12 Шілде, 2011

Көрінген сонадайдан...

751 рет
көрсетілді
31 мин
оқу үшін

«Елу жылда ел жаңа,

Қырық жылда – қазан».

Халық мақалы.

Айдарынан жел есіп, көмейінен ән құйылған есімі беймәлім дарынды бабамыз ХІХ ғасырда тол­ғана шығарып, әуелете шырқаған ғажап ән дәл осылай: Көрінген сонадайдан Гурьевім, Көрмедім Гурьевтей жер биігін, − деп басталатын... Осы әнді тыңдаған бәзбіреулер әлі күнге дейін: «Апырмай, Гурьевті де жер биігі деуге болады екен-ау», деп мырс-мырс күлетіні бар. Ал әннің келесі екі шумағына жұрт онша көңіл бөле бермейді. Ән әрі қарай былайша жалғасып кете берер еді: Сыртыңнан өзімсініп жүрсем-дағы, Әркімдер салады екен көз қиығын... Паһ шіркін, не деген көреген, болжампаз жан еді сол әнші бабамыз! Жағасы жұтаң болғанымен Жайығы бар, даласы сұрқай болғанымен мұнайы бар, қақпақты қара қазан өлкеге сонау патша заманынан бері қожалар табылған. Мұрат Мөңкеұлы ақын: Жайықты тартып алғаны Жағаға қолды салғаны, Ойылды тартып алғаны Ойындағысы болғаны, − деп бебеулеген зар за­маннан бері Атырау өлкесі кімдерге жем бол­мады. Әуелі қасиетті Ақжайыққа балығын шо­шы­тасың деген желеумен қазақтың малын суа­ру­ға шек қойылды. Ал тайдай тулаған балықтар желбезегінен тізіліп, алтынға баланған уыл­ды­рық­тар ағаш бөшкеге құйылып Мәскеуге, Санкт-Петер­бург­ке жөнелтіліп жатты. Соңыра ХІХ ғасырдың басында Атырау даласында ая­ғы­на керзі етік, үс­тіне брезент шекпен киген, қо­­лына темір таяқ ұстаған жүн сақалдар қап­та­ды. Олардың мал мен киік жайлаған даланы емін-еркін мекендеген жалба тұмақ қазақ­тар­мен онша ісі болған жоқ, таң­ның атысы күннің батысы жер шұқумен уақыт өткізді. Осы өңірде «Орыс қазған» деген жер атауы содан қалған. Қайласын шошаңдатып қаптап кеткен Астаховтар, Лимандар қойсын ба, көп ұзамай Жылой­дағы Қарашүңгілден мұнай бұрқырады. Кейін қазақ мұнайының қарашаңырағына айналған Доссор мен Мақатқа Нобель келіп қазақ мұ­найын өндіру үшін алғашқы ұңғыларды салды. Нобель­дің пайда көзін іздеген басқа кәсіпкер-бизнес­меннен айырмашылығы – ол мал со­ңында жүрген қазақ­тарды бұрын-соңды көз кө­ріп, құлақ естімеген жаңа кәсіпке әкеліп салды. Алайда қазақтар ол кезде маңдай терлерінің нәпақасын алғаны болмаса, малдың қотырына жағатын қара майды Еуропа мен Америка алтынға балайтынын қайдан білсін! Мың тоғыз жүз он жетінші жылғы революциядан кейін билікті қолына алған В.Ленин де Қа­зақстан мұнайына бірден назар аударды. Содан бері Кеңес өкіметі қазақ мұнайын өндіріп, ел игілігіне армансыз пайдаланып келді. Соғыс жыл­дарын­да Доссор мен Мақаттың мұнайы кеңес танктары мен машиналарына таптыр­май­тын жанармай еді. Ақын ағамыз Асқар Тоқ­мағам­бетовтің: «Мұнай бер қазақ, мұнай бер, Соны сенен сұрайды ел», деп жыр жазатын кезі сол соғыс жылдары еді ғой. Иә, Доссор мен Мақаттың мұнайшылары – қариялар, әйелдер, жасөспірімдер, соғыстан броньмен қалған бірен-саран маман мұнайшы ер азаматтар өздері аш құрсақ жүріп, кеңес әскеріне тонналап мұ­най берді. Өйткені, Қазақстан мұнайының сапа­сы өте жоғары болғандықтан көп өңдеуді қажет етпей соғыс техникасына сол күйі пайда­ла­ны­ла­тын. Соғыстан кейінгі халық шаруа­шылығын