БІРДЕ…
«БОЙЫҢЫЗ ЖЕТПЕСЕ, ОЙЫҢЫЗ ЖЕТЕДІ»
Абылай хан көшесіндегі үш қабатты үйдің бір пәтерінде Димекең – Дінмұхаммед Қонаев ұзақ жыл тұрып, алпысыншы жылдардың соңында жаңадан салынған мекен-жайға көшеді. Бұрынғы пәтеріне белгілі жазушы Әлжаппар Әбішов кіреді. Бірінші хатшының үйіне кірген жазушы бақытты еді. Димекең көшерде төбе тіреген кітап сөрелерін «Ат аунаған жерде түк қалады», деп жазушыға тастап кетеді. Ырымдап келетін ақын-жазушылар Әбекең үйінен шықпайтын болады.
Бір реті келгенде Димекең Әбекеңмен кездесіп қалады. Орта бойлы Әбекең ұзын бойлы үлкен кісіге өзі келіп сәлем береді. Аман-саулықтан кейін Димекең: «Әбеке, қалай жаңа қонысыңыз ұнады ма?» деп сұрайды. «Ұнағанда қандай, күндіз-түні ақын-жазушылар шықпайтын болды. Өкініштісі, үйдің бір кемшілігі бар» дейді. «Иә, айтыңыз, кемшілігі болса жөндеу қиын емес» дейді Димекең. Сонда Әбекең: «Үйдің кемшілігі сол – кітапхана болған бөлмеңдегі кітап сөрелері өте биік екен. Бойым жетпей қиналып жүрмін» дейді. Димекең Әбекеңе қарап: «Әбеке, бойыңыз жетпесе, жазушылық ой-қиялыңыз жетеді ғой» деп әзілдепті.
ҮШ ЖҮЗДІҢ БІРЛІГІ ҮШІН
Димекең Ташкентке келіп, Төле бидің басына зиярат етеді. Ішінен өзі дұға оқиды. Димекең жиырма қасиеті бар «Ясин» сүресін жатқа білген екен. Кетерінде шырақшыға үш жүз доллар береді. Мұны азсынған шырақшы: «Айдың жетісі күні келдіңіз, үш жүз емес, жеті жүз доллар беруіңіз керек еді» деп әзілдейді. Димекең шырақшыға қарап: «Қазақ үш жүзден тұрады. Алла тағала үш жүздің бірлігін мәңгі қылсын» деп хадия емес, үш жүз долларды садақа жасадым» дейді жымиып.
«ОЛЖАНЫ ОРЫС ДОСЫҢА БЕРДІҢ БЕ?»
Димекеңнің бала кезінен бірге өсіп, бірге жүрген досы Атымтай Хисанов өте әзілқой адам болған. Димекеңмен де қалжыңдасып, жүрген жерінде үнемі әзіл араластырып сөйлеу – ол кісінің әдеті екен. Димекең де Атымтай жайында әзіл әңгімелер айтатын көрінеді. Аңшылыққа жиі шығып, олжалы қайтатын Ди-мекең бір жолы қабан атып, атқан қабанын көмекшісі арқылы Атымтайдың үйіне жібереді. Доңыз етін жемейтін ол кісі Димекеңнің бұл ісіне ренжиді. Не істерін білмей қапаланып тұрғанда көршісі, үлкен қызметтегі орыс досы кіріп келеді. Ол бұзылмаған қабан етін көргенде қатты қызығады, бірақ сұрауға ұялады. Мұны сезген Атекең: «Ой, көршім, сенің келгенің қандай жақсы болды. Мына қабанның етін түгел алып кет», деп Димекең жіберген олжаны көршісіне сыйлайды. Осылай боларын білген Димекең кешкісін Атакеңе телефон соғады. «Атымтай, орыс досың олжаны алып кетті ме?» дейді. «Иә, Димеке, шошқаны алып кетті» дейді Атакең күліп.
Б.САҒЫРБАЙ.
Астана.
____________________________
ҚЫЗЫҚ…
Орталықтан үлке-е-е-ен Әкім келді.
Үлке-е-е-ен Әкім болғасын –
Ойхо-ой, ақылды енді.
Нөсерлетіп сөйлегенде,
Гүлдендіріп жіберер тақыр жерді.
Алыстан ақылын жұмсап жіберуші еді,
Бұл жолы өте жақын келді.
Әкімді жақыннан көреміз деп,
Ойын тастап бала,
Қойын тастап шал,
Ұршығын тастап кемпір,
Қуыршағын тастап қыз,
Азанын тастап молда,
Қазанын тастап қатын келді.
Қазақтан өткен жомарт бар ма,
Әлгі Әкімнің өзі сөйлеп тұрған көшеге
Сол жерде-ақ айқайлатып атын берді.
Бұл Әкімнің тамыры тереңдеп кетті,
Құлағы керең боп кетті.
Көзі көрмейтін болды,
Өзі өлмейтін болды.
