16 Шілде, 2011

Мұрат ӨНАЛ: Қазақстан ұлттық құрамасында ойнағым келеді

439 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Мұрат Өнал – Еуропа алаң­да­рында ойнап жүрген жалғыз қазақ фут­бол­шысы. Түркияда туып-өсіп, Еуропаға көшкен қандасымыздың ба­ласы. 6 жа­сынан бері футболмен айна­лы­сады. Қазір Голландияның бірінші лига­сын­дағы «Волендам» ко­ман­дасының ша­буылшысы. Жа­сы 24-те. Голлан­дия­ның 14,16,17 жас сана­тын­дағы ұлт­тық құрама­ла­рын­да ойнаған. Бүгінге дейін Голландия және Бельгияның «Амстердам», «Брюгге», «Ден Хааг», «Волендам» коман­да­ларында өнер көр­сеткен. Арманы – Қазақ елінің ұлт­тық құрамасында ойнау. – Футболмен қашан және қайда айналыса бастадың? – Амстердамдағы «Веспуччи» әуесқой ко­ман­дасының футбол мектебіне 6 жасымда қа­был­дан­дым. Алғашқы қадамым осы мектепте басталды. – Кәсіпқой футболшы ретіндегі ойын өрнегің қай командада басталды? – 17 жасымда жастар арасында үздік ша­бу­ылшы атандым. Сосын сол жылы Бель­гияның ең мықты клубтарының бірі «Брюггеге» өттім.   – Голландия жастар құрамасында ой­наған екенсің. Бұл құрама сапында қан­дай жетістіктерге жеттің? – 16 жас санатында Оңтүстік Амери­ка­дағы Ару­ба қаласында өткен турнирде финалға дейін жеттік. – Футболшы ретінде сенің ең басты қаси­ет­терің қандай және жалпы Голландияда осы спорттың қандай қасиеттері маңызды болып саналады? – Голландия футбол мектебі әлемдегі ең мық­­ты мектептердің бірі. Еуропаның үлкен коман­да­ла­рында кем дегенде 1-2 голлан­­дия­лықты көре ала­сыз. Бұл елде кәсіпқой фут­болшы үшін техника, жылдамдық, күш және ең бастысы ақыл ма­­ңыз­ды фактор болып саналады. Бұлардың біреуі кем болса, ойнай алмайсыз. «Сенің ең жақсы қасиет­теріңнің бірі – оңай гол соғуың», – дейді бапкерім. – Еуропа алаңдарында доп теуіп жүр­­ген басқа қазақ футболшылары бар ма? – Жоқ. Көре алмадым. – Еуропа қазақтары Қазақстан ко­ман­­­­да­ла­рының еуротурнирлердегі ойын­да­рына бара ма? Жалпы, қазақ коман­да­­ларының ойында­рын қадағалап жүре ме? – Иә, ойындарға барып тұрады. Қазақ бол­ған­дары үшін. Өйткені, Қазақстан біздің еліміз. Бар­лық турнирлерді қадағалаймыз деп айта алмай­мын. Бұл жақта тек CaspioNet қана көрсетеді. Ал ол арна ойындарды толық бермейді. Одан тек қысқаша мазмұнынан ғана хабардар болумен шектелеміз. – Ал өзің қазақ футболы туралы не біле­сің? Қазақстан ұлттық құрамасында ойнағың келер ме еді? – Мен тек қана «Ақтөбені» білемін. Қате­лес­песем, өткен жылы Еуропа лига­сында Голлан­дия­ның күшті клубтарының бірі «АЗ Алкмаармен» ойнады. Қазақстанға бір қазақ баласы ретінде кез келген көмегім тиіп жатса, бұл мен үшін орын­далған арман болар еді. Әсіресе, ондай көмегім футбол арқылы болса, мен үшін ол үлкен бақыт! – Арно Пайперс кезеңінде Қазақстан ұлт­тық құрамасының Голландиядағы оқу-жат­ты­ғу жиынына шақырылыпсың. Бірақ команда сапынан көре алмадық. Қандай себеп болды? – Иә, Голландиядағы жиынға шақы­рылдым және жолдастық кездесулердің біреуінде ойна­дым. Гол да соқтым. Мені жақсы қарсы алған еді құрамадағы жігіттер. Ол кезде 19 жаста едім. Университетте оқи­тынмын. Арно Пайперс Қазақстанға ша­қыр­ды. Бірақ дәл сол кезде оқуыма бай­ланысты ешқайда бара алмадым. – Қазіргі жаңа бапкеріміз чех Беранектен шақыру алсаң, құрамада ойнар ма едің? – Әр қазақ баласы үшін бұл үлкен мақ­таныш. Әрине, Қазақстан ұлттық құра­­ма­сында ойнағым келеді! Әңгімелескен Аршат ОРАЗОВ.