20 Шілде, 2011

Жүзік пен сырға туралы айтар сыр

802 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
– Фариза апа, кезінде сіздің Алматыға қызметке келуіңізге Дінмұхаммед Қонаев қамқорлық жасапты дегенді естиміз. Үлкен кісінің өрісіңіздің кеңеюіне қандай ықпалы болды? – Жұрт солай деп айтады дейді. Қазақ елінің бірінші басшысының “Фариза Оңғар­сынованы Алматыға алдырыңдар” демегені айдан анық, өйткені мені білмейді. Қазақ­стан­ның сонау батысында тиіп-қашып өлең, мақала жазып жүрген қыз баланы ол кісінің білуі де мүмкін емес қой. Бірақ кейін ол ағамыздың менің ақындық тағдырыма үлкен қамқорлығы болғаны рас. – Халық қадірлейтін аяулы тұлға Д.Қо­наев кезінде “Қандай қаламы жүйрік журналист қыздар бар?” деп сұрағанда, ағы­нан жарылып, ол кісіге сіз туралы айтқан кім? Таза талантты тап басып тани білген турабидің өнегесін өздеріне үлгі тұта жүруі үшін кейінгі ұрпақтың ондай азаматтар туралы да біле жүргені жөн секілді… – Мұның рас. Ол кезде бір ауылдан белгісіз жас шығармашылығымен көріне бастаса, астанадағы зиялы қауым бірден байқап, кәдімгідей көңіл бөлетін, ол жасты қатарға қосып жіберуге ниет, көмектерін аямайтын. Және қазіргі кездегідей жүз, ру дегеннен жұрт аулақ болатын. Кейін естуімше, Қазақстан Орталық партия комитетінің шағын бір отырысында Дінмұхаммед Ахметұлы “басқа республикаларда балалар басылымдарын қыз-келіншек­тер басқарады, ал бізде ылғи жігіттер отыр. Қазақта неліктен жақсы журналист қыздар жоқ?” десе керек. Сонда Орталық комитеттің үгіт-насихат бөлімін басқаратын Сапар Байжанов пен сол бөлімнің қызметкері Кәкімжан Қазыбаев ағаларымыз: “Қазақстанның батыс облыстарындағы “Лениншіл жас” газетінің тілшісі Оңғарсынова деген қыз бар, газет бетін бермейді – жазады да жатады” депті. Ди­мекең “ендеше, алдырыңдар, балалар газетіне редактор болсын” деген ұсыныс айтыпты. Мен ол жылдары Атырау қаласында тұра­тынмын. “Лениншіл жас” қолдан-қолға түс­пей­тін газет, оған меншікті тілші етіп алған Шер­хан Мұртаза ағамыз еді, ал кейін ол га­зет­тің редакторы Сейдахмет Бердіқұлов деген көрнекті журналист, жазушы азамат болды. Жоғарыда аттары аталған ағаларымыздың бәрінің де қамқорлығын, шығармашылы­ғым­ды ешқандай алыс-беріссіз қолдаған­дарын, ма­ған сенім артқандарын ешқашан ұмыт­пай­мын. Басқа адамдардың сенімін сезіну – күннің шуағы секілді адамға ерекше қуат береді. Ол жылдардағы үлкендердің кейінгі жастарға деген қадір-құрметі, жанашырлық көңілі ерекше еді. Мысалы, мен “Қазақстан пионері” газетіне редактор болып келдім. Алматыда туған-туысқан жоқ. “Жетісу” қонақ үйінде жата­мын. Аз-мұз танитындарым – “Лениншіл жас­тың” қызметкерлері. Мені алғаш қонаққа шақырған марқұм Сейдахмет аға болды. Одан кейін Кәрібай Ахметбеков еді. Кәрі­байдың келіншегі Орынкүлмен дос болып кеттік. Бір күні Жазушылар одағының бірінші хатшысы Әди Шәріпов ағамыз телефон ша­лып: «Ертең біздің үйге келіп қонақ бол, қал­қам, жазушы-ақын ағаларың келеді, таныса­сың», – демесі бар ма! Жазушылар одағында бірер мәрте көргенім болмаса, ол кісімен таныс емеспін. Таң-тамаша қалдым. Ұяла-ұяла