родины», қазақша «Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері» деп аталады. Бұл Қарағанды лагерінің – Карлагтың дербес бөлімшесі ретінде қуғын-сүргіннің өрістеген кезінде 1938 жылы 6 қаңтарда құрылған. Карлаг бойынша сондай әйелдердің саны 12 мыңнан асып түскен. Солардың ішінде «АЛЖИР» лагерінде өлместің күнін кешкендер де аз емес. Тәуелсіздікке қол жеткелі бері мұндай деректер жарияланып, ақиқатын анықтап жүрміз. Лагерьде азапты күн кешкен ана­ларды білген сайын ет жүрегің елжіреп, өзегің өртенбей тұра алмайсың. Өзім біраз зерттеп, тағдырларымен өте-мөте таны­сып, мақалалар, кітаптарымды жазған үш арыстың – С.Сей­фуллиннің, Б.Майлиннің, І.Жан­сүгіровтің зайыптары Гүлбарам, Гүлжамал, Фатиманың ерлерін «халық жауы» деген жалған жаламен құрбандыққа шалғаннан кейінгі күй-жайын арнайы саралауды мақсат еттім. Үшеуіне көңіл бөлуімнің себебі Сәкен, Бейімбет, Ілиястың достығы адам таңданарлық. Сол жөнінде «Үш дос» деген мақала жазып, «Егемен Қазақстан» газетіне (2004 жыл, 5 қазан) жария­латтым. Үшеуінің зайыптары туралы деректер жинап, жазу­дың сәті енді келді. Қуғын-сүргінге ұшыраған­дар­дың басынан кешкендерін айта берсе, «Мың бір түннен» кем болмас еді. Алайда, айтуы­мыз, жазуымыз керек. Тарихы­мыздың зорлық-зобалаң тұстары да ұр­пақтан-ұрпаққа жетуі тиіс. Білу үшін, сабақ алу үшін керек. Қуғын-сүргінге ұшырағандар жөнінде дәйекті зерттеулер жүр­гізіп, газеттерге көптеген мақа­лалар жариялатқан тарих ғы­лым­­дарының докторы, профессор Тілеу Көлбай көбіне нақты деректерге сүйеніп отырды. «АЛЖИР»-де азап шеккен аналар» атты құнды мақаласында «халық жауларының» әйелдері делінгендердің ішінде атылған­дар болғанына да назар аудар­ған. Талапкер, іскер, қабілетті Шахзада Шонанова 1938 жыл­дың 9 нау­рызында ерінен соң он күн­нен кейін Алматы түрмесінде атылыпты. Ал жұбайы Телжан Шонанов – жан-жақты терең білікті ғалым, жазушы еді. Басқа­лар сияқты ол 1937 жылы тұт­қындалып, 1938 жылғы 27 ақпан­да бір топ азаматтармен бірге атылды. Басқа да деректер келтірілді. Қара суық кезінде бір бұзау өліп қалған. Сол үшін үш әйелді атып тастаған. Ал Кира Нұрмағанбетова деген әйелді күзетшінің ескертуін естімей қалғаны үшін атып жіберіпті. Сонымен үш арыстың әйел­дері туралы әңгімелейік. С.Сейфуллин 1938 жылғы 25 қаңтарда атылды. Бұл күнгі оққа байлан­ғандардың саны – 37. Б.Майлин мен І.Жансүгіровтің атылған күні 26 ақпан, бұл күні 39 адам құрбан болған. Осыдан кейін үш арыстың зайыптарына зобалаң басталды. С.Сейфуллин өмірі мен шы­ғар­машылығын ұзақ уақыт са­рыла зерттеп, бірнеше кітап шығарған, көптеген мақалалар жазған аса білімпаз да еңбекқор ғалым Т.