20 Шілде, 2011

Бекир Окан: Окан университеті – әлeмнің озық оқу ордасы

461 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Соңғы ширек ғасырда Түркия Республи­ка­сында білім беру саласы қарыштап дамып келе жатыр. Бұрын Түркияның теңіз сауда эко­но­микасы, туризм, текстиль өндірісімен аты шықса, бүгінде әлем Түркияны сапалы білім беретін оқу орындарымен танитын болды. Ыс­тамбұл қаласында 1999 жылы Окан университеті ашылған еді. Бұл оқу ордасы бар-жоғы он екі жылдың ішінде Түркияның маңдайалды уни­верситеттерінің біріне айналып үлгерді. Осы­ның сырын университет құрылтайшысы Бекир ОКАННАН сұрап білген едік. – Бекир мырза, Окан университетін ашудағы негізгі мақсаты­ңызды айтып өтсеңіз? – Окан университеті тек ком­мер­циялық жобаға ғана бағыт­тал­маған. Негізінен, оқу орны Түр­кия­ның білім сапасының дамуын, сон­дай-ақ, маңызды салалар бойынша жан-жақты жетілген мамандарды әзірлеу арқылы еліміздің эконо­ми­касының өркендеуінe ықпал етуді көздейді. Қала берді, экономикадан өзге халықаралық қатынастар, шет тілдері саласының майталман ма­ман­­дарын дайындауды мақсат етеді. Түркия Республикасы сексенінші жылдардан кейін жекеменшік оқу орындарының ашылуына заң­дық тұрғыдан барынша тиімді жағ­дай жасады. Осының нәтижесінде еліміздегі оқу орындарында шетелдік профессорлар жұмыс істеп, Түркияның білім сапасы өркендей бастады. Студенттеріміз шетелдерде тәжірибеден өтіп, елге келген соң әлемдік соңғы жаңалықтарды өндіріске енгізе бастады. Осының нәтижесінде Түркияда ғылыми тех­нократияның дамуына жол ашыл­ды. Бұл түрік қоғамының соңғы жиырма жылдықтағы жетістігінің негізгі сыры. Бәсекелестік қатты қарқын ал­ған қоғамда серпінді жобалардан тыс қалуға болмайды. Сырт қалсаң, ертең сол сала бойынша мешеулікке ұрынасың. Қысқаша айтқанда, жоғары оқу орнын ашудағы мақ­са­тым – Түркия мемлекетінің дамуы­на өз үлесімді қосу болды десем артық емес. – Окан университетіндегі сту­денттердің контингенті қандай? – Окан холдинг Қазақстан мен Түркияның құрылыс, туризм, тамақ өнеркәсібі және энергетикалық өн­діріс салаларында сапалы қызмет етіп жүргендіктен, әдепкіде студент­тер санының мол болуына ком­па­ния­ның атағы әсер етті. Кейін Окан оқу орнында берілетін сапалы білім әсер ете бастады. Шетелдік профессорлардың дәріс беруі, әрбір жылы жасалатын рейтинг бойынша университеттің еліміздегі алдыңғы қатарлы оқу орны саналуы, бітіруші түлектердің Түркиядағы жоғары орындарында қызмет етуі, біздің оқу ордамызға талапкерлердің екпінді ынта білдіруіне ықпал етті деп ойлаймын. Осының нәтиже­сінде 1999 жылы ашылған Окан уни­верситетінде бүгінде 7000 студент білім алуда. – Қандай салалар бойынша мамандар даярлайсыздар? – Окан университеті уақыт та­ла­бына сай және болашаққа қажет­ті мамандар дайындайтын факультеттер мен бөлімдерді құрды. Әсі­ресе, экономика саласына қажетті, сондай-ақ, шет тілі мамандарын дай­ындауға басымдық берді. Бүгін­де оқу орнында ағылшын тілі, неміс тілімен бірге орыс тілі, араб тілі, қытай тілі бөлімдері жұмыс істейді. Сонымен қатар, ағылшын тілінде сабақ беретін менеджмент, маркетинг, сәулет өнері, инженерия факультеттері бар. «Кәсіпкерлікке жақын университет» деген лақап аты бар оқу орнында білімді тә­жірибемен ұштастыруға арналған және сапалы маман болуға баули­тын консультациялық бағдарлама­лар да жұмыс істейді. Окан университеті өткен жылдан бастап халық­аралық қатынастар бөлімін ашты. – Университеттің сыртқы бай­ланысы жөнінде айтып өтсеңіз? Яғни, шетелдердегі қандай оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынас орнатқан? – Окан университеті АҚШ-тың Гeорг Масон университетімен, Ресей Федерациясының атақты Мәс­кеу мемлекеттік университетімен, сондай-ақ, Қазақстандағы Л.Гумилев атындағы Еуразия университетімен және т.б. жоғары оқу орын­дарымен әріптестік қарым-қатынас орнатқан. Аталмыш университеттер мен студенттеріміздің тәжіри­бесін ұштау мақсатында байланыс жасаймыз. Сонымен бірге, Окан университеті Еуропалық Одақтың «Ерасмус» бағдарламасына мүше Түркиядағы санаулы оқу орын­да­рының бірі саналады. Бұл бағдар­лама Еуропадағы ЖОО-да бірың­ғай жоғары деңгейде білім сапа­сының қалыптасуын көздейді. – Окан оқу ордасының ал­да­ғы уақытта қандай жоспарлары бар? – Университеттің оқу корпусы, жатақханасы заманауи құрылғы­лар­мен жабдықталған. Профессор­лық құрамымыз да өте жақсы. Әлем­нің ең мықты деген ұстаздары дәріс оқиды. Яғни, Түркияда біздің оқу орнының деңгейі өте жоғары. Енді осы деңгейді сақтай отырып, алдағы уақытта қоғамға қажетті деген мамандарды әзірлейтін бөлім­дер­ді ашпақшы ойымыз бар. Әсі­ресе, ғылыми технократияға ба­сым­дық бермекпіз. Сөз соңында айтпағым, Окан уни­верситеті Түркияның саясат пен экономикадағы ең жақын әріп­тесі саналатын Қазақстаннан да студенттер қабылдауға пейілді. Осы жылдан бастап Окан оқу ор­нын­да Назарбаев атындағы стипен­дияның және өзге де тағайын­дал­ған стипендияларға ие бес қазақ студенті білім алуда. Олар университет талабына сай терең, жан-жақ­ты білім алуда. Қазақ шәкір­т­те­рі ағылшын тілінде еркін сөйлеу­мен бірге, Ыстамбұлдың бай мәде­ниетін бойларына сіңіруде. – Әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен Ахмет АЛЯЗ.