Егемен еліміздің мерейін тағы бір еңселі биікке көтерген елорда мерекесі ерен оқиғалармен ерекшеленіп өтті. Қанатын кең жайып, сәні мен сәулеті жарасқан Астананың күннен-күнге құлпырып, түлей түрленгеніне таңданбайтын ел, тамсанбайтын адам қалмады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуекелшіл бастамасымен өмірге келген еліміздің бас қаласы ғасырлар тоғысындағы алып құрылыс алаңына айналғаны ақиқат.
Әлемдегі дамыған елдердің өзінде құрылыс индустриясын тұралатып, қуатты экономикаларды рецессияға ұшыратқан жаһандық қаржы дағдарысы кезінде де Астана қаласы құрылысының тоқырауға төтеп бергендігі баршаға аян. Қаржы қиындығы қыспаққа алған сол бір шақта Елбасы бас қаланың маңызды құрылыстарының тоқтамауына, әсіресе, алданып қалған үлескерлердің мүддесін қорғайтын тұрғын үй кешендерінің құрылысын жандандыруға батыл қадам жасады. Осы мақсат үшін мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөліп, көмек көрсетті. Міне, осындай көрегендік жанашырлықтың нәтижесінде өткен жылы қаламызда 1 миллион 300 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. 2010 жылы Астанада үлескерлер проблемасын шешу мақсатында шешуші жұмыстар жүзеге асырылып, жалпы қаламызда бұл проблема үстіміздегі жылы толық шешімін табады деп күтілуде. Осы орайда, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет барлық проблемалық тұрғын үй кешендері құрылысын қаржыландыру мәселесін толық шешкенін атап өткен жөн. Сөйтіп, бас қаладағы осындай 61 проблемалық тұрғын үй кешенінің 28-і биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін пайдалануға берілсе, қалған 33 тұрғын үй кешенінің құрылысы жыл соңына дейін толық аяқталмақ.
Үстіміздегі жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында Астанада барлық қаржыландыру көздерінің есебінен жалпы ауданы 633 254 шаршы метр 5538 пәтер пайдалануға берілді. Бас қаламызда құрылыс индустриясының барлық қырлары дамып келеді. Ғасыр құрылысы атанған бас қаланың құрылыс объектілерінде негізінен жеке меншік құрылыс фирмаларының атқарып жатқан жұмысы ауқымды. Биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында жеке салушылар жалпы көлемі 24 140 шаршы метр тұрғын үй құрылысын салған. Бұл 2010 жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 114,7 пайызды құрайды.
Астана қаласының кәсіпорындар мен ұйымдары 2011 жылғы қаңтар-маусымда 96483,8 миллион теңгенің мердігерлік жұмыстарын орындаған. Құрылыс жұмыстарының басым бөлігі 83,1 пайызы жеке меншіктегі мердігерлік ұйымдардың, 0,1 пайызы мемлекеттік меншіктегі мекемелердің, 16,8 пайызы шетелдік мердігерлік ұйымдардың үлесіне тиеді. Мердігерлік жұмыстардың жалпы көлемінің 52,1 пайызын жұмысшылар саны 20 адамға дейінгі шағын ұйымдар, 16,7 пайызын жұмысшылар саны 51 адамнан 250 адамға дейін орташа құрылыс ұйымдары атқарса, 31,2 пайызын жұмысшылар саны 250 адамнан асатын ірі кәсіпорындар орындаған.
Астана қаласы статистика департаментінің деректері бойынша, 2011 жылғы қаңтар-маусымында тұрғын үй құрылысына 33939, 9 миллион теңге қаржы жұмсалған. Бұл 2010 жылғы сәйкес мерзімімен салыстырғанда 123,3 пайызды құрайды. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемінде тұрғын үй құрылысында игерілген қаржы үлесі 19,5 пайызға тең. Жалпы, үстіміздегі жылдың бірінші жарты жылдығында негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 173 844,3 миллион теңгені құрады. Бұл 2010 жылғы сәйкес мерзімімен салыстырғанда 19,3 пайызға жоғары. Жалпы, негізгі капиталға инвестиция тарту мәселесі тұрғысынан келетін болсақ, Астана қаласының республикалық көлемдегі үлесі 9,3 пайызды құрайды. Инвестициялардың басым бөлігін, яғни 69,1 пайызын жекеменшік кәсіпорындар игерген.
Жалпы алғанда, алдағы жылдары да Астана қаласындағы тұрғын үй құрылысының қарқыны баяуламақ емес. Сонымен қатар, үстіміздегі жылы елордадағы рухани-мәдени ғимараттар қатарына да бірнеше жаңа ірі құрылыс нысандары қосылады. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы аталып өтілетін тұста қалада 5 мың орындық орталық мешіт, оқушылар сарайының ғимараттары ашылады. Сондай-ақ Астанада 1 мың орындық классикалық опера және балет театрының, Тұңғыш Президент қоры және кітапханасының ғимараттары бой көтеріп келеді. Ерке Есілдің жағасында салтанат құрған Астана қаласының алып құрылыс алаңындағы қайнаған қызу жұмыс ел экономикасының локомотиві болып қала бермек.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.