қал­пына келтіру жылдарында да, қазақ мұнай­шы­лары орталық үшін еңбек етті. Алайда мұ­най­­шылардың әл-ауқаты, тұрмыс жағдайы бы­лай­ғы халықтан асып кете қойған жоқ. Байшонас, Қошқар, Комсомол сияқты кәсіпшіліктер түске дейін мұнай айдаған құбырдан түс қайта кері айдалған май аралас ауыз су ішіп отырды. Мына әділетсіздікті қараңыз: Кеңес өкіметі мұнай мен газ өндіруден Ресей мен Әзер­бай­жан­нан кейін үшінші орында тұрса да Қазақ­стан­да мұнай және газ өндіру министрлігін құрған жоқ. Орталық Қазақстандағы мұнай мен газ өндіру саласы тікелей Мәскеуге бағынып, әр тамшы мұ­най есепте тұруы керек деп санады. Кеңес Ода­ғы­ның Байбаков, Оруджев сияқты ал­пауыт министр­лерінің «ақ дегені алғыс, қара де­гені қарғыс» ретінде қабылданды... Иә, Аты­рау, кейінірек Маң­ғыстау Отанға мил­лиондаған тонна мұнайды жөнелтетін алып кәсіпшілікке айналды. Бірақ өзектен суырылып өзгеге олжа болған мұнай бұлағынан елге келіп-кетер пайда азғантай еді. Әсіресе Кеңес өкіметі күр­кіреп тұрған заманда Гурьев қаласы бал­шы­ғына бота батып кететін, масасы денеңді қызылшақа ететін Қазақстанның ең артта қалған облыс орталығы болатын... Кісі таңғалатын тағы бір қарама-қайшылық – шаңы шыққан жері мен күнқақты жадау халқы бар жұпыны аймақты Кеңес Одағы бір сәт назардан тыс қалдырған емес. Өйткені, Ақ­жайықтың кәрі Каспийге құятын сағасына ерте көктемде теңізді тастап келіп тірі алтын – қы­зыл балықтың әлемде сирек кездесетін 7 түрі уыл­дырық шашатын. Бала кезімізде жазғы­тұ­рым Атырау қаласына бара қалсақ, қаптаған орыс милицияларды көріп шошы­­на таң қала­тын­быз. Қаланың түбінде Жайық­тың жағасына қо­ныстанған «Қызыл балық» кол­хозын­да тұра­тын Өтебәлі нағашымның үйіне барып келе жат­қан бізді жолда әлгі бейтаныс милициялар бір­неше мәрте тоқтатып, машинаны, ішінде отыр­ған бізді тінткілеп әуреге салатын. Сөйтсек қызыл балық пен уылдырық алып бара жатқан жоқ па деп тексереді екен ғой... Жыл сайынғы қала­ға қаптап кететін бейтаныс милициялар Жа­йық­тың алтын балығы мен маржан уыл­ды­рығы қолды болып, қазақтардың қанжығасында кетпеуі үшін Орталықтан, Астраханнан, Волгоградтан, Саратовтан, Самарадан арнайы іс­са­пар­ға жіберілген сақшылар еді. Олар Қазақ­стан­ның басшы­лары­на бағынбайды, браконьерлік жасап ұстал­ғандарды сол бойда тергеусіз, тексерусіз соттап жіберетін. Кеңес өкіметі тұсында мұнайшылардың да бүгінгідей асып-тасып, алқып-шалқып өмір сүр­гені шамалы. Сол жылдары талай-талай мұ­най­шылар «қосып жазды» деген жаламен 5-10 жыл­ды арқалап сотталып кетті. Яғни, қазақ мұ­найы шашау шықпастан Орталықтың қаза­нына құйы­лып жатты. Кеңес Одағы тараған шақта Компартия үшін малын бағып, егінін өсіріп, балығын аулаған, мұ­­найын өндірген қазақтар ұлы қамқор­шы­сы­нан, алып асыраушысынан айырылғандай то­ры­ғып, аб­дырап қалды. Алланың құдіретімен келген тәуел­сіздікке тосырқай қарады. Ақын Темірхан Медет­бектің: «Бостандығым туралы сөз» деген өлеңіндегі мына шумақтар сол кезді дәл суреттеген: Ұшыраған тауқымет дауылына, жаурап тоңған тағдырдың жауынына, − бостандығың келді ғой, бостандығың! Құшағыңды аш! Тарт оны бауырыңа! Қарашы оған: Кетеді адам