Кәкішев Гүлбарам ту­ралы да деректер келтіріп отыр­ды. Оның «Қазақстан жаршысы» атты газетте жарияланған «Сә­кеннің соты» деген көлемді мақаласында (1994 жыл, 29 сәуір, 3-4 мамыр) Гүлбарам­ның көзінше НКВД қызметкер­лерінің тінту жүргізіп, Сәкеннің орден, партбилет, профбилет, 58 кіта­бын, 14 бума қолжазбасын, тапан­шасын, автомашинасын, 4500 рубль ақшасын, тағы басқа заттарын хаттап алып кеткенін деректі негізде көрсеткен. Бұл жөніндегі протоколға қол қой­дырып, көшірмесін Гүлбарамға қалдырған. Қайрат көрсете алмаған ғой. Бірақ, жаны шыр­қырап тұрғанында сөз жоқ. «Халық жауларының» әйелде­рінің қай-қайсысы болмасын, көрген күні сол болды. Ғалым Т.Кәкішев «Асыл жар» деген арнайы мақала жа­зып, Гүлбарам туралы тарқата біраз сырды ашып берді. («Қазақ әдебиеті», 1974 жыл, 31 мамыр). Гүлбарамды бірден Сәкеннің «абзал жары» деген. С.Сей­фуллиннің 80 жылдығына орай Гүлбарам естелік жазып беруін өтініпті Тұрсекеңнен. 1973 жы­лы «Молодая гвардия» баспасы­нан «Тамаша адамдар өмірі» сериясы бойынша Т.Кәкішевтің «Сәкен Сейфуллин» кітабының шыққа­нын Гүлбарам білген екен. Соған риза болған Гүл­барам оны үйіне шақырып: «Сәкенді зерттеп жүрсің ғой. Көп рахмет, бәрі де біз үшін емес, ел үшін ғой. Сенен жасырғандарым бар еді, бүгін сол «сырларымды» аша­йын деп шақырдым, – деп бір бума қағазын көрсетеді. Ол Сәкеннің өзіне жазған хаттары болып шықты. Өзі оқып, ал Тұрсекең дәптеріне көшіріп жазып оты­рыпты. Сол хаттар туралы жаз­ғанынан кейбір тұстарын ғана келтіріп, тағы бір еске салсақ артық болмас. Гүлбарам мен Сәкен Қы­зылжар қаласында танысыпты. Гүлбарам совет-партия мектебінде оқып жүрген. Хат жазысып тұрған екеуі. 1926 жылғы 27 қазанда жазған хатында Сәкен: «Сүйікті қарын­дасым Гүлбарам!» деп бастап, өзінің жайын жазыпты. Ақыры түсіністікпен екеуі қосылып, отау тіккен. Сәкен сапарлап жүргенде хат жазып тұрған. Тағы бір жұмыс сапарымен Сәкен Үржар жаққа кеткенде Гүлбарам Мәскеуге оқуға кетеді. Қолында бір жасар тұңғышы Лаура бар. Қызыл профессура институтында оқитын С.Мұқа­новтың үйінде тұрады. Сәбеңнің зайыбы Мәриям да сонда. Амал не Лаурасы сырқаттанып қайтыс болады. Қабырғасына қатты батқан бұл жағдайды жұбату, оқымақ ойын қолдау, қаражат жіберіп көмектесу, денсаулығыңды сақта деген ақыл беру сияқты қамқорлық сезімін білдіріп Сәкен­нің хат жазуы жеңіл­деткендей еді. Әйткенмен рабфакта, стенографистер курсында оқып елге оралғанда екеуінің арасында аздаған араздық болса да, бірін-бірі түсініп, бір шаңырақта тұрып жатты. Содан «1937 жылдың 24 сентябріне дейін кірбің қабақ болған кезіміз жоқ» деп түйіндепті Гүлбарам. Дәл сол күні адал жар бола білген С.Сейфуллин «халық жауы» делініп түрмеге отырғы­зылды. Енді Гүл­барамның күні не болады? Оның үстіне 1936 жылы туған аяулы ұлы екі жас шама­сындағы Аян 1938 жылы Қара­ғандыда жер ауып бара жатқанында Көкшетау қаласында қайтыс болған. «Жау семьясы» атанып, өзі де айдауға түскен Гүлбарам бостан­дыққа босатылып шыққаннан кейін, 1964 жылы С.