бардым. Клара жеңгей өзімнің замандасым екен. Ылғи ығай мен сығай ағалар отыр. Ғабиден, Ғабит, Жұбан, Сырбай ағаларымыз. Олардың ара­сында шүйкедей болып мен де жайғастым. Әди аға менің мақала-өлеңдерімді оқып жүреді екен, шамасы сұрастырып білген секілді қайдан келгенімді. Ағаларға таныстыр­ды, “талантты бала” деп баға берді. Қазір ойлап отырсам, ертегі секілді. Не деген кеңдік, неткен бауырмалдық десеңізші... – Естуімізше, 50 жасқа толған тойы­ңызға, ол кезде үйде отырған Димекеңді шақыра барғаныңызда, ол кісі: “Мен барсам, саған кесірім тиер” деп, тартқын­шақ­таған сияқты. Сонда сіз: “мен еш­теңеден қорықпаймын” деп жауап берген көрінесіз. – Димаш ағаның үйін Балғабек, Сейдахмет ағалардан қай жерде тұратынын сұрап алып, іздегенім де, барғаным да рас. Алматы­ның орталығында тұрады екен, машинаны шарбақтан алысыраққа тоқтаттық, бір жасаң арықша жігіт кім екенімізді, қайда келе жатқанымызды сұрады. Менің аты-жөнім, жұмыс орным, телефондарым жазыл­ған кішкене қағазым (визитка) бар еді – бердім, әлгі жігіт үйге кіріп, кешікпей қайта шықты да: – Жүріңіз, – деді әдеппен. Үйдің кіреберіс бөлмесіндегі есіктің оң жақ босағасында Димаш ағай, есіктің сол жағында Зухра жеңгей тұр екен. Ағаймен амандасып, сосын жеңгемізге бұрыла беріп едім, ол кісі бас салып құшақтаған күйі көзіне жас алып: – Амансың ба, айналайын! Баяғыдан бері неғып көрінбей жүрсің? – деп құшағынан босатты да, екі қолымды ұстады. – Мына Димаш ағаң талай қазаққа, орысқа, татарға және басқаларға көмектесті. Сол кезде сен көрінбедің ғой… Теледидардан Димашты арашалап сөйледің, “Жетісу” газетіндегі интервьюіңде де жақсы айтыпсың, оқыдық. Димаш ағаң саған ешқашан жақ­сылық жасамаса да, сен ешкімнен қорықпай, оның ақ, адал адам екендігін халыққа айтып, жария еттің, қалқам! – деп көзіне тағы да жас алды. – Жылағанды қою керек… Қане, Фариза, мынау менің кабинетім, сонда отырайық, – деп Димаш аға жеңгеміздің қолынан ұстап, есігі ашық тұрған бөлмені нұсқап, маған жол берді. Бөлме шағын екен. Шылым тұтататын неше түрлі оттық, кітаптар салынған шкаф, басқа не бар екенін тәптіштеп қарап тұруға ыңғайсыздандым да, креслоға отырғаннан кейін: – Зухра жеңеше, әлгінде “Димаш ағаң саған жақсылық жасаған жоқ” дедіңіз. Егер ағаның қамқорлығы болмаса, мен Алматыда бір журналдың редакторы болып жүрер ме едім. Бұл – бір. Екіншіден, бүкіл елімізге басшы, халыққа қамқор болған адамға “маған жақсылық жасамады” деп әркімнің кінә тағуы қылмыс қой, – дедім. – Жеңгең аздап сырқаттанып жүр, аманбыз, – деп аға Зухра жеңгейге қарады, – дастарқан жайғыз (атын ұмыттым, әлгінде бағана далада мені қарсы алған арықша келген қараторы жігіттің атын айтты, есімінің екінші бөлігі ғали екені есімде қалыпты, шамасы КГБ-ның өкілі болар деп ойладым), Фариза дәм татып кетсін, – деді. Мен келген шаруамды айттым. – Жасымыз жер ортасына жетіп қалыпты. Өзім керемет болып туған адаммын деуден аулақпын. Өзіңіз секілді ағалардың қамқор­лығы арқасында әдебиетте, журналистикада азды-көпті еңбек етіп жүрміз. Желтоқсанның 25-і – туған күнім. 23 желтоқсанда әлім келгенше дастарқан жаюға әзірленіп жүрмін. Сіздерді сол дастарқанның төрінде отырсын деп шақыра келдім. Онда ақын-жазушы ағаларым, замандас, бауырларым болады, – деп, шетіне суретімді салған шағын шақыру қағазымды ұсындым. Ағай қарап, сосын орнынан тұрып, кітап сөресіне сүйеп қойды. – Дұрыс, айналайын, денің сау болсын. Бірақ осы кезде мені шақырғаннан өзіңе зиян келуі мүмкін, қарағым, бізге ренжи көрме, – деді. – Аға, Сізді шақырыпты деп есі дұрыс адам айыптамас, көп болса, балалар жур­налының бас редакторлығынан алып тастар, мен одан қорықпаймын, – дедім. Зухра жеңгей бөлмеден шығып кетті де, кешікпей қайта оралды. – Үлкен рахмет, қалқам, жақсылық сатыл­майды. Қолынан келсе, жақсылық жасау – адамның борышы. Біз далаға көп шықпаймыз қазір, оның үстіне менің денсаулығым онша емес. Мына жүзік пен сырғаны саған сый­лағалы отырмын, тақпасаң да, біздің көзі­міздей көрерсің, – деп жеңгеміз әлгілерді қолыма ұстатып, бетімнен сүйді. Ас ішетін бөлме де онша үлкен емес екен. Әлгі жігіт дастарқан жасап қойыпты. Сүт құйған шәй де келді. Рахмет айтып тұрайын деп жатқанда, Димаш аға: – Зухра, қазақ құрметті қонақ келгенде ет асатын еді, ұят болды ғой Фаризаның шәй ғана ішіп кеткені, – деді күлімсіреп. Менің аузыма іле-шала мынандай сөздер келе қалғаны: – Ой, аға, оқасы жоқ. Менің сіздің үйге кеткенімді білетін бір топ адам редакцияда күтіп отыр. “Жеңгеміз ет аса қоймады, бірақ аға-жеңгемнің саулықтары жақсы екен, бас-басыңа сәлем айтты” деймін оларға, – дедім. Екеуі менің әзіліме күліп, мәз болысты. – Сол жүзікті үнемі тағып жүресіз бе? – Тағып жүрмеймін. Жалпы менің сақина, сырға секілді жалтырақтарды тағуға әуесті­гім жоқ. Бірақ Зухра жеңгеміздің сақина, сыр­ғасы мен Нұрсұлтан Әбішұлының зайыбы Сара Алпысқызы иығыма жапқан бүршікті жібек орамал – біздің үйдегі қасиетті бұ­йымдар. Балалар, немерелер – бәрі де солай қабылдайды. Ал, менің сол 50 жылдығымды атап өту үшін орын іздегенімнің өзі бір хикая. Жазушылар одағы үнсіз. Мен туып-өскен Гурьев /қазіргі Атырау/ облысы тіпті жеделхат жіберуге де жарамады. Мұқағали аға­мыздың: – Бүгін менің туған күнім, ой, пәлі-ай, Мына халық неғып жатыр тойламай?! – дегеніндей, өзім қазақ үшін тау қопарып, қызмет қылған адамға ұқсап ішімнен дардай болып жүрмін. Менің жанымда кілең талант­ты жастар. Мейірхан Ақдәулетов, Дәуітәлі Стам­беков, Өтеген Оралбаев, Әшірбек Кө­пішев, Серік Томанов. Дастарқанды басқару үшін Зейнолла Қабдолов ағам мен Серік Әбдірахманов бауырыма өтініш айттым. Серік інім: – Өмірде той басқарып көрген емеспін, – деп біраз қашқақтап, сосын көнді. Серікке қолқа салған себебім, Колбиннің тұсында оны республика Жастар одағының бірінші хатшылығынан орынсыз алып тастады. Жастар Серікті жақсы көреді. Мен де жақсы көруші едім. Ол құрылыс мекемесінде жұмыс істеп жүрген. Менің дастар­қаныма келетін ақын-жазушылар, солардың алдында көрінсін, көңілі көтерілсін деген ойым ғой. Тау жақтағы іші киіз үйге ұқсаған, дөң­гелек мейрамхананың жаңадан іске қосылған кезі. Кез-келген адам ол жерде жиын-той өткізе алмайды, себебі рұқсат беретін Министрлер Кеңесінің