аяп. (Айттым мұны тұрсам да қаламай-ақ!) – Бостандығың келіп тұр, бостандығың! Жалақ ерін, жалаңбас, жалаңаяқ! Өз бетімен өмір сүру тәуелсіз жас мемлекетке де, қарапайым халыққа да оңайға түспеді. Бұл 90-шы жылдардың басы болатын. Егемендігін кеше ғана алған жас мемлекеттің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «балапан басына, тұрым­тай тұсына» кетіп басқа түскен ортақ қиын­дық­ты жақсы түсінді де ішкі мүмкіндіктерді мейлінше оңтайлы пайдалануға бар мүмкіндігін, та­ланты мен күш-жігерін жұмсады. Әлі есімде, 1993 жылдың 6 сәуірінде Ал­ма­ты­дағы Достық үйінде Қазақстан басшысы Аме­­риканың Chevron компаниясымен «Теңіз­шевройл» бірлескен кәсіпорынын құру жөнінде бас келісімге қол қойды. Бұл «ғасыр келісімі» жас қазақ мем­лекетінің басқа елдермен кәсіп­кер­лік байла­ны­суына салынған тұңғыш алтын кө­пір еді. Қол қою салтанатында сөйлеген сө­зінде Н.Назарбаев: «Біз толық сеніммен мұнай-газ секторына үлкен үміт артамыз. Оның толық­қанды жұмыс істеуі – болашақ жүзжылдықта елді өркендетуге арналған ең басты мүм­кін­дігіміз», деп еді. Айтқаны әулие­нің сөзіндей дәл келді. Еліміздің мұнайы мен газын өндіру, шетел инвестициясын тарту жас тәуел­сіз Қазақ­стан­ның экономикасы мен әлеу­мет­тік жағ­дайы­ның өртеңге шыққан гүлдей дүркірей дамуына септігін тигізді. Сол 1993 жылдың желтоқсан айында Қазақстан үкіметі әлемге әйгілі мұнай компаниялары – Shell, Statoil, Mobil, Britsh Petroleum, Britsh Gaz, Total және Agipпен ха­лық­аралық консорциум құру жөнінде келісім-шартқа қол қойды. Басқарушы операторы бо­лып Қазақ­стан­ның мемлекеттік компаниясы «Қа­зақстан­Каспийшельф» тағайындалды. Әри­не, Қазақстан­ға шетел мұнай компания­ларының қаптап келуіне күмәнмен қарағандар да аз емес еді. Оппо­зи­циялық басылымдар «бар байлы­ғы­мыз шет­елдердің қанжығасында кетеді, біз енді Америка мен Еуро­паның құлақкесті құлына айналамыз. Мұнай мен газды өз күшімізбен де өндіруге толық мүм­кіндігіміз бар еді ғой», деп байбалам салып жатты. Алайда бізбен бірлесіп 40 жыл мерзімге құрылған «Теңізшевройл» ком­­паниясы алғашқы күннен бастап жергілікті тұр­ғын­дардың әл-ауқатын арттыруға, тұрмыс жағ­дайын жақсартуға арнайы бағдарлама жаса­ды. Құлсарының маңынан жаңа типті кент са­лынып, экологиялық ахуалы төмен бұрынғы мұ­най кә­сіп­шілігі Қаратон елді мекенінде тұратын халық түгелдей көшірілді. Аудан орта­сындағы ауру­ха­наларға жаңа жабдықтар алынып, мектептер күрделі жөндеуден өткізіле бастады. Тұң­ғыш құрылған қазақ-американ бірлескен кә­сіпорны аз уақыт ішінде Қазақстанға кеңінен танымал мекемеге айналды. Ал жаңадан құ­рыл­ған консорциум Каспий қайраңын жан-жақты зерттеуге кірісіп кетті. Бұның бәрі алдымен Қа­зақстанға, қала берді Атырау облысына құйы­лып жатқан қаржы көзі еді. Артта қалған көне қала Атырау қанатын кеңге жая бастады, аз уақыттың ішінде облыс ірі өндіріс орталығына айналды... Ақиқатты мойындаған абзал, қазақтың өз қолы өз аузына жеткені де осы тәуелсіздік ал­ған­нан кейінгі жиырма жылдың көлемі ғой. Ата-бабадан кейінгі ұрпаққа мұра болып қалған жерасты бай­лы­ғының арқасында қазақ бала­лары жер шарының түкпір-түкпіріндегі ең беделді