Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астанада өткен «Қуатты Қазақстанды бірге құрамыз!» атты форум-көрме еліміздің экономикалық өрлеуін айшықтаған айрықша оқиға болды. «Қазақстандық қамту- 2011» көрмесіне таңдау түскен 139 тауар өндіруші мен қызмет көрсетушілердің тауарлары ұсынылуы, Елбасыға 114 миллиард теңгенің 75 инвестициялық нысаны таныстырылғаны отандастарымызды мақтаныш сезіміне бөледі. Бұл, Елбасы айтқанындай, стратегиялық маңызы бар индустриялық саясаттың алғашқы кезеңінің қорытындысы әрі әлемнің озық 50 елінің қатарына біртабан жақындай түскенімізді білдіретін биік бағам.
Нұрсұлтан Әбішұлы экономикадағы өсімнің 7 пайызын 2010 жылы іске қосылған жаңа кәсіпорындар қамтамасыз еткендігіне риза көңіл білдіріп, мұнда астаналық Ақмола облысының үлесі салмақты екендігін атап өтті. Облыс 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жалпы құны 649 миллиард теңгенің 31 жобасын қамтитын инвестициялық әлеуетті құрып отыр. Серпілістің алғашқы жылында 15 жоба іске асырылса, биылғы меже – 16. Ақмолалықтар атынан көрмеге 4 кәсіпорын қатысып, биылғы жартыжылдықта өнім бере бастаған 5 нысанның жұмысы таныстырылды.
Бұлардың әрқайсысының өңір тіршілігін жандандырудағы орны ерекше. Солай десек те, «Алтынтаудың» аты бөлек шығып тұратындығы белгілі. Мемлекет басшысының республикалық форум-көрмеде әлемдік деңгейдегі жаңа кәсіпорынның аяқ алысын үлгі етіп сөйлеуі, осымен сабақтастырып, елімізде алдағы кезде жылына 70 тонна алтын өндіру міндетін қоюы кездейсоқ емес. Қазақстанда 120 алтын кен орны болса, Үкіметке осынау өндіріске қатысты бірыңғай зауыт құрып, сапалық көрсеткіштерді жақсартуға тапсырма берілді. Бұл көкшеліктерге көңіл өсірер жауапкершілік жүктейтіндей.
Бұрын ол Васильков тау-кен байыту комбинаты аталатын. Елбасы Н.Назарбаев былтырғы 28 мамырда алтын айыру фабрикасын өз қолымен іске қосқан салтанатты сәтте болашақтың кәсіпорнына «Алтынтау-Көкшетау» атауын беру жөнінде ұсыныс жасаған еді. Бүгіндері жұрт аузында «Алтын ғасырдың «Алтынтауы» деген сөз де жиі айтылады.
«Астана күні» мерекесінің ертеңінде «Алтынтауға» асықтым. Көкшетаудың кез-келген шағын ауданынан арнайы автобустар ағылып тұрады. Жанымдағы көршім сөз бастады.
– Танымадыңыз ба? Сөмкемде газетіңіз бар. Сәуле Азнабаевамын, – дейді президенттік «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келген инженер қыз. Съезге татитын форум-көрме болды. Елбасының: «Индустриялық-инновациялық бағдарлама серпінмен басталды. Мұны мен мемлекет пен тәуелсіздікті құрумен маңызы бірдей мемлекеттік тапсырма деп есептеймін. Біз әлемдік инновациялық экономикаға қосылуымыз керек... Әлем қазіргі күні бесінші технологиялық төңкеріс қарсаңында тұр», деген сөздері бүгінгінің ертеңге өлшем болмайтындығын ескерткендей.
Шындығында, ізденістен танбағандар ілгері баспақ. Қырық жылдан астам тарихы бар өндіріс орны күрделі бұралаң белесті бастан өткерді. Алып кешеннің жұмысы тоқтап қалған кездер де болған. Соған қарамастан, 1991 жылы кен орнында ТМД-да алғаш рет кенді үймелеп ұсақтау тәсілі қолданылды. Ол алтын айыру деңгейін көтеріп, кәсіпорын тиімділігін арттырады деп күтілді. Әйткенмен, аталған әдіс табиғи қоры біртіндеп азайып келе жатқан қышқыл құрамды кеннің тиімді өңделуін қамтамасыз еткенімен, қорлануы жөнінде мейлінше сенімді сульфид кенін қайта өңдеу үшін жаңа технологияларды және қомақты инвестиция жұмылдыруды алға тартты.