Сейфуллиннің 70 жылдығы аталып жатқанда «Пар­тия­ға рахмет!» деген естелігінде («Қазақ әдебиеті» газеті, 1964 жыл, 23 мамыр) «Аяулы азаматымды, мәңгілік жарымды, асыл ары­сымды ашық түрде ауызға алып, тебірене толқыр күн туғанына шүкіршілік!» деп толғана жазды. Сәкенге деген елжіреген жүрек сезімін аңға­ра­сың. Оған дейін өзі қуғын-сүргінде жүргенде атын да айт­қыз­байды екен. Соған қарамай, қанша қан жұтып жүрсе де, Сәкеннің қағаздары, хаттары ғана емес, үй-ішінде ұстап-тұтқан бұ­йым­дарына шейін, тіпті киімдеріне дейін қо­лында сақтай білгені әрі батылдық, әрі адалдық белгісі емес пе? Бұрын оның есімін Гүлбаһрам немесе Күлбәрәм дегенін көрген­біз. Бірақ әлгі естелігінің соңына «Гүл­барам Сейфуллина» деп жазыпты. Ендеше дұрысы осы деп біліп, мақаламызда сол атын алдық. Оны білетін І.Жансүгі­ровтің қызы Үміт те жазған естелігінде Гүлбарам деген. Сәкенді үйіне екі адам келіп, алып кеткені қыркүйектің аяғы екені Гүлбарамның есінде қалыпты. Қорыққан Аян Сәкеннің мойнына жабысып алып, бақыра жылаған, ал Гүлбарамның аяқтары қалты­рап, қор­қыныш билеген. Тінту де жүр­гізілген. Сәкен кетерде Аянды беріп, оны қара дегендей Гүлба­рамға иек қаққан. Оны алып кеткеннен кейін үйдің іші құлазып, екеуі жетімсіреп қалды. Мұндай қасіретті ешкімнің басына бермесін деңіз. Гүлбарамның ұзын, қалың қара шашы Сәкенге қатты ұнаған. Әсі­ресе, оны өріп отырғанына сүйсіне қарайды екен. Өзінің ерін қорғау үшін еш әрекет жасамағанына, ашу-ызасы келіп, қайшы алады да, шашын қиып тастайды. Ал көрері алда еді. Бірнеше күннен кейін бір адамдар келіп, пәтерін босатуды талап етеді. Көп кешікпей мұнда кіретін кісі келіп үй жиһаздарын, ыдыс-аяқ, киім, кітап-қағаздарды, газет тігінділерін, құжаттарды сыртқа ай-шай жоқ шығарып тастайды. Дәр­менсіз ана сәбиімен далада қалады. Үйге кірген әлгі адамның Сәкеннің қоластында істегенін білген, бірақ тіс жарып сөз айта алмапты. Қандай қорлық десеңші. Барар жер, басар тау қалмады. Кешеден бері бір арба жалдап, кейбір ыдыс-аяқ, киім-кешек, төсек-орын салып алып, бір таныс кемпірінің үйіне келеді. Құдайға қараған адам екен, кіргізіп алады. Енді Сәкенді іздейді. Өзі сияқ­ты, әйелдер толып жүр. Қабақтары қарс жабылған күзетшілер оңды жауап та бермейді. Гүлбарамның айтуынша бір-ақ рет, 1938 жылғы 8 ақпанда, төрт жарым айдан кейін Сәкенмен қаракөлеңке бөлмеде кездестіреді. Бозарған жүзін, түсің­кіреген жақтарын, сөнген көзқара­сын, бір-жар сөзін естіп, көргеннен кейін Гүлбарам шошына есі ауыс­қан жоқ па деп ойлайды. Бұдан соң Сәкенді көре алған жоқ. Ал көп кешікпей оның атыл­ғанын естиді. Қайғы-қасірет қабыр­ғасын қанша қайырса да, Сәкеннің сүйікті ұлы Аянды өсіріп жеткізу мақсаты еді. Онысы да орындалмады. 