жоғары оқу орындарынан білім алып келіп жатыр. Мемлекеттік «Болашақ» бағдар­ла­масымен, мұнай компа­ния­ларының тікелей жол­дамасымен балаларын шетелде оқытып жатқан Қазақстандай ел әлемде саусақпен санарлық қана. Ал бас аяғы 10-15 жылдың ішінде Астанадай қала салу да әлемдік сәулет-құрылыс тари­хын­да сирек кездесетін құбылыс. Тағы бір жаны­мыз марқайып, мақтанарымыз – Қазақстан қалалары­ның барлығы дерлік Астанаға қарап бой түзеуде. Бүгінде Алматы, Талдықорған, Жамбыл, Шым­кент, Атырау, Павлодар, Ақтөбе сияқты қалалар­дың құлпырып өскені сондай, көркіне көз қуанады... Салыстырып айтар болсақ, осыдан оншақты жыл бұрын Атырау қаласында жеңіл автокөлік іркілмей өтетін басы бүтін бір көше табу мүм­кін емес еді. Қазір қала мен оның маңындағы 380-нен астам ірілі-ұсақты көшеге асфальт тө­се­ліп жар­қырап жатыр. Иә, соңғы 4-5 жылдың көлемінде Атырау облысы халқының тұрмыс тіршілігінде кісі таңғаларлықтай жаңалық көп. Тәуелсіздік ал­ғанға дейін энергетикалық бай­лық­тың үстінде отырса да электр және жылу жү­йесіне, ауыз суға аса зәру болатын. Өзен-көл­ге, орман-тоғайға тап­шы елдің экологиялық ахуа­лы да жан құлазы­тарлықтай. Қызылқоға сияқты шалғайдағы аудан тұрғындары ауыз суды күні кешеге дейін сатып алып, ішіп келді. Оның өзі алғауы бар кермек татитын тұзды су болатын. Қыс айларында отқа жағатын көмірді Сағыз стансасынан үйіне жеткізіп алу үшін де қарапайым халық әбден әбігерге түсетін. Бүгінде Атырау облысы халықтың тұрмыс-жағдайына байланысты күрмеуі көп күрделі мә­селелердің барлығын толықтай шешті деп мақ­танышпен айтуға болады. Бұл егемендік алған Қазақстан мемлекетінің 20 жылда етек-жеңін жиып, экономикасының қарқынды дами баста­ғаны­ның айқын айғағы... Биылғы Қазақстан халқына Жолдауында Президентіміз ел алдындағы басты міндеттер деп үш мә­селені алға шығарған. Олар: үдемелі индус­трия­ландыру есебінен экономиканың тұ­рақты дамуына қол жеткізу; нәтижелі жұмыс­пен қамту бағдарла­масын жүзеге асыру; азамат­тар­ды сапалы әлеу­мет­тік және тұрғын үй-ком­муналдық қызметтермен қамтамасыз ету. Мен Елбасы алға қойған осы басты үш мә­селе Қазақстанның қай облысында да қарқынды жүзеге асып жатқанына күмәнданбаймын. Дей тұрғанмен Атырау облысының соңғы бес-алты жылдағы эко­но­микалық-өндірістік, әлеуметтік-тұрмыстық қа­рыш­ты қадамдарына таңданбау мүмкін емес. Бұл ең алдымен ел Президентінің сарабдал саясаты екенін айтқан абзал. Бұрын басым көпшілігі Орталықтың алып қазанына құйылатын ұлттық байлығымызды өз игілігімізге жұмсай бастағанымызға да, міне, жиыр­ма жылдың жүзі болды. Ауқатты елдердің қазынасына көз сүзетін кедейшілік заманды біз ұмытқалы қашан! Бүгінде облыстарымыз бір-бірімен бәсекелесіп, байлық жарыстыратын дәрежеге жетті. Осы пікіріміздің айқын бір дәлелі – Атырау облысы. Соңғы төрт жыл бойы мұнайлы облыс әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші бойынша алдына жан салмай жеке-дара көш бастап келеді. Атырау облысына бара қалған қонақ ең алдымен қаланың маңындағы алып құрылыстарға назар аударып, таң қалар еді. Таң қалып қана қоймай, сол алып құры­лыстарда қазақтармен қатар