12 Шілде, 2011

Күлкі – көңіл ажары

540 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Республикалық көңілділер мен тапқырлар клубының финалдық ойыны Зайсан қаласында мәресіне жетті Жақында еліміздің шығысындағы  Зайсан қа­ла­сында ел есінде қалатындай елеулі оқиға болып өтті. Бұл дүбірлі бәсеке ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналды. Көңілділер мен тапқырлардың ойынын Зайсан қаласында өткізудің өзіндік мәні бар. Көрші мемлекет Қытаймен шекаралас жатқан аудан эконо­мика­сы күрт дамып келеді. Зайсан қаласының орталық көше­ле­рі­нің бірі Астана атауымен аталмақ. Жақында Тәуел­сіздік символы – Бәйтерек монументі орталық алаңда орнатылды. Аудан әкімі Серік Зайнулдиннің баста­масымен барлық елді мекендерде ағаш кө­шет­тері отырғызылып, аулалар мен көшелер тазартылды. Аудан тұрғындары 20 жылдыққа арнап 20 мың ағаш көшетін отырғызды. Хош, сонымен гүлденген, нұрланған Зайсан қала­сы еліміздің әр аймағынан келген өнерлі жастарды өзі­не жинады. Облыс әкімінің кубогы жүлдесіне арнал­ған қазақша республикалық көңілділер мен тапқыр­лар клубы ойындарының ақтық мәресі аудандық мәдениет үй­інде ұйымдастырылды. Оған жиыны сегіз команда қатысты. Олардың қатарында көрермен­де­ріне үйдегі көгілдір экран арқылы жақсы таныс Ал­маты  қала­сынан келген «Арман қала», Тараз қаласы­нан келген «Тараз-2000», қызылордалық «Қызық Орда», соны­мен қатар, Өскеменнен келген «Қошемет», Семей қа­ласынан келген «Семей» жастар құрамасы, семейлік тағы бір команда «Альянс», Көкпекті ауд­а­нынан келген «Толағай тентектері» командалары бол­ды. Ал ау­данның намысын былтырғы жыл бойынша облыстық ойындардың жеңімпазы, республикада ай­шықты ой­ындарымен, салиқалы әзілдерімен танылып жүрген  «Нұр Зайсан» командасы қорғады. Ойынды бастан аяқ Қазақстан «КВН» одағы қазақ лигасының президенті Есен Елеукен жүргізіп отырды. Ал Қазақ­стан­ның әр аймағынан жиналған өнерлі жастардың рес­пуб­ликалық «Зайсан-2011» фестивалін аудан әкімі, жас­тардың жанашыры С.Зайнулдин құттықтау сөзбен ашты. – Құрметті қонақтар, еліміздің әр қаласынан ат арытып келген жастар! Сіздерге киелі Зайсан жеріне қош келдіңіздер дейміз. Сіздерді облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың кубогы жүлдесіне арналған, 140 жылдық тарихы бар Зайсан қаласында өтіп жатқан республикалық көңілділер мен тапқырлар клубының фестиваліне қатысуларыңызбен құттықтаймын. Барлық командаларға шынайы бәсекелестік, сәттілік және жеңіс тілеймін, – деді аудан әкімі. Талантты жастардың думанды бәсекесін осы до­даға қатыспаса да, өнерлерін көрсетіп қайтуды мақсат еткен Аягөз ауданынан келген жастар командасы бастады. Осыдан кейін-ақ, зал толы жастарды тапқыр әзілдерімен, күлкілі көріністерімен, қызықты қимыл­дарымен баурап алған фестиваль жалғасып кетті. Екі сағаттан астам уақытқа созылған кілең өнер­паз жастардың жарысында қазылар алқасына жеңім­паздарды анықтау оңайға түскен жоқ. Фестивалдің қорытындысында құрамында аудан әкімінің орынба­сары Руслан Қайырсынов, «Қазақстан КВН одағы» жастар қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Нағи Бақытбеков, облыстық ішкі саясат басқар­ма­сы­ның жастар және үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жөніндегі бас маманы Ерболат Ошақбаев, Тарбағатай аудандық «Толағай» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ермек Құрманғалиев, аудандық «Достық» газетінің директор-редакторы Дәурен Аллабергенұлы бар қазылар алқасы төмендегі үздік өнер көрсеткен командаларды жеңімпаз деп тапты. Көңілді көріністерімен, сауатты ұтқыр әзілдерімен зал толы көрермендерді баурап алған «Тараз-2000» командасы бірінші орынға, әдемі әзілдерімен, көз тартар киімдерімен көрермендер есінде ұзақ қалған зайсандық «Нұр Зайсан» және алматылық «Арман қала» коман­далары екінші орынға, Қызылорда қала­сынан келген «Қызық Орда» және семейлік «Альянс» командалары үшінші орынға ие болды. Жүлделі орын алған командалар облыс әкімінің жүлделерімен мара­патталды. Бұдан басқа фестивальге қатысқан барлық командаларға ата­лымдар бойынша марапаттар мен сыйлықтар тапсы­рылды. Фестиваль соңында өңірге алғаш келіп тұрған Есен Елеукенді сөзге тартқан болатынбыз. – Бүгін Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қа­ла­сында республикалық үлкен КВН фестивалі болып өтті. Аудандық деңгейдегі шағын қалада осындай үл­кен жиын жақсы ұйымдастырылған екен. Көңіліміз толды. Осында жұмыс істеп жатқан, облыстық, аудандық ішкі саясат саласының мамандарына аталмыш шара­ның басы-қасынан табылған жастарға ризамыз. Арайлым Есімбекова жетекшілік ететін аудандық «Бастау-Зайсан жастары» қоғамдық бірлестігінің жұмысы өте жақсы жолға қойылған екен. Мұндай жиынды өткізуге қолдау білдіріп отырған аудан басшысы Серік Зайнулдинге өзімнің және жас­тар­дың атынан үлкен алғысымды айтамын. Зайсан қаласы көркімен көз тартады екен, деді ол сөзін түйіндеп. Оңдасын Елубай, Дәурен Аллабергенұлы, журналист. Шығыс Қазақстан облысы. Суретте: аудан әкімі Серік Зайнулдин мен Есен Елеукен үздіктерді марапаттап тұр.