Жаз – шаруа мезгілі ғана емес, демалып, денсаулықты нығайтатын кез. Әсіресе, осы мерзім жас ұрпақтың өсіп, жетілуіне тиімді болғандықтан, олардың күн көзі мен таза ауада мейлінше көп болуына көңіл бөлінгені қуантады. Биыл өңір бойынша мектеп жасындағы 220 мыңнан астам оқушы тегін жазғы демалыспен қамтылған. Қазіргі кезде олардың жартысынан астамы демалып үлгерген. Көпшілік сұранысына ие демалыс орындарының бірі Текелі қаласындағы «Алтын шажа» шипажайында белсенді демалыспен қатар, оқушылар денсаулығына күтім жасап, емделулеріне мүмкіндік мол.
Жазғы демалыс күндері жетісулық балғындарға қызықты деуге болады. Шипажайда доп ойнап, туған жер табиғатын тамашалаған балалар денсаулығын шыңдаса, арнайы топқа дәрігерлік емдік шаралар көрсетілуде. Мәселен, мұнда 14 жасқа дейінгі балалар тынықса, олардың арасында өзге облыстардан келген бүлдіршіндер де бар.
– Лагерьге алғаш рет келіп тұрмын. Өзім Батыс Қазақстан облысынан келдім. Бәрі жақсы, мәдени шаралар жиі өтеді. Көп дос таптым. Ауырған жерімізді дәрігер апайлар емдейді. Күніне бес мезгіл тамақтанамыз, дейді Оралдан келген Елтай Әлібек.
Әсем тау бөктеріндегі тынығу орны түрлі медициналық құрал-жабдықтармен қамтылыпты. Мұнда бүйрек, құлақ, тамақ ауруларына қарсы ем жасалатынын көріп, бүлдіршіндерге деген шынайы қамқорлықты сезіне түстік.
– «Алтын шажа» емдеу, сауықтыру лагерінде 250 бала өздерінің жазғы каникулдарын өткізуде. Балалардың әр күні қызыққа толы. Және емдеу шаралары қатар өтіп, Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған балалар бір отбасындағыдай тату-тәтті, – деді «Алтын шажа» демалыс лагерінің топ жетекшісі Жадыра Қасымбаева.
Текелі қаласы бойынша бұдан өзге 3 демалыс лагері жұмыс істейді. Оларда тынығып жатқан оқушылардың шет тілін меңгерулеріне де мүмкіндік жасалған. Мәселен, «Бастау» лагерінде оқушыларға еріктілер арнайы сабақ өткізеді.
– Маған «Бастау» лагері өте ұнайды. Жаттықтырушы мұғалімдер де жақсы. Күнде кешкі астан кейін мереке болады. Жазды қысқа айналдырып, қағаздан қар жасадық, – дейді Талдықорған қаласындағы №14 мектеп-гимназиясының оқушысы Аружан Серікмұрат.
Балалардың демалысын облыстық білім басқармасының мамандары бақылап, тынығу бағдарламасы мен тамақ сапасына мән береді. Оқу жайы да басты назарда.
– Биылғы жазғы демалыста 220 мың баланы демалыспен, сауықтырумен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күнге дейін 130 мың бала демалды. Сонымен қатар әртүрлі бағыттағы жұмыстарын жалғастырған жаздық лагерьлер де бар. Ол мектеп жанындағы және дебаттық топтар, тіл үйрену лагерлері. Көбінесе мұнда ағылшын тілін жыл бойы оқыған балалар жинаған білімдерін қайталап, тілді жақсы үйренеді,– дейді облыстық білім басқармасының бастығы Ләззат Базарқұлова әңгіме арасында.
Жазда жақсы демалған бала жаңа оқу жылына зор ынтамен келетіні заңдылық. Сондықтан балалардың жазғы демалысына ата-аналар да баса мән берсе құба-құп. Бұл мамандар пікірі. «Алтын шажа» мен «Бастау» лагерлеріндегі жазғы каникулдарын көңілді өткізгендердің бүгінгі жайы оған нақты дәлел.
Күмісжан БАЙЖАН,
Алматы облысы.