ағылшынша, французша, немісше, орысша, итальянша, испанша, қытайша сөйлеген әр түрлі ұлт өкілдерінің тату-тәтті еңбек етіп жатқанын көріп риза болар еді. Әрине, шеттен келген жұмыс күш­тері мен жер­гілікті жұмысшылардың ара­сын­да еңбек­ақыға, тұрмыс жағдайына байланысты түсі­ніс­пеушіліктер болып тұрады. Осы зәру мәсе­ле­ге байланысты өткен жылы қараша айында Аты­­рауға жұмыс бабымен келген Президент Нұр­сұл­тан Назарбаев мұнай-газ саласы үшін мамандар дайын­дайтын «Каспиан техникал ресурсес» оқу орта­лығының жұмысымен танысып, оқып жүрген жастармен кездескенде былай деген еді: «Респуб­ликамызда, соның ішінде Аты­рау аумағында, әлем­дік деңгейдегі талаптарға жауап беретін ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр, Сіздер солар­дың бәріне де белсене ара­ла­суға тиіссіздер. Қазір осында бірнеше шетел­дің іргелі компаниялары қызмет істеп жатыр. Жаңа кеніштер игеріледі. Солардың бәріне кей ретте сырттан мамандар шақыруға тура келеді. Өйткені, өзімізде әлі де дүниежүзілік стандарт­тарға сай озат техника мен озық технологияны жете меңгерген мамандар тапшы болып тұр. Ал, біз Солтүстік Каспий жобасы секілді ау­қым­ды шараға тек әрі қауіпсіз, әрі өркениетті тәсілдерді ғана қолданамыз. Соны сіздер де жете меңгеруге ұмтылуларыңыз қажет. Сөйтіп, осында әзірге жұмыс жасап жатқан шетелдік мамандарды біртіндеп өзіміздің кадрлармен ауыстыруымыз керек. Ертең сырттан келгендер кейін кетеді, сонда осы жұмыстардың бәрін сіздер атқарасыздар. Бұл жұмыссыздық мәселесін де оңтайлы шешуге мүмкіндік береді. Қазір Қазақстанда бұрын болмаған маман­дық­тар игерілуде. Елімізде осындай оқу орын­дары көп болады. Сіздер солардың бірін алғаш бітіргелі тұрсыздар. Сәт сапар тілеймін бәрі­ңіз­ге. Терең білім алыңыздар, жаңа техника мен технологияны меңгеріңіздер», деп еді. Жастарға бағалы ақыл-кеңес айтқан Елбасы шетелдік компаниялармен қоян-қолтық жұмыс істейтін жергілікті жұмысшылардың жағдайын жасап үнемі бақылауда ұстау жөнінде облыс әкі­міне нақты тапсырма берген. Бергей Рыс­қалиев Прези­денттің айтқан ескертулері мен тапсырмаларын халық көңілінен шығатындай етіп орындап келеді. Мәселен, соңғы бірер жыл­да сырттан келетін мамандарға шек қойыла бас­тады. Себебі, қай зәру мамандықты да атқарып кететін жергілікті жастар жетерлік. Сонау тоқ­саныншы жылдардың орта­сынан Теңіз кенішінде тәжірибе жинақтап, сапалы маманға айнал­ған жастардың біразы Қарабатан құрылысында еңбек етуде. Облыс әкімі Екінші буын мен Шикі газды қайта айдау жобалары ақталғаннан кейін қызметсіз қалған мыңдаған жұмысшыны «Болашақ» зауыты құрылысына орналастырды. Орналастыру барысында жергілікті жастардың тәжірибелі мамандар екендігін инвесторларға әбден дәлелдеді. ХХІ ғасырдың алып құрылыстарына жата­тын Қарабатан, мұнайды қайта өңдеу және құ­ры­лысы аяқталып қалған «Болашақ» зауыт­тары­нан басқа Газ-химия кешені мен Атырау мұнай өңдеу зауытын кезекті модернизациялау құрылыс­тары­ның еліміз үшін маңызы зор. Бұ­ған 3Д панелдер дайындау зауытын, металлур­гия­лық комбинат құ­р­ылысын, ас тұзын шығару зауытын, жылына бір қолданымдық 250 млн. дана шприц шыға­ратын зауыт, хош иісті көмірсутектер