Іс басқармасы. Оның бас­шысы, ұмытпасам, Крашенников деген кісі. Соған телефон соқтым. – Министрлер Кеңесінің төрағасы Мәс­кеуде. Сол кісінің рұқсатынсыз бере ал­маймын. Дегенмен Мәскеуге телефон шалып көрейін, – деді. Ертесіне үйге телефон ша­лып, рұқсат берілгенін айтты. – Дінмұхаммед Ахметұлы өзіңізді Ал­матыға алдырған уақытта қабылдауында болдыңыз ба, кездестіңіз бе? – Алматыға келгеннен кейін Димекең қабылдаған жоқ. Мені Алматыда алдымен қабылдаған Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәні­беков ағамыз. Саттар Имашев деген Орталық комитеттің идеологиялық хатшысы, оның алдында үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Плотников қабылдады. Одан кейін Мәскеуге жіберді. Бүкілодақтық Лениншіл Жастар ода­ғы Орталық комитетінің үгіт-насихат бөлі­мін­де қазіргі белгілі ақын, кейін “Юность” журналының бірнеше жыл бас редакторы болған Андрей Дементьев екен, әуелі сол танысып, жөн сұрады. Мен Алматыда оқыған адам емеспін, сонау Ресеймен іргелес жатқан батыс аймақтан келдім. Және самолеттен түсе салып, респуб­ликалық газеттің бас редакторының орынта­ғы­на отыра кеттім. Балалар газеті болса да, республикалық газет. Екі айдан кейін екі бөл­ме үй берілді. Маралбай, Әбіштер пәлен жыл жалдамалы пәтерде жүріп, үй-жайға сосын барып ие болған. Димекең қа­был­даған жоқ. Бірақ хат жазып хабарлас­қаным бар. Алматылық замандастарымыздың бір­қатары “бұл кімнің періштесі болды екен” деп сырттай көрсетпесе де, іштей жақтыра қой­маған сыңайлы. Біреулерінің “Алматыда журналист жетпегендей…” деп күңкілде­сетін­дерін де сымсыз телефондар жеткізіп жүрді. Бір күні Орталық партия комитетінің үгіт-насихат бөліміне шақыртып, екі бет қағазға мені жамандап Димекеңнің атына жазылған хатты көрсетті. Аты-жөні жоқ. “Мінезі жаман, қарауындағыларға қатал, ешкімді менсінбейді және “барыңдар, көкелеріңе ай­тың­дар – мен қорықпаймын” деп шіренеді…” Міне, сол хаттағы осындай сөздерді естіп, не болғанымды білмедім. Редакцияда жеп қоя­тындай қаражат жоқ – бухгалтерия Орталық комитеттің баспаханасына қарайды. Мен Орталық комсомол комитетіне барып, Закаш Камалиденов ағамыз бірінші хатшы болатын, сол кісіге арыз жазып бердім. Мен Алматыға сұранып келгенім жоқ. Мұндай сөздерді естігенше, ауылға барып мұғалім болғаным жақсы… Арыздың мағынасы осы. Ол кісі жылы қабылдап, бұлай болмайды, сіз жауапты қызметтегі адамсыз деп арызым­ды қабылдамады. Шығып келе жатсам, көшеде Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыз біреумен сөйлесіп тұр екен. Сәлем бердім. Қасындағы кісі кеткесін Әбекеңе жағдайымды айттым. – Ендеше, Димекеңе қысқаша хат жаз. Мен көмекшісіне апарып берейін, – деді ағамыз. “Димаш аға, менің астанаға келіп, балалар газетінің бас редакторы болуым Сіздің қам­қорлығыңыздың арқасы деп білемін. Бі­реу­лер үстімнен менің дымымды қоймай сынап, аты-жөнін айтпай хат жазыпты. Мен адал жүретін адаммын. Астанаға шақырған соң келіп едім. Үнсіз кетіп қалуым дұрыс емес деген оймен алдыңыздан өтейін деп осы хатты жаздым” деп жаздым да, хатты Әбекеңе апарып бердім. Бір күн өткенде “Қазақстан