Компанияның бұрынғы басшылары 2003-2006 жылдары жаңа алтын айыру фабрикасын салуға талпыныс жасап көрген, бірақ әртүрлі себептермен, ең бастысы, заманалық технологияның жоқтығынан құрылыс қолға алынбай қалды. Осының салдарынан кеніштен өзі құрылған күннен бастап 2006 жылға дейін бас-аяғы 11,5 тонна қымбат металл мен 14,3 миллион тонна кен алынды.
Президенттік бағдарлама шарапатымен кеніште түбегейлі қайта құру жұмыстары басталды. Бұл іске 60 миллиард теңге немесе 700 миллион доллардан астам инвестиция жұмылдырылды. Көптен күткен алтын айыру фабрикасының құрылысы 2008 жылдың сәуірінде басталып, 2009 жылдың төртінші тоқсанында аяқталды. Мұндай серпіліс әлемдік тәжірибеде болмаған. Әдетте мұндай нысандарды пайдалануға беруге орта есеппен бес жыл уақыт жұмсалады екен.
Қайтарым көкейдегі есептен асып түсті. Білікті мамандардың сараптауынша, аталған нысанның толық қуатына енуімен жылына 8 миллион тонна шикізат өңдеуге мүмкіндік туады, ал алынған жалпы кеннің көлемін 122,3 миллион тоннаға жеткізу жоспарлануда. Мұнда қазірдің өзінде жылына 13-14,5 тонна алтын өндіру белгіленген немесе кенішті пайдаланудың барлық кезеңінде 215 тонна алтын алу жөнінде тұжырым жасалуда. Бұл өткен кезеңдердегі көрсеткіштерден 10 есе артық деген сөз.
Бас маркшейдер Виктор Хайков өндірістік үдерістегі негізгі өзгеріс құрамында алтыны бар кенді қайта өңдеу кезінде оны үймелеп үгітуден бас тарту және алтын айыру барысындағы дәстүрлі тәсілдермен бірге күрделі әрі кешенді технологияны енгізу екендігін айтады. Ол флотация, гравитация және циандау тәсілінен көрініс береді. Жаңа фабрика 600 атаудан тұратын, көптеген көрсеткіштері бойынша заманалық озық құралдармен жабдықталған. Бұлар негізінен Канада, Австралия, АҚШ, Болгария, Швеция, Финляндия, Германия, Италия және Ресей мемлекеттерінен жеткізілген. Кен өндірісі паркінің жабдықтары толық алмастырылды. Қазір мұнда Америка, Жапония, Швецияның сыннан өткен заманалық 67 дана тау-кен техникасы жұмыс істеуде. Бұл техникалардың жалпы құны 50 миллион АҚШ долларын құрайды.
Әрине, мұндай озық технология мен жабдықтарды басқару жоғары біліктілікті талап етеді. Бүгінгі күні комбинат құрамында 1950 адам бар. Былтыр 1000 адам кәсіби даярлықтан өткен. Жалпы, компания 2007 жылдан бері кадрларды оқыту мен қайта даярлауға 2 миллион долларға жуық қаржы жұмсағаны болашақтың беріктігін аңғартады. Сондай-ақ, акционерлік қоғам ұжым мүшелеріне еңбек және әлеуметтік қолайлы жағдайлар туғызуға, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөледі. Осы мақсаттарға 4 миллион доллар инвестиция тартылғаны сөзіміздің дәлелі болмақ.
Кәсіпорыннан қайтар сәтте Елбасы Н.Назарбаевтың айшықты етіп жазылған мынадай сөздері көзіме түсті: «Әлемді құрсаған экономикалық дағдарыс азулы мемлекеттердің өзін теңселтіп тұрған кезеңде біз жаңа кәсіпорындар салып жатырмыз. Астаналық Ақмола облысында бүгін шын мәніндегі “алтын зауыт” пайдалануға берілді». Баталы тілектің астарында «Алтынтау-Көкшетау» АҚ ұжымын алға бастар, ел игілігін еселеуге жігерлендірер қуат қайнары жатқанын аңғардым.
Бақберген АМАЛБЕК,
Ақмола облысы.