шығаратын кешен құрылысын қосыңыз... Әйтеуір қаланың айна­ласында біріне-бірі ұқсамайтын, бірінен-бірі асып түсетін, бұрын көз көріп, құлақ естімеген ғажап ны­сан­дар жетерлік. Облыста инновациялық өндірісті дамытудағы алып адымдар осындай. Биыл Атырау облысы болашаққа тағы бір сәтті қадам жасамақшы. Мұнайлы өлке еліміз­дің индустриялық қуатын нығайту мақсатында құны 10 млрд. теңге құрайтын 10 жаңа өндірісті іске қосу арқылы 1500 атыраулық азаматқа жа­ңа жұмыс орнын ұсынады. Мақтаса мақтауға тұратын тағы бір кешенді мәселе жылу электр орталығының 4-кезегінің іске қосылуы өлкенің өзін-өзі энергиямен қам­тамасыз ету мәселесін толығымен шешіп, одан әрі қарқынды дамуға қуатты база жасалды. Әр өңірдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын үнемі бақылауда ұстайтын Елбасы осы жобаның бірінші кезегін өз қолымен іске қосып еді. Бұл өңір жерінің астында мұнай мұхиты, жер бетінде Каспий теңізі, Азия мен Еуропаны қақ бөліп Ақжайығы ағып жатқанымен ХХ ға­сырда ауыз суға жарыған емес. Облыстағы жеті ауданның барлығы дерлік ішетін судың қа­дірін жақсы біледі. Әрине, Кеңес өкіметі тұ­сында да бұл аса зәру толғақты мәселе назардан тыс қал­ған жоқ, алайда жылдар бойына халықтың ері­нін кезертіп ауыз су проблемасын шеше алма­ды. Елбасының үнемі бақылауындағы ауыз су мәселесімен облыс басшы­лары соңғы 4-5 жыл­да мұқият айналысып, толық шешті. Әсіресе облыс орталығынан шалғай жатқан елді мекендер өт­кен жылы ауыз сумен түгел қамтамасыз етілді. Мұнайлы өлкенің төсіндегі мұнай өндіре­тін кәсіпорындардың көпшілігінде әр жерде күн­діз-түні аспанға шапшып алау жанып тұ­ра­ды. Бұл – адам күшіне бой бермей, тізгіндетпей жер астынан от боп атылған табиғи газ. Ал енді ағыл-тегіл тегін газдың үстінде отырып Атырау халқы күні кешеге дейін үйін күйе-күйе болып көмірмен, май-май болып мазутпен жылытты. Газ құбыры іргесінен өтіп жатқан ауылдардың өзі көгілдір отынның қызығын көре алмады. Жылу мәселесі де ауыз су сияқты Атырау халқы үшін ешқашан шешілмейтін өзекті проблемадай көрінетін. Атырау облысының басшылығы Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың аз уақыттың ішінде тұрғын­дар­ды газбен қамтамасыз ету туралы тапсыр­ма­сын бас-аяғы 4-5 жылдың ішінде толықтай орын­дады. Әсіресе орталықтан тым шалғай ор­на­ласқан аудан­дардың ең түкпірдегі ауылдарына көгілдір отын­ның жетуі бұрын-соңды болмаған құбылыс. Ауыл адамдарының, әсіресе әйел­дер­дің күнқақты жүзін­дегі нұрлы шуақты көргенде Қазақстан эконо­мика­сы­ның, соған сәйкес халық­тың әл-ауқатының осы­нау азғантай уақыттың ішін­де қаншалықты шарық­тап өскенін қуана түсінесің. Мұнайлы өлкенің жылдан-жылға шешуін таппай, жолаушы біткеннің жігерін құм етіп, са­парын азапқа айналдырған автокөлік жолдары. Атам қазақ адам тағдырын жолмен бай­ла­ныс­тырып, ақ тілегінің бәрін дерлік жол арқылы бағыштаған. Сол ақ тілектің арқауы болған қара жолдың жолаушы біткеннің тағдырына тікелей қатысы бар. Жиырмасыншы ғасырда адам ғұ­мы­рының кенеттен үзілуіне басты себеп­тердің бірі – көлік апаты. Ал көлік біткеннің апаты сара жолдың үстінде болатыны белгілі. 