Еліміздің Бас прокуратурасы Конституциямызда жазылғандай, заңдылықты қадағалау барысында барлық салада құқық қорғауға айрықша назар аударып отырады. Үстіміздегі жылы Президент «Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету бойынша Қазақстан Республикасының Үйлестіру кеңесі жөніндегі ережені бекіту туралы» Жарлыққа қол қойды. Осылайша, прокуратура органдарына енді барлық құқық қорғау қызметін үйлестіру жөніндегі жауапты міндет жүктелді. Осыған орай кеше Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың төрағалық етуімен еліміздің Бас прокуратурасының кеңейтілген алқа мәжілісі өтті.
Өткен кезеңде прокуратура органдары Елбасының тапсырмаларын жүзеге асыру бағытында жұмыс істеді, – деді Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель. Олардың ішінде құқық қорғау органдары тиімділігін арттыру және қызметін одан әрі жетілдіру, қылмысқа және жемқорлыққа қарсы күресу, қылмыстық заңнаманы ізгілендіру, азаматтардың құқықтары мен кәсіпкерлерді қорғаудың кепілдігін арттыру, сондай-ақ тұтастай қадағалау қызметін одан әрі жетілдіру басым бағытта жүрді. Кәсіпкерлерге заңсыз тағайындалған мың жарым тексеруге тосқауыл қойылды. 378 заңсыз тексеру анықталды. 800-ден астам адам тәртіптік, 147-сі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 6 лауазымды тұлғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Өткен жартыжылдықта тергеу мен анықтаудың заңдылығын қадағалауды жүргізу жөніндегі жұмыстар бірқатар алға басты, деді бұдан әрі Иоган Меркель. Құқық қорғау органдарын реформалау жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындай отырып, прокуратура сотқа
дейінгі өндірісті түбегейлі өзгертудің бастамашысы болды, нәтижесінде жаңа Қылмыстық іс-жүргізу кодексінің жобасын жасау басталды. Есепке алу, тіркеу тәртібіне қадағалау тиімділігін арттыру бойынша бірқатар шаралар қабылданды. Азаматтар СМС хабарлама жіберу арқылы арыздары мен хабарламаларының қаралу барысын бақылап отыра алады.
БТА Банк активтерін мемлекетке қайтару және кінәлі адамдарды жазалау бойынша жұмыстар жалғасуда. Жалпы сомасы 1 трлн. теңгені құрайтын талап арыз енгізілді. «Валют транзит банк» АҚ басшысы және оның акционері Беляев 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сол сияқты халықаралық ынтымақтастық аясында бірқатар жетістіктерге қол жетті. Қылмыспен күрес саласында халықаралық ынтымақтастықты нығайту жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Бас прокуратура шет мемлекеттер іздестіріп жүрген 56 адамды беру туралы шешім қабылдады, олардың ішінде үшеуі алыс шет елдерден (Корея және Түркия). Қазақстан аумағына 30 адам экстрадицияланды. Швеция қарақшылық шабуыл жасағаны үшін Қазақстан Республикасы іздеу жариялаған Ирисметов Авазбекті берді. Қазіргі уақытта ол Қазақстан аумағына әкелінді.Испания Корольдігі Мәмбетовті берді.Осындай шешімдер азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ете алатын жеткілікті құқықтық механизмдер бекітілген мемлекет ретінде Қазақстанның құқық қорғау жүйесіне деген сенімнің көрсеткіші болып табылады.
Алқада азаматтардың, кәсіпкерлік өкілдерінің, үлескерлік құрылысқа қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы және уақтылы орындау бойынша өзге де маңызды міндеттер мен алдағы кезеңге арналған басымдықтар айқындалды. Нәтижесінде облыс прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар, бейнеконференциялық байланыс арқылы облыстық және аудандық прокуратуралардың қызметкерлері қатысқан алқа жұмысының қорытындысы бойынша Бас прокурор олардың алдына ұйымдасқан қылмыспен, сыбайлас жемқорлықпен, көлеңкелі экономикамен күрестегі үйлестірушілік рөлін күшейту, кәмелетке жасы толмағандарға, зейнеткерлерге, мүгедектер және басқа мемлекет тарапынан ұдайы қолдауға зәру адамдардың проблемаларына және құқықтарының бұзылуына үнемі назар аудару, кәсіпкерлердің қызметіне құқық қорғау органдары тарапынан негізсіз араласуды болдырмау және олардың құқықтарын қорғауды қадағалауды күшейту секілді бірқатар тапсырмалар берді.
Александр ТАСБОЛАТОВ.