19 Шілде, 2011

«Қараоғлан» фильміндегі қазақтар

503 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Ғаламтордың ең үлкен әлеуметтік желілерінің бірі Facebook деп аталады. Содан Түркия қазақтарының сол елдегі тарихи киноға түскені туралы ақпаратты көзіміз шалып қалды. Фильм сонау 1965 жылы өмірге келген екен. Ғажабы сол, онда әйгілі Мұстафа Өзтүріктің әкесі де ойнапты. Тағы бір қызығы, бізге соңғы он жылдың бедерінде жеткен «Қаражорға» биін қандас­тарымыз 46 жыл бұрын осы фильмде орындапты. Оқиға қалай болып еді? 1965 жылы киноға түскен қандас­тарымызды қазір кім біледі? Міне, осы сұрақтарға жауап алу үшін Ыстамбұлдағы Мимар Синан университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдуақап ҚАРАМЕН интернет арқылы тілдесіп, әңгімелеп беруін өтінген едік. – Қазақтар 1952-1954 жылдары Алтайдан Гималай, одан Пәкстан арқылы Түркияға көшіп келген. Олар әрқашан тарихын, тілін, салт-дәстүрін түріктерге таныстыру үшін кез келген орайлы сәтті пайдалана білген, – дейді ғалым. – Соның бірі кино саласы болған көрінеді. Оған 1965 жылы түсірілген “Қараоғлан” кино­сы дәлел бола алады. Аталмыш туынды 1965-1972 жылдарда 7 серия боп түсіріл­ген. Соның екеуінде қазақтар қосымша рөлдерде ойнаған екен. Олар «Алтайдан келген жігіт” және “Жамұқаның кек қайтаруы” деп аталады. Менің таң қалғаным, жаңағы аттары аталған фильмдердегі кішігірім рөлдерде жүргеніне қарамастан аталарымыздың сол картинаға өздерінің ұлттық бояу­ла­рын сіңіре білуі. Оған дәлел – кинодағы қазақ киімдері мен киіз үй, би және әндер. «Қараоғлан» түркиялық жазушы Суат Ялаз шығармасының қаһарманы ретінде өмірге келген фильм. Ол кейіпкер ХІІІ ғасырдағы Шыңғысхан уақытында өмір сүреді. Ширақ, ақылды, батыл, мықты жас батыр ретінде сомдалған Қараоғлан әділетсіздікке қарсы күресуші тұлға. Атақ­ты Жамұқаның зұлымдықтарына тойтарыс береді. Бұл кейіпкерді түрік халқы қатты ұнатады. Осыны байқаған жазушы Суат Ялаз шығармасын киноға бейімдейді. Сөйтіп, оның алғашқы сериясы – “Алтайдан келген жігіт” 1965 жылы өмірге келеді. Одан кейін алты серия өз жалғасын табады. Суат Ялаз өзіміз сөз етіп отырған киноға Ыстамбұлдағы қазақтарды көп пайдаланған екен. Фильмге қарап отыр­сақ, ондағы актерлердің киімдері біздің ұлттікі. Керей тымақ, бешпет, шапан. Сондай-ақ онда бір киіз үй көзге түседі. «Бұл қайдан келген?» деп сонда фильмде қатысқан ағалары­мыз­дан сұр­а­ғанымыз бар. Сөйтсек ол Түр­кия­да бір ай ішінде жасалған екен. Оны Қобдабай деген ақсақал  өзі жасапты. Әже-апаларымыз киіз басқан. Оған бір түрік байы демеуші болыпты. Оның жағдайын тағы да жоғарыдағы фильмде болған кісілерден сұрасақ: «Көп ақша алғамыз жоқ. Мақсат – киноға қатысып, қазақты таныту болды. Және басты рөлдерде емес, қарапайым, ұсақ-түйек фигурант ретінде түстік қой. Сондықтан күніне 5 лирадан ғана алдық», – дейді. Иә, солай. Аталарымыз атақ үшін емес, ел қамы мен салт-дәстүрді түрік­терге таныту үшін қатысқан ғой киноға. Сөйтіп, мұнда жасы егде тартқан ақсақал, жас бала, бәрі киноға түсіп қалған. Мәсе­лен, өзімнің нағашы атам, осыдан жиырма жыл бұрын қайтыс болған Қаһарман қа­жы­ны фильмнен көріп ерекше сезімге бө­лен­дім. Қазір сол адам­дардың көбі қай­тыс болған. Сондықтан Түркиядағы көп­те­ген қандастарым фильмде аталарын немесе әкелерін, әжелерін көріп, олармен кинобейне арқылы жүздесуде. Сондай жан­дар­дың бірі әйгілі спортшы Мұстафа Өз­түріктің әкесі Кәбен (шын аты Кәкім­бай) Өзтүрік дер едім. Ол кісі көш бас­таған жетекші, домбыра тартатын және өлең жа­за­тын бесаспап адам болған. Аға­мыз фильм­­де осы өнерлері арқылы қалып қойған. Бір эпизодта Кәбен қажы домбыра­сы­мен әйгілі «Қаражорға» биінің күйін шертіп отырғаны байқалады. Ал биді Қабылақат деген ағамыз орындап берген. Келесі көріністе қазақ әні де естіледі. Онда ер адамдар мен әйелдердің сыбызғы және домбырамен қосылып “Жетіарал жерім-ай” әнін шырқап отыр. Алматыдан келген бір музыка зерттеушісі мұның қазақта аз кездесетін үрдіс екенін көр­се­те келіп: “Сыбызғы мен домбыра екеуін біз қазіргі күнде енді-енді пайда­ланып келе жатырмыз. Ал оны түркиялық қазақ­тар бұрын да жақсы пайдаланған екен”, дегенді айтты. [nggallery id=5] Дайындаған Аршат ОРАЗОВ.