1938 жылғы 25 ақпаннан 13 наурыз аралығында жаппай ату саябырсыған сияқты болғанда «ха­лық жауларының» әйелдерін лагерьлерге айдайды екен деген сөз тарайды. Ол сөз шын болып шы­ғып, бұл қаскөйлік іс қолға алын­ды. Кейбіреулерін әкетіп жатты. Ал Гүлбарамға бір милиционер келіп: «Сен он бес күннің ішінде кетуің керек. Ақмола жанында колония бар, соған кетесің. Міне құжат, барғаннан кейін хабарлайсың бізге. Кетпесең немесе қашсаң сот­тайды», деп дікеңдейді. Амал жоқ, Аянын алып жолға шығады. Ақ­молаға, Новосібір, Петропавл, Көк­шетау арқылы ғана жете аласың. Жолда Аян ауырады. Жейтін тамақ, емге қолданатын дәрі-дәрмек жоқ. Аман сақтаймын деп қанша арпалысса да нәтиже болмай, оның кірпігі ғана жыбырлап, денесі дірілдей бергенде Гүлбарам: «Иттің күшігі Ежов, сен үш мәрте домалап жат молаңда! Қарғыс атсын сендерді қаныпезерлер!» деп жаны шырылдап кетіпті. Енді қайтсін, соңғы үміті де үзілді. Бірақ, Көкшетауда түсіп, сол жердің бейітіне құран-қатымын шығартып, дәстүр бойынша Аянын жер қой­нына береді. Қатыгез өмір ме, жоқ қатыгездікті туғызған адамдар ма? Гүлбарам енді не істеуі тиіс? Сәкеннің қайда жерленгенін де білмейді. Шаршап-шалдығып, жан жүрегі астан-кестен, көңілі құла­зып келе жатса да, бетінен қайтпай Ақмолаға жетеді. Тура милицияға барады. Оны лагерьдің 29-шы нүк­тесіне жеткізіп, ол сондағы әйел­дердің қатарына қосылады. Олар қой бағады, сиыр сауады, жер жыртып, тұқым себеді, шөп шаба­ды, арықтарды тазалайтын болған. Сол ортада ақырына дейін жадап-жүдеп жүріп, аман-есен босап шықты. Енді С.Сейфуллиннің кім екендігін жұртқа тарату үшін кездесулерге қатысып, естеліктерін айтып жүрді. Ол туралы жазға­нымызда солар негізге алынды. Гүлжамалдың тағдыры да жеңіл бола қойған жоқ. 19 жыл Бейімбетке адал жар, сенімді серік бола білген оның да көрген тауқыметі жетерлік. Бала кезінен жетімдікті, нешебір тауқыметті көріп өскен Бейімбет осы Гүл­жамалға үйленгенде қалың бере алмай үш жыл жүріп алған еді. Әкесі қайырымды екен, «малы құрысын, қалыңдығын келіп алып кетсін» деген хабар бергізеді Бейімбетке. Сөйтіп, қосылған екеуі бірте-бірте үй құрап, балалы-ша­ғалы болып, ел қатарлы өмір сүріп жатқанда, төбеден жай түскендей қасірет келді. Жазушы, журналист атағы кең тарап, жұрттың құмарта оқитын шығармалар жазып, «Би аға» деп елі төбесіне көтерген Б.Майлинді 1937 жылғы 4 қазанның кешінде түрмеге әкетеді. Бейімбет­тің жасы 43-тің, Гүлжамалдың жасы 37-нің үстінде еді. Бақытты күндер көзден бұл-бұл ұшып кеткендей кезең туды. Бұрын түрме дегенді білмейтін Гүлжамал енді онда күнде баратын болды. Көрсетпей, жолықтырмай әуреге салады. Екі ай шамасы өткенде кездестірді-ау. Бейімбеттің үсті-басын, бет-жүзін көріп шошып кетеді. Алқа-салқа, түрі жүдеу, жүзі сынық, шашын тақырлап алып тастаған, тісін сындырған. Іштей күңіреніп, сырттай сарылып қайт­ты. Бұдан кейін қанша барса да жолықтырмай қойды. Барған сайын отбасына қорқыныш, үрей түсті. Бала-шаға бордай егіліп, ботадай боздайды. Гүлжамал көрер таңды көзімен атырып жүрді. Тұрмыс-жағдай ауырлай берді. Азып-тозуға айналды. Төрт айдан асса да Гүлжамал еш хабар біле алмайды. Тағы да түрмеге келеді. Қақпа алдында: «А, құдай, Бейімбетпен кездестіре гөр», деп тілеу тілеп тұрғанда есікті сықырлатып ашып шыққан конвой бір құшақ киім-кешек әкеліп: «Күйеуіңіздің киім-кешегі», – деп Гүлжамалдың қолына ұстата береді. Бір сұмдықтың болғанын сезіп, Бейімбеттің бар-жоғын сұрамақ еді, конвой кері кетеді. Бода-бодасы шығып, аңырап қайтқан Гүлжамал­дың түрмеге сол барған күні 1938 жылғы 27 ақпан екен. Ал Б.