16 Шілде, 2011

Ақмешітте «Астана» ауданы бар

456 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Орынбордың орны бөлек... Сол сияқты, Алаш тарихында Ақ­мешіттің де алар орны айрықша. Қиын-қыстау заманда қазаққа астана болған, елдік маңызы бар мәселелердің шешілу орталы­ғы­на айналған қаланы қалай әспет­те­сек те жарасады. Астана күні қарсаңында белгілі өнер және спорт саңлақтары, ардагер құрылысшылар, азамат­тық институт өкілдері, жастар ұй­ымда­ры­ның көшбасшылары құр­ылы­сшы­ның киімін киіп, игілікті шара өт­кізді. Сөйтіп, «Астана ық­шамау­да­нын бірге саламыз» деген ұранның аясына бірігіп, Қы­зылордада жаңа­дан іргесі қала­нып жатқан аудан­дағы құрылыс жұмысына белсене араласты. Сөй­тіп, Астана мерекесі тағы бір игілікті іске бастау болды. Жалпы, биыл Қызылордаңыз үлкен құрылыстың алаңына ай­нал­ғанға ұқсайды. Осы күннің өз­інде 40 жобаның құрылысы жү­ріп жатыр. Жалпы, құны 30 миллиард 579 миллион 50 мың тең­гені құрайтын бұл жұмыс қазір қарқынды жүріп жатыр. «Астана» ықшамауданы деген не? Бұл Ақмешіт атырабының ел­ордаға құрметі. Айналасы 500 гектар жерді құрайтын жаңа ауданның атын осылай атап отыр. Болашақта Қызылорда қаласы­ның орталығы да осы жер бол­мақ. «Астана» ауданының бола­ша­қ­тағы келбетін көрдік. Егер, жоба осы күйінде іске асатын болса, бұл ауданда адам жанына керектің бәрі болмақ. Әрі-беріден соң, облыстық әкімдіктің ғима­ра­ты да сонда көшеді. Онда барлық басқармалар мен департаменттер орналасады. Облыстағы шығар­ма­шылық өкілдерінің ба­сын қо­са­тын «Шығармашылық үйі» де сонда орын теппек. «Сыр сұң­қа­ры» спорт кешені, «Интергазстрой» мекемесінің ғимараты, мем­лекеттік қызметшілерге ар­нал­ған қызметтік үй, 2 балабақша биыл бітіп, ел игілігіне берілмек. Сондай-ақ, 200 орындық емхана, 12 арен­далық үй, мектептің құ­рылысы жү­ріп жатыр. Ең бастысы, осы ауданда «Сыр ана» мемо­ри­алдық ескерткіші орын тебеді. Оның ең басында қаланың әр бұ­рышын көруге болатын алаңқай болады. Алыстан қарағанда, ана­ның кейпін көзге елестететін ескерткіш, Астананың Бәйтерегі сияқты, Ақ­мешіттің де брендіне айналмақ. – Астана – ел тәуелсіздігінің символына айналды. Елбасы мен елорда егіз ұғым. Ежелгі астана ретінде, біз де елордамыздың атын асқақтауды ойлаймыз. Сөй­тіп, жаңадан салынып жатқан  шағын ауданға «Астана» атын беріп отырмыз, – дейді қала әкімі Мархабат Жайымбетов. Акцияға қатысқан әрбір азамат «Астана» шағын ауданында кір­піш қалады, құм тасыды, цемент араластырды. Қысқасы, құ­ры­лысқа білек сыбана кірісті. Бұл да елдік маңызы бар іс-шара. Өйт­кені, Астана ортақ. Ал ортақ іс жұмыла кіріскенде ғана бітеді. Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда.