Ұлттық Банк хабарлайды, түсініктеме береді, түсіндіреді
Талдау
Осы шолу мақалада соңғы жылдарда өңірлер қалай дамығанын, олардың еліміздің экономикасына қандай үлес қосқанын (ЖІӨ-дегі өңірлердің үлесі), тұтастай алғанда негізгі макроэкономикалық және әлеуметтік көрсеткіштер бойынша олардың қайсысы «көшбасшы» және керісінше, «аутсайдер» болып табылатынын талдап көрсеткіміз келді.
Бұл ретте, динамиканы және даму деңгейін облыс бөлігінде салыстыру емес (өйткені осындай деректер ҚР Статистика агенттігінде қалыптастырылады), еліміздің ірілендірілген өңірлер бөлігінде салыстыруды байқау қызықты болды.
Біз дәстүрлі өңірлік бөлуді пайдаланып, бес ірілендірілген өңірге бөлдік: Солтүстік (Ақмола, Қостанай, Павлодар, және Солтүстік Қазақстан облыстары), Батыс (Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары), Шығыс (Шығыс Қазақстан облысы), Оңтүстік (Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары), Орталық (Қарағанды облысы) және дербес бірлік ретінде – республикалық маңызы бар Астана мен Алматы қалалары.
Өңірлер
Сонымен, ірілендірілген өңірлер қалай дамыды, 2003-2010 жылдары кезеңінде олардың еліміздің экономикасын дамытуға қосқан үлесінің салыстырмалы деңгейі мен динамикасы қандай? Осы кезең ішінде еліміздің номиналды ЖІӨ-нің ең үлкен үлесі Батыс өңірі мен Алматы қаласында өндірілді, ең аз үлесі - Шығыс өңірінде.
1-сурет. 2010 жылғы номиналды ЖІӨ-дегі облыстардың үлесі, %
2010 жылы еліміздің ЖІӨ-дегі өңірлердің үлесі төмендегідей қалыптасты:
Батыс өңірі - 29,6%; Алматы – 18,2%; Оңтүстік өңір – 15,7%; Солтүстік өңір - 13,7%; Орталық өңір – 8,5%; Астана – 8,3% және Шығыс өңірі - 5,9%. ЖІӨ өңірлік құрылымының өзгеруі 2003 жылдан бастап Батыс өңірі пайдасына, оның экономикасы өсуінің жоғары қарқыны есебінен болды.
Номиналды көрсеткіштегі жалпы өңірлік өнімінің (ЖӨӨ) орташа жылдық өсімінің ең жоғары қарқыны Астанада, Алматыда, Батыс өңірінде, Оңтүстік және Орталық өңірлерінде байқалды. Біршама төмен – Солтүстік және Шығыс өңірлерінде. Дағдарыстың әсерінен 2009 жылы номиналды ЖӨӨ өсіміндегі айтарлықтай тежелу Солтүстік (2,8%) және Батыс (3,5%) өңірлерінде байқалды.
Халықтың жаң басына шаққандағы ЖӨӨ өңірлер экономикасының даму деңгейін бағалау үшін ең объективті көрсеткіш болып табылады. Осы көрсеткіш бойынша ең жақсы жағдай Батыс өңірінде, сондай-ақ, Алматыда және Астанада байқалады, ең нашар – Оңтүстік өңірде.
1-кесте. ЖӨӨ халықтың жан басына шаққандағы өзгеруі, мың тг.
|
2003 ж. |
2010 ж. |
Солтүстік өңір |
253 |
996 |
Батыс өңірі |
596 |
2 824 |
Шығыс өңірі |
229 |
909 |
Солтүстік өңір |
160 |
657 |
Орталық өңір |
334 |
1 367 |
Астана қ. |
597 |
2 668 |
Алматы қ. |
696 |
2 786 |
Ел бойынша |
309 |
1327 |
Жоғарыда көрсетілген ЖІӨ өңірлік құрылымын қалыптастырған өңірлердегі негізгі салаларының қалай дамығанын көрейік.
Өнеркәсіп
Өнеркәсіптің өңірлік құрылымында ең үлкен үлеске Батыс өңірі ие болды: 2003 жылғы 45,5%-дан 2010 жылы оның үлесі 51,2%-ға дейін өсті. Яғни, республиканың өнеркәсіп өнімінің жартысынан көбі елдің Батысында өндіріледі.
2-сурет. Өнеркәсіп өндірісінің динамикасы, млрд. теңге
2003 жылдан басталған кезең үшін өнеркәсіп өсімінің орташа жылдық өсу қарқынының ең көп өсімі Алматы және Астанада – 9%-дан астам, Батыс, Солтүстік және Оңтүстік өңірлерде, ең азы – Шығыс өңірінде – 3,5% болды. Батыс өңірінің өнеркәсібі қаржы дағдарысының ықпалына аз ұшырады, ол 2008-2009 жылдары өсе бастады және Солтүстік өңір, өнеркәсібі өскен жоқ, бірақ төмендеген де жоқ. Қазақстанның қалған өңірлерінің барлығында осы кезеңде өнеркәсіп өндірісі көлемінің елеуліден айталықтайға дейін құлдырауы байқалды. Ең көп құлдырау 2008 жылы Алматы мен Астанада болды. Ахуал, негізінен Батыс өңірінің өндіру саласы өнеркәсібінің жоғары үлесіне себепші болды, ол 2009-2010 жылдары 80%-дан асты. 2003 жылдан бастап Солтүстік және Оңтүстік өңірлерде тау-кен өндіру өндірісінің көлемі барынша жоғары қарқынмен өсті. Өңдеуші сала Батыс және Оңтүстік өңірлерде барынша көп дамыды: нақты көлем индексінің орташа жылдық қарқыны мұнда тиісінше 123,2% және 112,1% болды.
Ауыл шаруашылығы
Жалпы өнімнің барынша көп көлемі Солтүстік және Оңтүстік өңірлерінде (жиынтығында, бұл өнімнің 70%-дан астамы) болды. Ауыл шаруашылығында, сол сияқты өнеркәсіптегі баға 2003 жыл (2002 жылға 6,3%) - 2008 жыл (2007 жылға 39,4%) аралығында айтарлықтай үдемелі үрдіске ие болды. 2008 жылы барлық ауыл шаруашылығы өңірлерінде баға барынша көп өсті. 2009 жылы бағаның өсуі күрт тоқтап қалды. Ал 2010 жылы алғаш рет баға ауыл шаруашылығында, тұтастай алғанда, республика бойынша 6,7%-ға төмендеді. Осы көрсеткіштің едәуір төмендеуі Солтүстік және Шығыс өңірлерінде байқалды.
Құрылыс
Құрылыста төрт аймақ көшбасында тұр: Батыс және Оңтүстік, сондай-ақ Астана және Алматы. Ел бойынша құрылыс жұмыстарының жалпы көлемінде олардың жиынтық үлесі қаралып отырған кезең ішінде тұрақты түрде жоғары болды: 2003 жылы - 86,9% және 2010 жылы - 81,9%. Жиынтық үлесі құрылымында – Батыс өңірі айтарлықтай басымдыққа ие болды. Құрылыстағы бағаның өсуі жыл сайын: 2003 жылғы 3,5%-дан 2008 жылы ең көп қарқынмен – өткен жылға 8,1% болды. 2009 жылдан бастап бағаның өсуі тоқтап қалды және 2010 жылы орташа есеппен 4,6% болды. Бағаның ең көп өсуі 2010 жылы Астанада, Орталық және Шығыс өңірлерінде, ең азы - Алматыда байқалды. Тұтастай алғанда, өңірлерде бағаның мұндай өсуін қалыпты ретінде сипаттауға болады.
3-сурет. Орындалған құрылыс жұмыстары көлемінің динамикасы, млрд. теңге
Тұрғын үйлерді пайдалануға енгізудің ең көп көлемі 2010 жылы Батыс өңірінде, Астанада және Оңтүстік өңірде, біршама азы – Алматыда және Солтүстік өңірде, және ең азы – Орталық және Шығыс өңірлерінде байқалды. Егер көшбасшылар тобында бұл көрсеткіш 20-дан 25%-ға дейін ауытқыса, онда «аутсайдерлерде» ол 5%-ға дейін де жеткен жоқ.
Қызмет көрсету секторы
2010 жылғы қорытындылар бойынша елдің ЖІӨ құрылымында қызмет көрсету 52,8% болды. Елдегі көлік және байланыс бойынша көрсетілетін қызмет көлемінің ең көп үлесі Алматы, Астана және Солтүстік өңірге тиесілі. Бұл ретте қаралып отырған кезеңдегі көрсеткіштің тұрақты өсуі Алматы қаласында ғана байқалды. Тауар айналымының жалпы көлемінде 2010 жылы басым үлеске Алматы ғана ие болып отыр – 40,9%. Елдің тауар айналымындағы ең көп үлес Шығыс өңірінде – 6,3%.
Инвестициялар
Инвестициялардың негізгі капиталға ең көп көлемі – Батыс және Оңтүстік өңірлеріне тиесілі. 2010 жылы ол тиісінше 2121,5 млрд. теңге және 980 млрд. теңге болды. Олардың деңгейі Солтүстік өңірде, сондай-ақ Алматы мен Астанада едәуір төмен болды: тиісінше 492,2 млрд. теңге, 407,6 млрд. теңге және 391,3 млрд. теңге. Және айтарлықтай төмен – Орталық және Шығыс өңірлерінде (229,7 млрд. теңге, 150,9 млрд. теңге). Негізгі капиталға шетелдік инвестицияларды көбінесе Батыс және Оңтүстік өңірлер тартты, олардың өсу қарқыны Алматы және Шығыс өңірінде аз болды. Астана, Солтүстік және Орталық өңірлерде инвестициялар көлемі 2003 жылмен салыстырғанда 2009 жылы айтарлықтай төмендеді.
Қаржылық жай-күйі
Қарастырылып отырған кезеңде экономиканың нақты секторының қаржылық жай-күйі тұрақты жақсару динамикасына ие болды: өндірістің орташа рентабельділігі 2004 жылы 25,7%-дан 2007 жылы 38,2%-ға дейін өсті. 2008 жылы қаржы дағдарысының әсерінен өндіріс рентабельділігінің өсімі 31,4%-ға дейін, ал 2009 жылы 19,8%-ға дейін бәсеңдеді, алайда 2010 жылы рентабельділік 31,2%-ға дейін өсті. Табысты кәсіпорындардың үлесі осы кезең ішінде бірталай қысқарды. Мәселен, егер 2009 жылға дейін олардың саны 62-66% аралығында болса, 2009 жылы 57,7%-ға дейін төмендеді, ал шығынды кәсіпорындардың үлесі 42,3% болды. Ең жақсы жағдай Батыс, Оңтүстік және Орталық өңірлерде орын алды. Батыс өңірдегі барынша жоғары рентабельділік мұнай өндірудің жоғары үлесімен және мұнайға бағаның өсуімен байланысты болды.
Кәсіпорындар мониторингінің деректері, жалпы алғанда, өңірлердегі өндірістің орташа рентабельділік динамикасы ірі және орта кәсіпорындардың жоғары рентабельділігіне (20%-дан астам) қатысты қамтамасыз етілетіндігін көрсетеді. 2009 жылы кәсіпорындардың қаржылық жай-күйі елеулі нашарлады: Батыс өңірде шығынды кәсіпорындардың үлесі 36,2%, ал қалған өңірлерде 40%-дан астам болды.
Кредиттік белсенділік
Осы көрсеткіш бойынша өңірлік дамуда елеулі дифференциация байқалады. Банктер берген кредиттерінің көлемі 2010 жылы 5,1 трлн. теңге – олардың жалпы көлемінің 67,3% көрсеткішіне қол жеткізген Алматы кәсіпорындары кредиттік белсенділік танытып отыр. Халыққа берілген ипотекалық кредиттердің негізгі көлемі де Алматы қаласына тиесілі. Одан барынша аз Астана, Батыс және Оңтүстік өңірлерде, одан мейлінше аз Шығыс және Орталық өңірлерде берілді.
Екінші деңгейдегі банктердегі заңды тұлғалардың салымдары шамамен 11 есеге 2003 жылғы 349 млрд. теңгеден 2010 жылғы 3986 млрд. теңгеге дейін өсті. Олардың көп бөлігі Алматы және Астана қалаларына тиесілі. Халықтың салымдары, жалпы алғанда, 2003 жылғы 330 млрд. теңгеден 2010 жылғы 2182 млрд. теңгеге дейін өсті. Бұл жерде Алматы 2010 жылы 53,4% көрсеткішпен алда келеді.
Инфляция бойынша ахуал
2003 жылдан бастап 2007 жылға дейін Қазақстанның барлық өңірлері бойынша бағалардың өсуі байқалып отыр. Тұтынушылық баға индекстерінің барынша артуы 2003 жылы Ақмола және Жамбыл облыстарында, сондай-ақ 8%-дан астам өсуі Алматыда орын алды. Әлемдік қаржы дағдарысының әсерінен индекс 2007 жылы республиканың барлық өңірлері бойынша күрт өсті. Инфляцияның ең жоғары деңгейі Алматыда (27,1%) және ең төменгі деңгейі Орталық өңірде (14,2%) байқалды. 2008-2009 жылдары баға индексі айтарлықтай төмендеді, 2010 жылы ол 7,8%-ды құрады. Ең жоғары деңгей Астанада – 8,2%, ең төменгі деңгей Орталық Қазақстанда – 6,9% болды.
Жұмыссыздық деңгейі
2003-2010 жж. жұмыссыздық деңгейін төмендетудің тұрақты динамикасы: 2003 жылғы 8,8%-дан 2010 жылғы 5,5%-ға дейін қалыптасты. 2003 жылы ең жоғары жұмыссыздық деңгейі Оңтүстік және Батыс өңірлерде шамамен 10%, ең төменгі деңгей Шығыс өңірінде 7,3% байқалып отыр. 2010 жылы өңірлер бойынша жұмыссыздық деңгейі бір уақытта: Астана қаласында 5,9%-дан және Орталық өңірде 5,3%-ға дейін төмендеді әрі теңесті.
Қарастырылып отырған кезеңде орташа айлық номиналды жалақы, жалпы, ел бойынша: 2003 жылы 23,1 мың теңгеден 2010 жылы 77,6 мың теңгеге дейін тұрақты түрде өсті. Көрсеткіштің ең жоғарғы деңгейі Батыс өңірде, Алматы және Астана қалаларында, ең төменгі деңгейі Солтүстік өңірде байқалды.
Қарастырылып отырған кезең ішінде халықтың кедейлік көрсеткіштері барынша жақсарды. Күнкөріс минимумы шамасынан төмен табысы бар халықтың үлесі 2003 жылғы 37,5%-дан 2010 жылғы 6,5%-ға дейін төмендеді. Өңірлік бөлікте ең төменгі көрсеткіш Шығыс, Батыс және Оңтүстік өңірлерде орын алды. Азық-түлік қоржынының құнынан төмен табысы бар халықтың үлесі 2003 жылғы 9,1%-дан 2010 жылғы 0,4%-ға дейін төмендеді. Ең жоғарғы (яғни, нашар) көрсеткіш 2010 жылы Шығыс және Батыс өңірлерде, ең төменгі Алматыда 0,1% қалыптасты.
Қорытындылау
2003-2010 жылдар аралығындағы кезеңде елдің ірілендірілген өңірлері бойынша жоғарыда баяндалған талдауларды және негізгі көрсеткіштердің өзгеру деңгейі мен динамикасын қорытындылай келе, Батыс өңір мен Алматы көптеген маңызды көрсеткіштер бойынша ең жақсы деңгейді және өзгеру динамикасын көрсеткендіктен, олар даму бойынша басқа өңірлерден көш ілгері келеді деген қорытынды жасауға болады. Атап айтқанда, бұл өңірлерде елдің ең жоғарғы номиналды ЖІӨ, халықтың жан басына шаққанда ЖӨӨ үлесі және ЖӨӨ өсімінің жоғары орташа жылдық қарқыны байқалып отыр. Елдің өнеркәсіптік өнімдерінің жартысынан астамы Батыс өңірде шығарылады, ал қызмет көрсету секторының ең жоғарғы үлесі негізгі капиталға инвестициялардың ең көп мөлшері салынатын Алматы қаласының еншісіне тиеді.
Бұл ретте, дамудағы алшақтық, әсіресе Батыс өңірде артып келеді. Батыс өңірдің барлық облыстарында номиналды ЖІӨ үлесі өскен сайын Солтүстік өңірдің барлық облыстарында күрт төмендеп отыр.
Атырау облысы, Алматы және Астана сияқты үш ірі өңірдің ЖІӨ жиынтық үлесі 2010 жылы өсе түссе, ЖІӨ деңгейі төмен өңірлердің (Жамбыл, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары) салымдары одан сайын төмендеп кетті.
Жанар КЕРІМХАН, Құралай ӘБІЛҚАЛЫҚОВА, ҚР Ұлттық Банкі Зерттеу және статистика департаментінің сарапшылары.
Аймақтар
Ресурстар бар. Сапалы заемшыға зәруміз
Әлемдік қаржы дағдарысының салдары банк секторындағы проблемаларды айқындап берді, алайда кредиттеу көлемдеріндегі төмендеу, оның сапалық құрамының нашарлауы аясында Қарағанды облысындағы банк құрылымдарына оның динамикасындағы оң қозғалыстарға қол жеткізу мен депозиттік нарықтағы қызметті жандандырудың орайы келді.
Қазіргі кезде аймақтың банк секторын 24 коммерциялық банктің филиалы құрап отыр (2007 жылдың басында олардың саны 17 болды). Облыстың депозиттік нарығын сипаттай отырып, банк жүйесіне сенімділік пен халықтың депозитті инвестициялаудың нағыз сенімді нысандарының бірі деп санауға икемділігі нығая түскенін атап айту қажет. Депозиттік база 2008 жылы ғана төмендей бастады. Бұған қоса 2008 жылдан бастап және дағдарысты 2009 жылы нарық ұдайы өсу динамикасын көрсетті. Облыс тартылған депозиттер көлемі бойынша республика бойынша 4-ші орында. Салымдардың жалпы сомасы дағдарысқа дейінгі 2007 жылғы деңгейден асып түсіп, жыл басында 216 млрд. теңгені құрады. Тартылған депозиттер көлемінің өзгерістеріне жүргізілген талдаудан аймақтағы депозиттік нарықты қалыптастырудың ерекшелігі, айтарлықтай үлестің - 139 млрд. теңге немесе 64%-ы халықтың салымдарына тиесілі болу фактісі екендігі көрінді.
млрд.теңге
Жеке тұлғалар салымдарының өсу динамикасы 2007 жылдан бастап байқалады. Заңды тұлғалар бойынша тартылған депозиттер көлемінің өзгеру динамикасы әр түрлі жоспарлы сипат алған кезде, өсу динамикасының оң мәні 2010 жылдан бастап қана көріне бастады. Валюта таңдау кезінде жеке тұлғалар да, заңды тұлғалар да теңгедегі салымдарға артықшылық береді. Мәселен, ағымдағы жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі 163 млрд. теңгені (75%) құрады. Жыл басынан бергімен салыстырғанда өсу - 23%. Бұған Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры 2012 жылдың 1 қаңтарына дейін жеке тұлғалардың 5 миллион теңгеге дейін мөлшердегі салымдары бойынша өтемақы сомасын төлеуге тиіс болатын заңның қабылдануы себепші болды.
Жеке тұлғалардың салымдары бойынша орташа алынған ставканың жалпы көрсеткіші жыл басынан бері теңгемен 10,2%-дан 9,8%-ға дейін азайды және ЕАВ-мен 7,6%-дан 7,0%-ға дейін, ал заңды тұлғалардың теңгемен салымдары бойынша 7,9%-дан 6,7%-ға дейін төмендеді және ЕАВ-мен 5,6%-дан 2,6%-ға дейін азайды.
