19 Шілде, 2011

Алтын ұя

1107 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Қырдағы қазақ баласының білім алуын мұрат тұтқан ұлы ағар­тушы Ыбырай Алтынсарин ал­ғаш­­қы қоңырауды Торғайда соқ­қаны белгілі. 1864 жылғы 8 қаң­тарда ашылған бұл білім орда­сына 14 қазақ баласы қабыл­дан­ған екен. Содан бері бір жарым ғасырға жуық уақыт өтсе де ұлт ұстазы соққан дала қоңырауының үні үзілген емес. Содан бері «Әліппе» деген әйдік кітаптың әлемі: «Кел, балалар, оқылық!» деп басталады. Кәрі тарих өткен ғасырдың ба­сындағы колхоздастыру жыл­да­рын­да Торғай ауданында бір орта, екі орталау мектептің бол­ғанын рас­тайды. Алланың мейірімі һәм пенденің пейілі түскені шығар, сол жеті жылдық мек­тептің бірі 1933 жылдың қоңыр күзінде менің туған ауылым Кө­калатта ашылған. Алғашқы мектеп үйі ауыл тұрғын­дарының кү­шімен бой көтеріп, оған Албар­бөгет есімі беріліпті. Содан бері бұл атау біздің ауыл­дың тұрғын­дарының жүрегіне тым жақын һәм тым ыстық. Біздің оқушы кезімізде ауыл ақсақалдарымен болатын кездесулер жиі өткізіліп тұратын. Әлі күнге есімізде, Қабден Жалғас­ба­ев, Байдос Бекмұратов, Қабди Сыз­­дықбаев сынды соғыс ардагерлері төрімізден табылатын. Бейбіт за­ман­ның балдырғандары кеудесі орден-медальге толы құй­мақұлақ шалдарға қызыға қарар едік. Олар да бір кездері біз си­яқ­ты оқушы болып, осы мектепте білім алған бірінші түлектер екенін мақта­ныш­пен айтар еді. Тек, олардың бізден айырмашылығы – жеті жылдықты бітіріп, енді есін жиған шақта қаламды қаруға айырбас­тағаны. Бұл күнде олар­дың бәрі о дүниелік. 1971 жылы орта мектеп мәр­те­бесін иеленген біздің білім ұямыз бастауын осылай алған. Бұл – Назарбек ақын жырлап өт­кен «Ахмет ұшқан алтын ұяда­ғы» бір ғана мектептің қысқаша тарихы. Мұқа­ғали ақынша қай­ыр­сақ: «Тарыдай болып кіріп, тау­дай болып шық­қан», сол ал­тын ұядан аттанға­ны­мызға биыл 20 жыл. Ал, біз білім алған қара шаңырақ – Албарбөгет орта мектебі өз жылнамасының  40-шы жылын парақтады. Албарбөгет орта мектебі аш­ыл­ған жылы алғашқы дирек­тор­лық міндет Алпысбай Темірбеков сынды тәжірибелі ұстазға жүкте­ліпті. Одан кейін Балғожа Аты­ға­ев, Әбдіғали Сәденов, Есқали Бай­босынов, Сапар Шаханов, Кү­ләш Батырбекова, Сырым Ғарып­жанов сынды мамандар әр жыл­дары жемісті еңбек етті. Мек­теп­тің тізгінін Есқали Байбосынұлы ұстаған ке­зең­ді жемісті жылдар деуге бо­ла­ды. Албарбөгет орта мектебі ұлт­тық тәрбиені шәкірт жүрегіне ұялатуда «Атамекен» бағдарла­ма­сының ұлттық жобасы байқауына бірнеше мәрте қаты­насып, аудан­дық, облыстық бай­қау­ларда же­ңім­паз атанды. Екі рет респуб­ли­калық байқауға қа­ты­сып, бағалы сыйлықтар мен мақтау қағазда­рына ие болды. Осы мектепке басшылық жа­са­­ғандардың ішіндегі ең жасы Сы­рым Ғарыпжанов болатын. Бо­ла­ша­ғынан көп үміт күттірген ма­ман жас та болса бас бола білді. Төрт жылдай уақыт дирек­тор­лық қыз­мет­ті абыроймен атқар­ды. Алайда, төтелеп келге ажалға араша қай­дан болсын, небәрі 29 жасында өмірден озды. Сырым­ның алдына қойған мақсаты да көп еді. Ауылға жолымыз түс­кен­де арманын ақта­рып айтар еді. Амал не, артында жоспарлап жүрген тың идеялары атқарыл­май қалды. Ұстаздық – ұлы ұғым. Біз бұл қасиетті Түйебай Мақажанов, Едірес Әлімов, Шағип Оңжанов, Сү­леймен Қоянбаев, Ботагөз Ас­қа­рова, Есқали Байбосынов, Ты­ныш­күл Бектемісова, Кәдіршін Дүйсе­нов сынды аға-апалары­мыз­дың бо­йынан көріп өстік. Өкініштісі сол, қазір Едірес, Ша­ғип, Сү­лей­мен ағайлар арамызда жоқ. Олар өмірден өткенімен, өнегесі қалды. Елде Едірес ағайдың есімін білмейтін шәкірт кемде кем шы­ғар. «Айыбы» – ару қала Ал­ма­ты­­да қалмай елге келгендігі. Та­лай­ларға арман