70-80-жылдары Атырау-Ақтөбе, Атырау-Орал, Атырау-Ақтау сияқты одақтық маңызы бар, стратегиялық құнды тас жолдар салынған. Алайда бәленбай миллиард қаржы жұмсалған даңғыл­дар 2-3 жылдың ішінде сапасыз, азап жолына айналған. Осы трассалардың бойында қаншама көлік істен шығып жарамсыз болып қалды, қаншама адамның өмірі қиылды. Ал ау­дан­аралық даланың қара жол­дарына ешқашан асфальт тө­селіп көрген емес. Күз­дің қара жауы­нын­да, кө­ктем­нің қары еріп, тоңы жібіген уа­қытта шал­ғай ауылдарға кісі аяғы жету қиямет-қайым бо­латын. Ғасырға жуық уақытта әбден қорда­ла­нып, шегіне жеткен жол құрылысы мә­се­лесі де соңғы жылдары бірте-бірте оң шешімін тауып келеді. Тақтайдай даңғыл жол мем­ле­кеттің әл-ауқатының басты көрсеткіші. Рес­пуб­ликалық маңызы бар Атырау-Орал және Аты­рау-Бейнеу тас жолдары бұл күнде таспадай сай­рап жа­тыр. Ал Атырау-Гаюшкин жолы құ­ры­лыс аяқ­тал­ған­нан бері Ресеймен арадағы қа­рым-қатынас кә­дімгідей жиіледі. Облыстың ішкі страте­гия­лық маңызы бар Индер-Миялы-Са­ғыз автокөлік жолы да тұңғыш рет толық аяқталды. Атырау құлпырып жайнап, адам танымастай өзгерді. Қалада 7 демалыс бағы, 10 субұрқағы еу­ропалық стандартпен салынуда. Дәл бүгін еркелей аққан сылқым Жайықтың үстінде 4 авто­көлік көпірі және екі жаяу жүргіншілер көпірі болашақ­тың алтын білезігіндей салтанат құрып тұр. Құдды Еуропаның қалалары сияқты ымырт үйіріле түрлі-түсті шамдар жымыңдай бастайды. Қазақ қазақ болғалы Индердің тұсынан тұң­ғыш рет алып көпір салды. Есте жоқ ескі заман­ның тәбәрігіндей ХV ғасырдың ортасында Қазақ Ордасының құрамына еніп, Еділден ауған Қаз­туған жырау соңына ерген елді аман-есен алып өту үшін Жайықтың түбіне Индер тауы­ның қой тастарын төсеп, Таскешу өткелін сал­ға­ны тарихтан белгілі. Күні кешеге дейін жолау­шы халық осы тұстан арғы бетке пароммен өтіп қатынап жүрді. Көктемде Жайық тасыған шақта пароммен өту өте қауіпті еді. Енді, міне, құ­шағын айқара жайып, болашақтың ақжол­тайындай алып көпір тұр... Ақжайық елін емізген, жемісін жегізген ұлы өзен. Соңғы жылдары оның да тамағы бітеліп, тынысы тарылды. Сан ғасыр бойы жағасында елді алтын бекірелерімен асырап, асырап қана қоймай қара уылдырығына бүкіл әлемнің көзін сүздірген Ана-Жайық шаршады, мөлдір суы лай­ланды, қоқысқа толды, тайдай тулаған балы­ғы азайды. Әрине мұның бәріне кінәлі біреу – біздер, адамдар. Ақжайықтың бұрынғы атақ-даңқын, аста төк байлығын қалай қалпына келтіруге болады? Біреу білсе біреу білмейтін Ақ­жайықтың бір қасиеті бар. Ұлы теңіз Каспийдегі бекіре тектес балықтың барлығы көктемде Ақ­жайықтың теңізге құяр сағасына келіп уыл­ды­рығын шашады. Өйткені осы тұста Жайық­тың суы Алланың құдіретімен ерекше таза бо­ла­ды екен. Сондықтан да күні кешеге дейін Жайық­тың сағасы көктемде шүпір­ле­ген ба­лық­қа сыймай кететін. Қазір бекіре аулау біршама тө­мендеп кетті, тіпті қызыл балықтардың мүл­дем жойылып кету қаупі бар. Қайтпек керек? Бүгінгі таңда Қазақстан мемлекеті Атыраудағы балық шаруашылығына қатысты кешенді жоба­ны іске асыруға кірісті. Атырау қаласынан 7 ша­қырым жердегі Еркінқала елді мекенінде 85 тонна бағалы балық пен 500 кило қара уыл­ды­рық өндіретін бекіре өсіру және