Қарағанды облысының кредиттік нарығы соңғы жылдары кредиттеу көлемдерінің айтарлықтай төмендеуімен сипатталады. Қазіргі кезде несие берешегінің жалпы сомасы 2008 жылғы деңгейде. Бұл көрсеткіш 1 маусымда 263 млрд. теңгені құрады. Көлемдердің төмендеу қарқыны 2008 жылдың басынан бастап 2010 жылға дейін байқалды. Кредиттеудің өсуі жаңаруда, бірақ аса қарқынды емес.
Егер 2011 жылғы қаңтарда нақты секторға 9 млрд. теңге берілсе, маусымда 21 млрд. теңге берілгенін атап айту қажет. Бұл ретте шағын кәсіпкерлікке қаңтарда 3 млрд. теңге сомасына, ал маусымда - 3,4 млрд. теңге сомаға заем берілді. Несие берешегінің құрылымында 1 маусымда жеке тұлғалардың үлесі 51% (135 млрд. теңге), ал заңды тұлғалардың үлесі – 49 % (128 млрд. теңге) болды. Кредиттік салымдардың үлкен бөлігі дара еңбек қызметін (45%), сауда саласын (23%) және өнеркәсіпті (17%) кредиттеуге бағытталды.
Жеке тұлғаларға кредиттер бойынша орташа алынған ставканың жалпы көрсеткіші жыл басынан бері теңгемен 16,5%-дан 16,8%-ға дейін ұлғайды және ЕАВ-мен 14,2%-дан 13,9%-ға дейін азайды, заңды тұлғалар бойынша теңгемен 12,9%-дан 12,1%-ға дейін азайды және ЕАВ-мен 11,6%-дан 11,7%-ға дейін ұлғайды. Облыс нарығындағы ахуалдың біршама тұрақталғанына қарамастан, жалпы экономикалық және жоғары кредиттік тәуекелдердің сақталуынан коммерциялық банктер заемшыларға қатысты қатаң кредиттік саясат жүргізуді жалғастыруда.
Ұлттық Банк кредиттік нарыққа жүргізген кезекті тоқсан сайынғы зерттеу нәтижелері банктер бұрынғыша клиенттер таңдауға сақтықпен қарайтынын дәлелдеп отыр, себебі сапалы заемшылардың тапшылығы сақталуда. Бұрын берілген кредиттер бойынша мерзімі өткен берешектердің ай сайынғы өсуі сондай-ақ банктердің кредиттік тәуекелдерге шамадан тыс ұшырауының бір көрінісі болып табылады. Облыстағы мерзімі өткен берешек сомасы 2007 жылдың басымен салыстырғанда 3,4 есе өсіп, 26 млрд. теңгені құрады. Бұл ретте барлық мерзімі өткен берешектің 65%-ы жеке тұлғалардың үлесіне тиесілі. Осылайша, облыстағы несие берешегі жалпы көлемінің 10%-ының мерзімі өткен. Мерзімі өткен жалпы соманың 36%-ы халықтың тұтыну мақсатына; 18%-ы айналым қаражатын сатып алуға және 13%-ы азаматтарға тұрғын үй салу мен сатып алуға берілген кредиттердің үлесіне сай келеді.
Дағдарыстан кейінгі кезеңде екінші деңгейдегі банктердің бірінші кезектегі міндеті банктердің кредиттік портфельдерінің нашарлауына әкеліп соқтырған әлсіз тұстарды жою және оларды сапа жағынан өсіруді қамтамасыз ету болып табылады, себебі күмәнді және үмітсіз кредиттер көлемінің өсуі банктердің кредиттік белсенділігін шектейді. Банктер қызметіндегі проблемалар сондай-ақ тәуекелдерді басқару жүйесінің жетілдірілмеуі мен сәйкессіздіктер мәселелерінде де, корпоративтік басқару деңгейінің төмендігінен, олардың қызметінде айқындылықтың жеткіліксіздігінен де көрінді. Облыста кредит нарығындағы қалыптасып отырған ахуал кредиттеу үдерісін жандандыру мақсатында жіберілген қателіктердің себептерін талдауға мүмкіндік береді, бұл коммерциялық банктерді жаңа тартымды талаптарды әзірлеуге, осы арқылы кредиттеуді жаңғыртуға мәжбүрлейді.