болған ҚазМУ-де білім ал­ған Едірес ағай Елбасына да сабақ беріпті. Студент кезінде өн­дірістік тәжірибемен бала Нұр­сұл­тан оқи­тын мектепке келген. Бо­ла­шақ Пре­зидент пен біздің ұста­зы­мызды тағдыр осылай жолық­тырған. Бірнеше ұрпақ тәлімін алып, тәр­биесін көрген Мәлік Байма­ғам­бетов, Кенжесары Бекқожина, Май­­ра Әнуарбекова сынды ұстаз­дар кейінгі буын үшін ардагерлер са­нал­­ғанымен күні бүгінге дейін шә­кірт санасына сәуле құйып келеді. Енді осы мектептің алғашқы түлектері туралы қысқаша баян. Тұңғыштар тұғырында Қазақ­стан­­ның халық ақыны Қонысбай Әбіл бастаған  кілең марқасқалар тұр. Аза­мат Мағзұмов – Сол­түс­тік Қа­зақ­стан облыстық ауруха­насы бас дәрігерінің орынбасары, Төлеухан Иманқұлов – елімізге белгілі математик, Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік ұлт­­тық универси­те­тінің ұстазы, Сапар Әбілкәкімов – тәлімгер журналист, танымал баспагер. Бұл тізімді мектепті әр жылдары бітірген түлектермен толықтыра түссек артық етпес. Елге тұтқа боларлық олардың бәрі Тәуел­сіз­дігіміздің тұғырлы болуы жолын­да аянбай тер төгіп жүр. Қара­ғандыда тұратын хирург дәрі­гер Марат Әбеуовтің есімі елімізге танымал. Неміс тілінің білікті маманы өмірден ерте кеткен Ар­ғынбек Бекмұратовты ауылдас­та­ры сағынышпен еске алады. Қа­зіргі таңда ел басқарып жүрген Түбекбай Әубәкіров те біздің мектептің мақтанышы. Ақмола об­лысы Ақкөл ауданы Кеңес орта мектебінің директоры Мешітбай Жүнісов бала тәрбиесінде жаңа­шыл­дығымен ерекшеленіп жүр. Қостанайлық белгілі кәсіпкер Қа­сым Баймағамбетов осыдан бірер жыл бұрын Көкалаттағы қо­рымды қоршап, Шәкір батырдың басына кесене тұрғызды. Осы мектептің тағы бір шәкірті Хамит Шакин деген азамат ауылға мешіт салып беріп, жамағаттың алғысын алды. Кейінгі буынның арасынан шық­қан Берік Әубә­кіров, Мұхит Әмір­жановтар Жангелдин ауда­нын­дағы білім ша­ңы­рақтарын бас­қарады. Бақытжан Торыбаев Ақ­шы­ғанақ ауылының әкімі. Қан көріп, от кешкен ұрпақ­тың естелігі тәрбиеге таптырмас құрал болатын. Амал не, біздің ауылдағы Ұлы Отан соғысының соңғы ардагері  осыдан екі-үш жыл бұрын дүниеден озды. Әйт­се де, ауыл ардагерсіз емес. Ау­ғанстанда интер­на­ционалдық бо­рышын өтеген Роман Төлегенов те біздің мектептен қанат қаққан. Ауыл жастарына отаншыл рух, патриоттық сезім туралы ендігі әңгімені Роман аға айтып жүр. Желтоқсан қарлығаштарының бірі Бақытгүл Мырзағазинаның осы Албарбөгет орта мектебінде оқығанын жас ұрпақ біле бермейді. ҚазПИ-дің филология факуль­те­тінің 3-курсында оқып жүрген оны Желтоқсан оқиғасына қатыс­тың деп оқудан шығарады. Ба­қыт­гүл 1986 жылдың 17 желтоқ­са­нын­да қамауға алынып, 18-25 жел­тоқсан күндері тергеу изо­ля­то­ры­ның тас еденінде жалаңаш ес-түссіз жатып қалған. Жендеттер итке талатқан. Кейін соның зар­да­бынан ауыр науқасқа ұшы­рап, 1994 жылы өзі туған Торғай об­лы­сы Жангелдин ауданының Көкалат ауылында қайтыс болды. Мектеп соңғы жылдары Ұлт­тық бірыңғай тестте жақсы нәти­желерге қол жеткізіп жүр. Жыл сайынғы орташа көрсеткіш 75-80 баллды құрап келеді. Осыдан бірер жыл бұрын облыстағы бірінші ондыққа да кірген жайы бар. Би­ылғы сынақта осы мектептің 11-сынып оқушысы, ауылдастары бо­ла­шағынан зор үміт күтіп отырған Таңшолпан Әбдіғалиева 104 балл алды деген сүйінші хабарды естіп қуандық. Осыдан 20 жыл бұрын қолы­мыз­ға аттестат алып, Алматыға аттанғанда сәт сапар тілеген ме­нің қара шаңырағым осындай қа­ра­пайым қасиеттерге бай. Биыл оның қырқыншы түлектері қанат қақты. Жолдарың ашылып, ар­ман­­дарың орындалсын талапкерлер! Мұхарбек МАХАМБЕТ, Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің қызметкері, подполковник.