Майлин бұдан бір күн бұрын атылған. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, жылаумен күн артынан күн өткізіп, дел-сал жағдайда жүрген Гүлжамалды да ай жарымнан кейін тұтқындайды. Қоятын айыбы: «Ха­лық жауының әйелі». Қандай адам мұндай қасіретті көтере алады? Жүрегі қалай жарылып кетпеген? Бейімбет айтқандай мықты екен; әскери киім киіп келген екі адамға: «Сендер бұнымен Бейімбетті өлті­ре алмайсыңдар, оның орнына ертең тағы бес Майлин ержетеді», – депті түтігіп, бұлқан-талқан болып. Екі адам сүйрей-мүйрей «қара құзғын» мәшинесімен алып кетеді. Ал балаларын басқа көлікке отырғы­зады. Осылайша өнегелі, берекелі отбасының ошағы орта­сына түсі­ріліп, тоз-тозы шығарылады. Гүлжамал жұбайы аманат еткен екі тапсырмасын орындай алмады. Бірі – қолжазбаларымды сақта, екіншісі – балаларға ие бол деп еді. Зұлмат заман орындауға мүмкін­шілік бермеді. Б.Майлиннің бар­лық кітаптарын кәмпескелеп алып кетті. Гүлжамалдың өзін түрмеге тықты. Ол РСФСР Қылмыстық кодек­сінің 58-ші бабы бойынша сегіз жылға кесіліп, этаппен айдалып, АЛЖИР-дің Купко деген лагерінен бір-ақ шығады. Мұнда өзі сияқты басқа да әйелдермен бірге адам төзгісіз жағдайда жүріп, «жазасын» толық өтеген. Ал Б.Майлиннің балалары әке­ден өлідей, шешеден тірідей айырылып қалған. Мереке, Рауза, Еділ деген балаларын панасыз балаларды қабылдау үйіне, ең кіші Гүлсімді бөбектер үйіне өткізіпті. Сонымен Гүлжамалдың тұт­қын­­далған күні – 1938 жылғы 13 сәуір, яғни Бейімбеттің түрмеге түскеніне – 189, атылғанына 46 күн өткен кез. «АЛЖИР»-дің 26-шы нүктесі­нің ең негізгі бөлімшесі «Бурма» деп аталған. Осы жерден жан-жағына шағын мекендерінде С.Сейфуллиннің зайыбы Гүлбарам, А.Байтұрсыновтың – Бадрисафа, С.Меңдешевтің – Рәзия, С.Есқа­раевтың – Мәрия, І.Қабыловтың – Айша, С.Садуақасовтың – Елизавета, Т.Рысқұловтың – Әзиза, Т.Жүр­геновтің – Дәмеш, Ұ.Құлым­бетовтің Әйіш атты зайыптары қайраткер азаматтарынан бір, бала-шағаларынан екі айырылып, азалы күндерін өткізіп, мал баққандары, басқа жұмыстар істегені іші-бауы­рыңды астаң-кестең етеді. Гүлжамалдың тұрған шағын жұрты «Купка» аталған. Сол жерді іздеп барып, өз көзімен көрген журналист Қ.