Дәуренбек МӘЖИТОВ, ҚР Ұлттық Банкі Қарағанды филиалының директоры.
Қолма-қол ақша
Экономика қажеттілігіне барабар
Ақша агрегаттарының ішінде әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан алғанда айналыстағы қолма-қол ақша ерекше рөл атқарады, себебі халықтың жеке тұтыну саласымен байланысты қатынастарға көбіне солар қызмет көрсетеді. Бұдан басқа айналыстағы қолма-қол ақша халықтың ақшаға деген қатысын және сұранысын оралымды әрі шынайы көрсетеді. Осылайша, қолма-қол ақша айналысы саласында болып жатқан үдерістердің экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін маңызы зор. Қолма-қол ақша айналымының динамикасына талдау жасап, оны қалыптастыратын факторларды айқындалық.
Жалпы үрдістер
Ағымдағы жылдың басынан бастап айналыстағы қолма-қол ақшаның айлық динамикасы алдыңғы жылдардағыдай маусымдық төмендеумен сипатталды. Олардың соңғы төрт жылдағы динамикасына жасалған салыстырмалы талдау ағымдағы жылдың алғашқы бес айындағы үрдістің өткен жылдардың көрсеткіштеріне ұқсастығын көрсетіп отыр. Жылдың басында әдеттегідей айналыстағы қолма-қол ақша көлемінің маусымдық төмендеуі байқалады, ол, негізінен, бюджет шығыстары динамикасының ерекшеліктерімен түсіндіріледі. Әдетте айналыстағы қолма-қол ақшаның көлемі қаңтар-наурызда төмендейді, алайда сәуір-мамырда алдыңғы жылдың аяғында қалыптасқан деңгейге жетеді. Бұл ретте жылдың басындағы айналыстағы қолма-қол ақшаның төмендеу «тереңдігі» айналыстағы қолма-қол ақша көлемінің алдыңғы жылғы желтоқсанда қаншалықты күшті өсуіне байланысты.
2011 жылдың басы ерекшелене қоймады. 2011 жылғы қаңтар-мамырда айналыстағы қолма-қол ақша көлемі 0,5%-ға (2010 жылдың сол кезеңінде 8,4%-ға өсу; 2009 жылы 9,1%-ға төмендеу; 2008 жылы 0,2%-ға өсу) төмендеді. Айналыстағы қолма-қол ақшаның жалпы сомасы 2011 жылғы мамырдың аяғында 2010 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 5,8 млрд. теңгеге төмендей отырып, 1 142,7 млрд. теңге құрады.
Факторлар
Екінші деңгейдегі банктердің қолма-қол ақша айналымы туралы есептерінің факторлық талдауы айналыстағы қолма-қол ақшаның 2011 жылғы қаңтар-мамырда төмендеуі жалақы төлемдерінің қысқаруымен, банкоматтарды толықтыруға берілетін қаражаттың төмендеуімен, тауарларды, қызмет көрсетулерді және жұмыстарды сатудан түскен түсімдердің өсуімен, сондай-ақ басқа баптар бойынша төлемдердің төмендеуімен байланысты болғанын көрсетті. 2011 жылғы мамырда 2010 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда банктердің кассаларынан еңбекақы төлеуге қаражаттың берілуі 38,1%-ға төмендегенін көрсетті, бұл айналыстағы қолма-қол ақша көлемінің төмендеу себептерінің бірі болды. Мұны Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің ресми деректері де растап отыр. Мәселен, орташа алынған айлық номиналды жалақы ағымдағы жылғы мамырда 2010 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 13,5%-ға төмендеді. Бұдан басқа 2011 жылғы мамырда 2010 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда мемлекеттік бюджеттен жалақы төлеуге жұмсалған шығыстар 1,6%-ға төмендеді. Тиісінше, банкоматтарды толықтыруға берілетін қаражаттың төмендеуі де байқалды. 2011 жылғы мамырда 2010 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда банктердің кассаларынан банкоматтарды толықтыруға 12,5%-ға аз қаражат берілген, бұл айналыстағы қолма-қол ақшаның төмендеуіне себепші болды.