пионері” газетінің редакциясына Дінмұхаммед Ах­мет­ұлының көмекшісі, жазушы Владислав Владимиров телефон шалды. – Фариза, мазасызданбаңыз, Димаш Ах­метұлы “жазықсыз шабуылды қысқарту керек” деген пікір жазды, – деді. Осыдан кейін менің соңыма түскендердің ауыздарына құм құйылды. Бүгін ойлап отырсам, ол да өз алдына бір хикая екен. Ал, Димаш Ахметұлының өзімен Ал­матыға келгесін бірнеше жылдан кейін, анық­тап айтсам, 1981 жылы өзім өтінішпен кіріп, кездестім. Кеңдеу пәтер сұрау үшін. Маған редактор болып келгенде екі бөлмелі пәтер берілген. Жалғыз ағам қайтыс болғанын, соңында шиеттей балалары қалғанын, менен басқа қамқоршы туған-туыс жоқ екенін айттым. Оларды қанат­тандыру үшін қолыма ал­ғым келетінін жеткізіп, үлкен пәтер сұра­дым. Сол бойда Орталық комитеттің Іс бас­қар­масының бастығы Статенинді шақы­рып алып, орталықтан төрт бөлмелі пәтер берілсін деп тапсырды. Сөйтіп, Министрлер Кеңесінің салынып бітіп жатқан әдемі кірпіш үйінен пәтер берілді. Сол кісінің мейірімді жүзінен, жанашыр жақын ағадай жылы қабылдауынан кейін “Мейірім” деген өлең жазып едім. Ол кезде Министрлер Кеңесінің төрағасы Бәйкен Әшімов ағамыз. Маған Іс басқармасы үйдің ең соңғы бесінші қабатынан пәтер бөлген екен, Бәйкен ағай: – Қыз баланы неге соңғы қабатқа қуа­сың­дар, үшінші қабаттан берілсін! – депті. Кейін Бәйкен ағаның қолынан Еңбек Қызыл ту орденін алдым. Соңғы жылдары Бақыт апамыз, Бәйкен ағамызбен жиі араласып кеттік. Екеуі де қазақтың сирек туатын перзенттері еді ғой. Ал, Димекеңмен тағы бір кездескенім есімде. Бұл 1987 жыл болатын. Ленин атындағы сарайда (қазір Республика сарайы) өтетін Ұлы Октябрь революциясының 70 жылды­ғы­на арналған салтанатты жиынға мені де шақыр­ған екен. Мен алдыңғы күннің кешінде Америкадан келген едім. Комсомолдың туристік жолдамасымен Қазақстаннан бір топ адам Мәскеу арқылы Нью-Йорк, Бостон, Вашингтон қалаларында болып келгеніміз сол еді. Бардым. Он жетінші қатардағы ылғи кемпір-шалдармен қатар маған да орын тиіпті. Өзім жолдан және уақыт өлшемінің алшақ­тығынан шаршап әрең отырмын. Президиумда кілең ығай мен сығай. Бір кезде салтанат­ты жиынның негізгі бөлімі аяқ­талып, үзіліс жарияланды. Жұрт жөңкіліп зал­дан шыға бастады. Мен де алдым­дағылардың соңынан еріп келемін. Алдыңғы жаққа қарасам, таудай болып Димаш аға келе жатыр. Адамдар оның жанынан олай да, былай да өтіп жатыр. Мен өз қатарымның шетіне жетіп, тұра қалдым. Соңымдағылар маған кейістік білдіріп, “неге жүрмейсіз!” деп жатыр. Мен тұра бердім. Пенделердің зердесіздігіне, бұрын Диме­кеңнің етегінен ұстауға, тіпті анандай жерден көруге зар болып жүргендердің бүгін оның жан-жағынан итермелеп өтіп жатқандарына ызаланып, көзіме жас келді. Димекең жақындап қалды. Мен адамдарға жол бермей тұрып алдым. Аға мені көріп келе жатыр екен. Жақын келіп сәл кідірді де, сол қолымен иығымнан құшақтап: – Амансың ба, айналайын! Неге жүрмей тұрсың? – деді. Мен де қатарласып жүре бердім. – Сізді күтіп тұрмын, Димаш аға! – дедім көзімді сүртіп. – Мен концертке қарамай кетіп барамын, жеңгең ауырып жатыр, – деді фойеге