Ахметов «қой қора­сының, жер төлесінің орындары жермен жексен болып кеткен... Таспен шегенделген құдық жарты­лай ғана көміліпті. Күл үйіндісінің көлемі әжептәуір» – деп сүреңсіз өмірін «Құпияның кілті кімде?» деген мақаласында жазған еді. («Қазақ әдебиеті» газеті, 1999 жыл, 22 қаңтар). Мұнда Гүлжамал қой бақты, лагерь басшыларының, күзетшілер­дің қорлауын да көрді. Бірде қаныпезер қарауылдың қол сал­ғаны, төмпеш­теп ұрғаны, қой қораның аузын­дағы діңгекке байлап қойғаны ашын­дырғаны сонша, Гүлжамал қарсы тұрып бетін қайтарады. Өкімет тұтқын әйелдердің жағдайын, күйзеліп жүргенін елеп-ескермек түгілі онан әрі тұрмыс­тық және моральдық жәйін адам айтқысыз ауырлатқан. Бастарына ілетін орамалдарына, қол жеңде­ріне, арқаларына түрмедегі нөмір­лерін жазып, іліп, тігіп қою қорлау емес пе. Негізі жасайтын жұ­мыстары – мал бағу. Оған бә­рінің икемі келе бермейді. Бақы­лау­шылар мен бастықтарының қатал­дықтарына қарсылық білдіріп, айбат көрсетушілер де болмай қалған жоқ. Тағы бірде лагерьдің ерекше бөлім бастығы Мишин деген Гүлжамалды балағаттап ұрыс­қан. Гүлжамал ұстамды, сабырлы, шыдамды болса да, жанын күй­діргенге күйінгені сонша, қолын­дағы айыр ашасын алып: «Сенің мұндай қорлығыңды естігенше, сені де, өзімді де өлтіремін. Күйеуімді құрттыңдар, бес балам­ды жетім қалдырдыңдар, енді маған мұндай өмірдің керегі де жоқ!» деп әлгіге ұмтылған екен. Соры қайнағанда үлкен қайғы түсті басына. Төрт жыл бойы баққан малдан бірде-бір тұяқ шығын қылмай жүр еді, бір күні елу қойды жоғалтып алды. Сор­лағанға таяқ тие беретіні несі екен дейсің. Қаңтар айының қақаған аязында қалай айырылып қалғанын білмейді. Іздеп бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Таба алмайды. Содан бір ауылдың азаматтары жанашырлық жасап, жер қал­дырмай іздеп тауып беріпті. Іші-бауыры езіліп, жаны одан әрмен күйзелген оған лагерь бастығы­ның: «Сенің күйеуің жау, сен де жаулық істедің... үш күн берем, қойды тауып қосасың, әйтпесе, өз обалың өзіңе. Бұрынғы жазаңа тағы сегіз жыл қосылады!» – деп әкіреңдеуі де өтіп кетті, бір жерде сүйегім қурап қалатын шығар деп те ойлады. Шүкір, әйтеуір, та­былды-ау. Қысқа қайырсақ, көрмегені жоқ. Сонымен мерзімін өтеп, бос­тандыққа шықты-ау. Осыған бай­ланысты нотариус растаған құжат қолымызда сақтаулы. Онда Қазақ ССР Жоғарғы сотының қылмыстық іс бойынша сот коллегиясының 1957 жылғы 28 маусым күні шы­ғарған шешімі келтіріледі. Ол 1938 жылғы 21 шілдедегі Г.Майлина жөніндегі сот шешімінің күші жойылғандығын, қылмыстық іс-құрамы жоқ деп тауып ақтал­ғандығын білдіреді. Босанып шыққан соң Гүлжамал тарыдай шашылған балаларын іздеп, жинастырады. Тұру үшін Алматыға көшіп келді. Әукені ғана табылмады. Ол «халық жауының баласы» ретінде айып батальо­нының құрамында майданға аттан­дырылып, содан тірі оралмады. 1965 жылы Б.Майлиннің 70 жылдығына байланысты ұлан-асыр тойды көріп жүрегі жарылардай қуанды. «Жаны жібек еді» деген естелігін жариялатты. Тек 80 жыл­дығына жете алмады, 74 жасында дүние салды. 28 жылғы өксігін басып, халыққа риза болып, нағыз аналық рухын ала кетті. Ұрпақтары бар артында қалған. І.