Ішіп жатыр, жеп жатыр,
Әкімнің төсегінде көп жатыр.
Туыстарын жиып алды,
Дүниені үйіп алды.
Жасағаны – ұрлық,
Асағаны – сұмдық,
Бұл осылай жүре берсе,
Біз тындық! –
дейтін жақтырмайтындар –
Қол көтеріп сөз алды.
Оны көріп,
Осы ауылдағы кіші әкімдердің
Өңі бозарды,
Ерні сазарды.
Қызық...
Сол жақтырмайтындар –
Жақтыратын сөз айтты,
Бөрікті аспанға лақтыратын сөз айтты.
Үлке-е-е-ен Әкім не десе де
Тақ тұратынын айтты.
Келесі сайлауда тағы да
Дауыс беретіндерін айтты.
Соңынан «уралап» еретіндерін айтты,
Оған қарсы оппозиция шықса,
Тура қолдарында «өлетіндерін» айтты.
Үлке-е-е-ен Әкім бұл жиыннан
Бір сәйгүлік мініп қайтты.
Жақтырып сөйлегендер
Иықтарына шапан іліп қайтты.
Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛЫ.
Алматы.
_______________________
МАҒЫНАСЫ МАЙЫСҚАН МАҚАЛДАР
Сыпайы махаббат ауланы жағалайды,
Сайқал «махаббат» саунаны сағалайды...
* * *
Қудың достығы – қызметің барда.
* * *
Шайпау әйелден шайтан да қашады.
* * *
Қаржысыз еркекке қатын жоламайды.
* * *
Зердесіз достан – зерек дұшпан артық.
* * *
Қаржысы көптің қалжыңы да ерекше.
* * *
Ақшалы адамның «арқасы» болады.
Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ,
Қызылорда.
____________________
ДАЙ, ДАЙ, ДАЙ
Мекемесі тым тәуір,
Жалтырап тұр сақадай.
Жұмысшы «жалақы аз» деп,
Бақылдайды бақадай.
Бастығы бар жайын ауыз,
Жұта берер лақадай.
Қазақшасы онша емес,
Орысшасы «дай, дай, дай!»
ДҮЛЕЙ
Берсең алады,
Жүрсең шалады,
Ексең орады,
Тессең сорады.
Ішсе кекіреді,
Тойса секіреді,
Мақтасаң өсіреді,
Жақпасаң көшіреді.
Бермесең тебеді,
Жиналыста сөгеді,
Ренжітсең ірейді,
Қабырғаға тірейді.
Сондықтан сорлап қалмай,
Ренжітпе дүлейді.
ӨТІРІК ӨЛЕҢ
Көшемізде көк жайқалып,
Арықта су сылдырлап ағып жатыр.
Ауылымыз малға толып,
Шопандар төрт түлікті бағып жатыр.
Келіншектер көп бала тауып,
Кеудесіне орден, медаль тағып жатыр.
Тақтайдай тегіс жолда жүргізушілер,
Арзан жанармайды
рахаттанып жағып жатыр.
Уайым жоқ, қайғы жоқ,
Тұрғындар шемішкесін шағып жатыр.
Мына біреу көшеде нағып жатыр?..
Марат КӨПТІЛЕУОВ.
Қызылорда облысы.
__________________
«БАҚ» БАСТА ЕКЕН...
Тамаққа тойымсыздық пайда болғалы біраз болған. Етжеңді де емеспін, ықшам ғана қозы қарным болса да, алдымдағыны сиыр жалағандай етіп бір-ақ тоқтайтын болып жүрмін.
Соныма қарай шыр бітсеші. Сыйдиған сирақ, қалқиған құлақ, етім сүйегіме жабысып, іш киімнен қабырғаларымды санауға болады.
Бататыны – бір отырғанда бір өзім үш пенденің ас-ауқатын тып-типыл ететінім...
Қайбір жақсылық дейсің, мұныма үй-ішім де, жора-жолдастарым да таңырқай қарап, мән бере бастаған соң жөн-жосығын анықташы деп дәрігер досыма барып қаралған болдым.
Ол бар өнерін сала, аппаратымен де аударып-төңкеріп көріп: «Еш кінәрат жоқ. Тек «ішінде құрты бар» деген диагноз қойып берейін. Бұл қылығыңнан «ішімде құртым бар» деп қана құтыла аласың» деді.
Ел құлағы елу, «ішімде құртым бар екен» деп қинала отырып бір-екі рет айтып, дәрігер диагнозын бір-екеуге көрсете қойып едім... таңданыс тыйылды, мән-беру доғарылды.
«Құртыма» етім үйреніп, жетісіне кемі бір рет сыраға тойып келген күні: «Сыра іштегі құртты құртудың бірден-бір емі екен. Емі болғанда, оның өсіп-өнуіне таптырмас тосқауыл» деп айтатынды шығарып алдым...