шыққасын. Сосын өзім де үйге қарай аяңдадым. Зухра жеңгей қайтыс болғанда, бардым, әрине. Димаш ағамызды соңғы рет сол оқиғаның үстінде көрдім. Ағамыз дүние салғанда Қазақстанның көп ұлтты халқының қалай қайғырғанын көрсеңіз ғой! Үйінен шығарылған мәйіт Кеңсайға жеткенше көшенің екі жағында тұрып қоштасқан жұрттың тастаған гүл шоқтарынан асфальт көрінбей қалды. Бұл – халықтың ол кісіге деген шынайы махаббатының бір көрінісі еді. 1993 жылы 23 тамыз күні таңертең Нұр­лан інім (Оразалин) телефон шалды. Көңіл­сіздеу. – Әпке, Димекеңнен айырылып қалдық, естідіңіз бе? – деді. Жүрегім тоқтап қалғандай күйдемін. Естіген жоқ едім. – Ағаңызға арнап көңіліңізді білдірем десеңіз, біз басуға әзірміз, – дегені. Ол жылдары Нұрлан “Егемен Қазақстан” газетінің бас редакторы болатын. Мен сонда Димаш ағамызға арнап “Дүниеден өтті бір алып” деген мына өлеңімді жаздым: Дүниеден өтті бір алып, дүниеден өтті дара аға, көсем боп, сосын сыналып, жайсаңдықтан таймай сонда да, кешірімді бізге мұра ғып, мәңгіге кетіп бара ма? Қарамай ма енді ол сонда өзін тербеткен далаға, өзі шырқатқан қалаға – сыймай тұр менің санама. Алатау, Алтай, Атырау, Қаратау, Көкше, Қазығұрт қайғыда бүгін жатыр-ау, жырақтағандай жаз үміт. Кемсеңдер бүгін қарттарым, жыласа да олар жоқ айып. Балалар тастап доптарын, сыбырласады мұңайып: “Қайтыс бопты, – деп, – Қонаев”… Барласаң бүгін, саналы ел, мейірімнен одан кім асты? Артықтау болса “дана” деу, кемеңгер екені рас-ты. Жалпылдап ұшқан көп қарға жаны мен тәні неге сау? Төтеп бергенмен оқтарға, жүрек те темір емес-ау, қинамай, қимай тоқталды, ә?.. Айналам әлі қараңғы, өмірім – сынығы жасынның. Жазықсыздар мен адалды жазалау – мәні ғасырдың. Үмітпен шашым ағарды, ағымнан жарылып шашылдым, Өкпем мен ызаны жасырдым, арамзаларға ашындым… “Қош, – дейді елің, – ардағым”, асылдың орнын кім басар? Түлектерді талай жалғадың – далаңнан әлі-ақ түн қашар, қараңғылықты күн басар, жасылға оранар бағымыз, данаға бұйырар тағыңыз. Жәннатта болғай жаныңыз! Рухың, әппақ арманың халқыңмен мәңгі бір жасар…   Біздің әдебиетке келуіміз оп-оңай бола қойған жоқ. Өнер жолы әйтпесе қиын жол ғой әйел затына. Адам қаншама данышпан, да­рын­­ды болғанмен, оны халқы, ортасы бағаламаса, тарих құмының астында қалады ғой. Қазақтың талай дарындылары осылай жоғалған. Менің өмірлік, шығармашылық жолым­ның болуы ардақты ағаларымыз бен асыл заман­дас­тарымыздың, қалың оқырман бауыр­ларымның қамқорлықтарының арқасы деп білемін. Әңгіме сенің жүзік пен сырға туралы сұ­рақтарыңнан басталып кетті. Көңіл бөлген­деріңе рахмет. – Өлеңіңізде айтқан арман-бол­жамыңыз келді: Жасылға оранар бағымыз, Данаға бұйырар тағыңыз, – деген жыр жолдарыңыз шынында да періштенің құ­ла­ғына шалынған екен. Бір заман­дасым: «Ақын деген – көріпкел» деп еді, сол сөз ша­масы рас болар. Осы айтқанда­ры­ңыз­дың бәрі тарих қой – ұрпақтар біліп жүр­сін деген оймен сізге ел ау­зы­нан естіген әңгіме­лердің анық-қа­ны­ғын білу мақсатымен бірер сұрақ қойып едім, оған ағынан жары­лып жауап бердіңіз. Ол үшін сізге көп рахмет. Әңгімелескен Зәмза ҚОҢЫРОВА.