Ағымдағы жылғы мамырда 2010 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда тауарларды, жұмыстарды және қызмет көрсетулерді сатудан түскен қолма-қол ақшаны қайтару көлемінің ұлғайғаны (58,9%-ға) байқалды. Бұл ретте осы факторлардың әсері айналыстағы қолма-қол ақша көлемінің өсуіне ықпал еткен жағдайлармен ішінара бейтараптандырылды. Айналыстағы қолма-қол ақшаның төмендеуін баяулатқан факторлардың ішінен, бірінші кезекте, банктердің кассаларына шетел валютасын сатудан түскен түсімдердің төмендеуін атап өтуге болады. Айналыстағы қолма-қол ақша көлемінің ұлғаюына жеке тұлғалардың салымдарынан қолма-қол теңгені берудің, сондай-ақ зейнетақы мен жәрдемақылардың өсуі ықпал етті.
Қолма-қол шетел валютасын сатудан түскен қолма-қол теңгенің банктердің кассаларына түсу көлемі 2011 жылғы мамырда 2010 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 28,1%-ға төмендеді. Мәселен, 2011 жылғы мамырда 2010 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда айырбастау пункттерінің долларды нетто-сату көлемі 32,2%-ға, еуронікі – 15,5%-ға төмендеді.
Болжам
Осылайша, маусымдық фактор айналыстағы қолма-қол ақшаның 2011 жылдың басында төмендеуінің негізгі себебі болды. Ұлттық Банк оның көлемінің алдағы айларда аздап өсуін күтеді. Бұл сондай-ақ маусымдық фактормен байланысты: әдетте, жазғы айларда, бірінші кезекте демалыстар маусымымен байланысты, айналыстағы қолма-қол ақша көлемінің ұлғаюы байқалады.
Жалпы алғанда ақша ұсынысының көлемі экономиканың ағымдағы даму деңгейіне сәйкес келеді. Ахуалға жасалған талдау қазіргі сәтте монетарлық факторлардың, оның ішінде «айналыстағы қолма-қол ақша» агрегатының әсер етуінің мардымсыз екендігін растап отыр. Әлемдік тауар нарықтарындағы тұрақсыз ахуал, тауарлар мен қызметтердің жекелеген нарықтарындағы бәсекелестік деңгейінің төмендігі инфляция өсуінің негізгі факторлары болып қалуда. Мұның бәрі Қазақстанның ішіндегі инфляциялық үдерістерге теріс әсерін тигізеді. Алайда тұтастай алғанда тұтыну нарығындағы ахуал басқаруға болатындай күйде қалуда.
2007-2011 жылдардағы жылдық инфляция
Инфляцияға монетарлық факторлардың барынша аз әсер етуіне қарамастан қазіргі уақытта ҚР ҰБ Үкіметпен және жергілікті атқару органдарымен бірлесіп іске асырылып жатқан инфляцияға қарсы саясатқа ерекше назар аударады. ҚР ҰБ-ның 2011 жылғы шаралары инфляцияны жылдың қорытындысы бойынша 6-8% шегінде ұстауға бағытталатын болады.
Мұндай мақсатқа қол жеткізу қалыптасып жатқан макроэкономикалық жағдайларға сәйкес болатын ақша-кредит саясатының тиісті шараларымен қамтамасыз етіледі. Экономикадағы ақша ұсынысы экономиканың өсуіне сәйкес келетін деңгейде сақталатын болады.
Данира САЛИХОВА, ҚР Ұлттық Банкі Зерттеу және статистика департаментінің сарапшысы