Етім үйреніп, кей-кейде ішіңкіреп жіберіп есалаң болып келген күннің ертеңінде: «Қайбір жетіскеннен ішті дейсің. Дәрігер досымның «құртың қоздамасын десең, анда-санда спирт ұрттап тұр. Ол ана пәлекетіңнің мысын басады, түптің түбінде оның тамырына балта шабады» деген соң сілтеп жіберіппін деп ақталған боламын.
Етім тұрмақ бойым да үйреніп, бірде әйеліме қол жұмсап қойып, ертесінде үстел шетіне дәрігер диагнозын қойып отырып: «Жаным, кешірші! Бәрі-бәрі ана іштегі құрттың кесірі... Пәлекет тек ішкен тамақты ғана талғажау етпей, кей-кейде жүйкемді де жұқартатын болып жүр...» деп біраз айтып барып сендіріп, бетін бері қаратқан болдым.
Бірде бастықпен салғыласып, айтпағаным жоқ, аузымнан ақ ит кіріп, көк ит шығарыппын...
Ертесінде ес жиып, жалмауызға да жан керек, оңашада дәрігер диагнозын басекеңнің алдына тастап, айда кеп неше түрліні қиыстыра, болмағанды болдыра, іштегі құрттың ит терісін басына қаптап, кешегім соның қырсығы екенін аузым ақкөбіктенгенше дәлелдеп барып жаным қалды...
Сөйтіп, «құртым» басыма бақ болып қонып, небір кесір-кесапат алдымнан шыға қалса, ойланбастан «құртымды» жалаулатып шыға келетін болдым.
Тағы бірде, сорақысы – үйге қайын атам мен қайынаға келгенде болғаны...
Баяғы ішірткімді ішіңкіреп жіберіп, «құртымның» құдіретіне сеніп, айда кеп ақылман боп, ағыл-тегіл ағытыла іштегі қыжыл атаулы сыртқа лоқсысын кеп... Атамды да аямаппын, қайынағаға тіл тигізе тілерсегінен теуіп те жіберіппін...
Е, ертесінде дәрігердің қолы қойылған, мөр басылған диагноздың түп нұсқасын тізерлей отырып көрсетіп, «құрт ауруының» кесір-кесапатын аударып-төңкеріппін...
Не керек, «құртым» құтыртып, бірде бір бейбақты әй-шай жоқ тілдеймін деп, ол есер екен, мені бас-көз демей төмпештеп, есім ауып емханадан бір-ақ шығыппын.
Ес жиып, таяқ таңбаларын дәрігерге тиянақтатып барып, әлгі есерсоқты сотқа бере қалмасым бар ма...
Не керек, сотта алдымен сәл-пәл тіл тигізгенімді мойындап, оған барғызған «құрт» диагнозымды тіркетіп, «құрт ауруының» кесір-кесапаты жазылған бес бет парағымды қоса ұсынып қоқилана отырдым... Көрсін ит неме, кімге киліккенін! Тартсын сазайын, төлесін айыппұлын.
Не керек, талабым тасқа шағылды! «Құрт ауруым» құрдымға кетті... Анау дін аман босап, мен айыппұл төлеп құтылдым.
Сөйтсек, әлгі мен соқтығысқан есерсоқтың да «құрты» бар екен... Тек оның «құрты» ішінде емес, басында екен...
Ерсұлтан МАҒЖАН.
Алматы облысы.
_________________
СТУДЕНТТІК «СҮР» СӨЗ
Студенттер деканға асхана тамақты нашар дайындайды деп өкпе білдірген соң декан асхана аспазшысын шақырып, студенттер өкпесін айтып, егер түзелмесе жұмыстан босататынын айтады.
Сонда аспазшы:
– Олардың айтқанында негіз жоқ, былжырақ әңгімелеріне көңіл бөлмеңіз, өйткені олар ас ішіп отырып сіздің қызметіңіз туралы да сондай мағынадағы әңгімелерді гөй-гөйтеді, – деген екен.
* * *
Дәрігер-студентке профессор:
– Ауруды терлету үшін не істеу керек? – деп сұрақ қояды.
– Терлетудің қамын жасаймын.
– Мәселен?
– Құлпынай, қарақат қосып ыстық шай беремін.
– Ол терлетпесе ше?
– Дәрі беріп маймен сылаймын.
– Ол да әсер етпесе ше?
– Онда арнайы аппаратқа жатқызамын.
– Оның да күші жетпесе ше?
– Онда... экзамен тапсыруға сізге жіберемін...
* * *
Мұғалім студентке:
– Экзамен деген не осы? – деп төтесінен тартады.
– Білімді екі адамның әңгімелесуі.
– Екеуінің бірі нақұрыс болса ше?
– Онда оның біреуі стипендиядан қағылады...
* * *
Студенттер арасындағы сұрақ-жауап.
– Қалай тапсырдың?
– Үштік алдым.
– Неғып?
– Басында бес алғым келген. Ойлана келіп, келіп-кетері шамалы екен, үштікке тапсырдым да, қалғанына сыра сімірдім...
Мүйісті жүргізген Берік САДЫР.