Ресейдің Сібір федералдық округінде орын алған орман өртінің аумағы соңғы бір тәуліктің ішінде алты есеге ұлғайыпты. Соңғы мәліметтерге қарағанда, тілсіз жау 242-ден 1,5 мың гектар аумақты жалмаған. Қазіргі таңда 68 орман өртінің ошағы тіркеліп отыр.
ТЖМ-нің Сібір аймақтық орталығының хабарына қарағанда, кеше 457 гектарды қамтыған 17 өрт ошағы сөндірілген. Бұның алдыңғы күні де 1,5 мың гектарлық 39 өрт ошағы ауыздықталған болатын. Өрттің негізгі шығу себебі жай түскеннен делінуде. Әсіресе оның Иркутск облысы мен Краснодар аймағында жиі тұтанатыны анықталыпты.
Түркияда тағы бір қақтығыс орын алды
Түрік әскерилеріне сепаратистер тарапынан тағы да шабуыл жасалды. Күрд жұмысшы партиясының содырлары Диярбақыр провинциясының тауларында түркиялық әскерилердің жолын тосып, оның 13-ін өлтіріп, тағы 7-еуін жаралаған.
Осы оқиғадан кейін премьер-министр Реджеп Тайип Эрдоган әскер және ішкі істер министрлігі басшыларымен жедел жиын өткізіп, тез арада шара қабылдауға шақырды. Өткен ақпаннан бергі бұл ең ірі шабуыл саналады. Қақтығыс орын алған ауданға түрік әскери ұшақтары жөнелтілді.
Әл-Каидаға әуеден соққы берілді
Йемен әскерилері елдің оңтүстігіндегі Абьян провинциясында орын тепкен «Әл-Каида» базаларына әуеден соққы берді. Бомбалаудың нәтижесінде он содыр қаза тауып, тағы ондаған адам жарақаттанған.
Шабуылшы ұшақтар «Әл-Каида» бір кездері басып алған Зинджибар провинциясы әкімшілік орталығындағы басты полиция басқармасын бомбалаған. Әуеден соққы беру әлі де жалғасын табуда. Содырлар Зинджибар қаласын «Ислам эмиратының» астанасы етеміз деп жариялап та жіберген еді. Содан бері өкімет әскері мен «Әл-Каида» жасақтарының арасындағы қақтығыстан 100-ге тарта адам қаза тапқаны белгілі.
Заңмен шектеу қойылады
Болгария парламенті бұрын ұлттық қауіпсіздік қызметінде істеген немесе істес болған азаматтарды елдің сыртқы істер министрлігіне жұмысқа алуға шектеу қоятын заң жобасын қабылдады.
Ел заң шығарушы органының мұндай қадамға баруы соңғы кездері баспасөз беттерінен бұрынғы коммунистік арнайы қызмет орындары қызметкерлері шет елдердегі дипломатиялық миссиялардың 40 пайызын құрап отыр деген мәліметтердің жиі жарық көруімен байланысты.
Eni Венесуэла мұнайынан мүдделі
Италиялық Eni концерні Венесуэланың мұнай саласына 7 миллиард доллар инвестиция құйып, 2018 жылы қара алтын өндірісін тәулігіне 240 мың баррелге дейін жеткізуді мақсат етіп отыр. Бұл жөнінде компания басшысы Паоло Скарони мәлім етті.
Осы елде өткізілген баспасөз-мәслихатында ол Венесуэламен құрған бірлескен кәсіпорын Ориноко өзені бассейнінен мұнай өндіретіндігін айтқан. Сондай-ақ мұнда мұнай айыру зауыты салынып, дизель отыны Еуропаға экспортталатын болады.
АҚШ рейтингі төмендей ме?
Standard & Poor s халықаралық рейтинг агенттігі егер конгресс мемқарыздың деңгейін көтеруге қол жеткізгеннің өзінде АҚШ-тың ең жоғары сенімді деген ААА рейтингін төмендететіндігін мәлім етті.
Қазіргі мәлімет бойынша, мемлекеттік қарыз 14,3 триллион долларға жеткен. Мемлекеттің ағымдағы төлемдерді төлеуге ақшасы таусылған 2011 жылдың 2 тамызында АҚШ-та дефолт орын алады деп күтілуде. Жаңа қарыз алуға республикашылар қарсылық танытуда.
Мұхит жағалауында дақ пайда болды
Қытайдың ресми бұқаралық ақпарат құралдары елдің солтүстік-шығысындағы мұхит жағалауында ауқымды мұнай дағының пайда болғанын мойындап отыр. Осы кезге дейін айтылмай келген аумақ 4250 шаршы километрді немесе алты Сингапур аумағын құрайды.
Бұдан басқа 3400 шаршы километр аумақ жартылай былғанғаны анықталып отыр. Мемлекеттік океанология басқармасы табиғатқа келтірілген зиян үшін өтемақы талап ететіндіктерін мәлімдеген. Бұл аймақта америкалық ConocoPhillips мұнай компаниясы мен қытайлық CNOOC мемлекеттік компаниясының бірнеше мұнай өндіруші платформалары орналасқан.
Қысқа қайырып айтқанда:
Венесуэла президенті Уго Чавес рактан емделу курсынан өту үшін Бразилияға жол тартпақшы. Мұнда оған химиялық терапия жасалады деп күтілуде.
Нью-Йоркте алтын бағасы тарихи шегіне, яғни бір тройлық унция үшін 1594 долларға жетті. Сарапшылар оны тамыз айының басында күтіліп отырған АҚШ дефолтымен байланыстыруда.
Египеттің бұрынғы басшысы Х.Мубарак бейбіт шерушілердің қазасына өзінің қатысы жоқтығын айтып, сонда 900 манифестанттың өліміне кім кінәлі деген сұраққа жауап беруден қашқақтап отыр.
Австрия әйелдер құқын қорғау ұйымдарының ықпалымен мемлекеттік гимн мәтініне өзгеріс енгізуі мүмкін. Бұрын онда «ұлы ұлдары» деп жазылса, енді оған «ұлы қыздары» деген жолды да қосу ұсынылуда.
Лондонда мұнай фьючерстерінің бағасы 118,32 долларға дейін төмендеді. Сауда нәтижесінде Brent мұнайына баға 0,46 долларға төмен сырғыған. Ал Нью-Йоркте қара алтын бағасы 95,69 долларға түсті.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.