Жансүгіровтің зайыбы Фатима батылдау да тапқыр болған көрінеді. Соның бір мысалын ғалым Т.Көлбай жоғарыдағы мақа­ла­сында: «Ілияс Жансү­гіров­тің ұлы Болаттың өмірінің сақталуы кісі таңданарлық. Қолы­нан тірідей алатын болған соң Фатима апай НКВД қызметкерлеріне: «Одан да өз баламды өз қолыммен өлті­рейін!» – деп балға алып, сес көрсеткен! Анасының нағыз ерлі­гінің арқасында Болат Жансүгіров НКВД балаларының қатарына алынбады, бірақ ХХ съезге дейін «халық жауының баласы» болып келді» – деп жазды. Ілияс пен Фатиманың Үміт, Ильфа атты қыздары мен Болат деген ұлы болды. Балалары жас болғанына қарамай, оған да аяу­шылық көрсетілмеді. Ілияспен екеуі 1932 жылы отасқан. Небәрі бес-ақ жыл уақыт өтті. Бұрынғы күйеуі Б.Сүлеев те жаламен қуғындалған. Енді Ілияс та түрмеге түсіп, Фатима тағы да аңырап қалды. Бірақ еті тірі, оқып көз ашқан, сол кездегі айтулы қызметтерде істеп ысылған ол ендігі өмірін күресумен өткізді. Ілияспен екеуі­нің жазысқан хаттарын оқысаңыз арасындағы шынайы махаббат сезімін көресің. Амал қанша, ол қызық ұзағынан болмады. «Сені сағынам, сені ойлаймын» деп Ілияс ағынан жарылса, «Ілиясым... Сағынған Фатимаң» – деп Фатима жүрек сөзін арнайды екен. Сол қызық өмірдің шырқын бұзып, астан-кестеңін шығарды-ау. Бәріне төзуге де, күресуге де тура келді. Ақын ініміз Аманхан Әлім «Өлмес өмір, өшпес ғұмыр» деген мақаласында («Қазақ әдебиеті», 1999 жыл, 22 қаңтар) «Көрікті, ақылды, сауатты, көкірек көзі ашық, көп қатар­ларынан көш ілгері оза туған, оның үстіне құдай қосқан қо­сақтары бірінен соң бірі ұсталып, олардың артында қалған бала-шаға тәрбиесі қина­ған Ананы көз алдыңызға келтіріп көріңізші. Болмаса, өзі­ңізді соның орнына қойыңыз­шы. Бұл алып-қашты, «суық та пышақ кесті өсекке қимайтын ірі тұлға» деп жазған. Аманхан­ның сөзінде үлкен шындық бар. Б.Майлин жөнінде зерттеу жүр­гіз­генде, оның досы Ілияс­тің да, Фатиманың тағды­рына бай­ланысты көптеген деректер мен құжаттарды көргенімде сондай ой ұялап еді. Иә, басына күн туғанда жоға­рыдағы қасиеттері күш-қуат берген шығар, қайсарлық көр­сетті, жүнжіп кетпеді, есінен айырыл­мады. Кейін «өткен өмі­рім – соншама мағыналы, бай өмір» деп жазып, реніш етпеген. Оның бірі – қосақта­рының қолжазба­ларын сақтап, мұрағат­қа өткізуі болса, енді бірі олардың ұрпақ­тарын тозды­рып жібермей, тәрбиелеп жеткізуі. Сондықтан ол бақытты. Жеті балаға ана болып, айнала ушы­ғып тұрған заманда оларды өсіріп шығаруы оңай болмағаны түсінікті. Басқа әйелдер сияқты лагерьге айдалмаса да оның көргені де ондағыдан кем болды дей алмаймыз. Фатима Ғабитованың тағды­ры да күрделі болды. Алдау, тергеу, айдау, өсек-аяң, аяқтан шалу сияқты арамзалыққа мойы­маған жан. Мұра етіп жа­зып қалдырып кеткен «Өртең­де өнген гүл» атты кітабын оқы­саңыз, сан сырлы, көп қырлы өмірдің құпиясына қанығасыз. Неше түрлі безбүйректер бол­ғанына таң қалудың жөні жоқ. Соған Фатиманың