оның өнім­дерін өң­дей­тін тауарлы-бекіре фермасы са­лы­нып, құ­ры­лысы аяқталуға жақын. Бұл балық фер­ма­сы­ның қасынан болашақта балықтың жемін да­йын­дайтын, шабақтар өсіретін, балық өң­дейтін және қара уылдырық дайындайтын бірнеше зауыт са­лынады. Мамандардың ай­туын­ша мұн­дай балық шаруашылығына арнал­ған ауқым­ды өндіріс орта­лығы күллі ТМД елдерінде жоқ көрінеді. Елбасының тікелей тапсырмасымен Астана қаласы ұйытқы болған «Жасыл белдеу» бағдар­ла­масын Атырау облысы да жан-жақты қолға алды. Осы игі шараға байланысты облыс әкімі Бергей Рысқалиев облыс экологиясы мен елдің денсау­лы­ғына байланысты тың деректерге құрылған ау­қым­ды мақала жазып («Атырау» газеті №57) ха­лық­ты осы жаңа жобаға қатысуға шақырды. Маған бұл мақаланың айырықша ұнаған тұсы автордың «жауырды жаба тоқымай» Атырау облысының бүгін­гі экологиялық ауыр ахуалына ашық та нақты жазуы. Мақалада көңіл бөлетін мынадай нақты дерек бар: «Облыста негізінен мұнай табиғи радионуклидтер: уран, радий, торийден құралған радиа­ция­лық фон ондаған есе артық радиоактивті 275 учаске бар екені анықталды. Сонымен қатар, су бассейні­нің ластануы – ай­мақ­тағы ең өткір проблеманың бірі. Өзен табан­дары тазалауды өте қажет етеді», дей келіп, қор­шаған ортаның ластануы жергілікті тұрғын­дарға қа­лай әсер етеді деген өзекті сұраққа былай жауап береді: «Жүргізілген зерттеулер бойынша, облыс­тағы аллергиялық ринит ауру­ларының деңгейі рес­публикалық көрсеткіш­терден жоғары тұр. Мә­селен, 100 мың тұрғынға шаққанда аллер­гия­лық ринит ауруы 2009 жылы рес­публикалық көрсет­кіште 500-ді көрсетсе, біздің облыста 1100-ге жеткен. Жүрек, қан-тамыр, қан қысымы аурулары да бірнеше есеге артып отыр. Ең өкініштісі, жас сәбилердің шетінеуі азаймай, өлі туған нәрес­те­лердің, сондай-ақ 1 жасқа дейінгі балалар өлімі өсіп отыр. Ұрпақ­ты дүниеге әкелетін аналардың саулығы да өте нашар. Сондай-ақ, облыста қатерлі ісік ауруларының түрі көбейіп, 2009 жылы олардың саны 648 болса, 2010 жылы 687 адам тіркелген. Аурулардың ішінде өкпе рагы – бірінші орында, екінші орында – асқазан жолдарының рагы, үшінші орында – асқазан рагы және онкологиялық аурулармен ауыратындардың арасында әйел адамдар да аз емес. Одан басқа жүйке жүйелері, бауыр, бүйрек, асқазан, тыныс жолдары аурулары азаймай отыр», − деп оқырмандар назарын аса күрделі мәселеге аударады. Осы мақаланың өзегіне айналған «Жасыл белдеу» бағдарламасы кім-кімді де жайбарақат қал­дыр­маса керек. Әсіресе Атырау облысының әкімі таби­ғаты көк желек пен гүлзарға жұтаң қо­ңырқай өлкені қолдан көгалдандырып гүлден­діру үшін бұрын-соң­ды болмаған тың жоба – алдағы он жылға көгал­дандыру бағдарламасын жасап, тікелей өзі кірісіп отырғаны бүкіл халық қолдауға тиіс ұлы шара. Сонау тоқсаныншы жылдардың басында «Те­ңіз­шевройл» бірлескен кәсіпорнын құрып, Ел­басымыз Нұрсұлтан Назарбаев шетел инвес­ти­циясын тартуға батыл шешім жасау арқылы ел экономикасын дамытудың сара жолын тапқанын бүгінде әлем мойындап отыр. Соның айқын бір дәлелі мұнайлы өлке Атыраудың тәуелсіздік ал­ған жиырма жылдың ішінде жан-жақты дамыған ғажайып өлкеге айналуы. Мереке ҚҰЛКЕНОВ.