мына сөзі дәлел: «Ілияс алынысымен М. менің пәтеріме көшіп келді. Төрт бөлмелі пәтерімнің үш бөлме­сінде ол, бір бөлмесінде 4 баламен, ауру анаммен мен қалдым. Күнде М. «кварти­ра­ның ордері менде, басқа жаққа көшіңдер» дейтін болды... М-дан: «Мен босанып, туыт­ханадан қайтқан­ша балаларым осы бір бөлмеде отыра тұрсын. Больницадан келісімен бір жерге көшерміз, тілеуің берсін, М!» дедім. Сонда ол: «Сіздің балалар мен біздің балалар бір есіктен қалай кіріп-шығып жүре­ді?» деп бетіме ежірейе қарады. Әне, сол күні Одақтың жүк таситын машина­сымен Гүл­жамалдың ауыз үйіне көшіріп тастады. (Гүлжамал Бейімбеттің әйелі). «Ауыз үйге өзіміз алты жан ептеп сыйсақ та, жүгіміз сыймады. Заттары­мыз далада шашылып қалды» – деп жазған естелігі теперіштің басталуын білдіреді. Бір себебі болған шығар, безбүйрек М-ның атын атамапты. Еңіреп қалған анаға бұл да бір соққы. Тағы тыңдап көрейік Фати­маны: «Қанды марттан соң» қаһар­лы апрель келді. Күнде құт ұшырарлық жаңа хабар. НКВД-нің есігін құрғатпаймыз. К-ның (камера) ішінде ерімізбен көріс­тіруін сұрап С-ге (тергеуші) хабарласамыз... «Қатын­да­­рын да айдайды екен, бала­ларын балалар үйіне алады екен» деген хабар зәремізді алды... Апрельдің соңғы күнде­рінде С-тель (тергеуші) ерімізбен көрістіруден бас тартты. «Еріңіз менің қарама­ғымнан кетті, енді маған хабар­лас­паңыз», деді. Және сол күні менің өзімді ұстауға екі орыс, бір маржа келді. Қызыл вагоннан қорыққанымнан үш балам­ды өзімнің туып-өскен қалам Қапалға жіберіп едім. Ол балаларға бас-көз болып алып кеткен нағашы апам Хұппи болатын. Үлкен ұлым Жәнібекті де бір жылға түрмеге қаматқан еді. НКВД-ның «жиырма төрт сағат ішінде Алматыны тастап, қайда болса да екі жылға кетесіз» деген қатқыл бұйрығы берілді. Ойлана келе Семейге жол тартады. Бұл – жер аудару болып есептеледі. Өзінің жазған хаты бойынша Хұппи балала­рын алып Семейге келеді. Екеуі бір-біріне серік болып екі жыл мерзімін өтеп Алматыға ора­лады. Бірақ өзі сияқтылар­дың Алматыда тұруға құқы жоқ екен, 1942 жылдың шілде айында тағы қуылады. Бұл жолы М.Әуезовтің де ақыл қосуымен Мерке жақты саға­лайды. Ол жақта тұру да жеңіл болмады. Ақыры Ілияспен жүз­десе алмады. Жәнібегі ер жетіп, майданға аттанды да, оралмады. Қайғы-қасырет көріп жүрсе де қалған балаларын қатарға қосуға бар күш-қажырын жұм­сады. Соның бәрі ерте қартай­тып, екінші топтағы мүгедек күйіне жеткізген. 1968 жылдың 6 қаңтарында науқас­тан қайтыс болды. Алайда, І.Жансүгіровтің ақталғанын естіп біліп, оның жинақтарының жарыққа шық­қанын көзімен көріп тәубе етті. Енді «Қайран аналар-ай!» деп іші-бауырымыз елжіреп, зарлатып, қасірет шектіргендерге лағнет дейміз. Тоқтар БЕЙІСҚҰЛОВ, жазушы, филология ғылымдарының кандидаты. Алматы. Суреттерде: Гүлбарам Сейфуллина мен Сәбит Мұқанов. 1964 жыл; Фатима Ғабитова – Жансүгірова; Гүлжамал Майлина. 60-шы жылдар.