Биыл құрылғанына 20 жыл толып отырған «Республикалық әйелдер кеңесі» қоғамдық ұйымы Мәдениет министрлігінің «Бөтен бала болмайды» жобасын жүзеге асыру барысында «Президент Жолдауы – қазақстандық қоғамдағы жаңа әлеуметтік модернизациялау кезеңі» атты дөңгелек үстел өткізді. Онда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау аясындағы заңнамалардың орындалуы, балалар өміріндегі ата-ананың алар орны, т.б. мәселелер талқыға түсіп, кеңес мүшелері осыған қатысты ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Елімізде балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мемлекетіміз ұстанған саясаттың басым бағыттарының бірі болып отырғанын ескерсек, аталмыш басқосудың көтеріп отырған жүгі бүгінгі уақыт үдесінен шықса керек. «Қазақстандық отбасының әлеуметтік сенімді кепілдігі» баяндамасында республикалық әйелдер кеңесінің жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Нина Каюпова тәуелсіз Қазақстандағы жетім балалар мәселесімен алғаш «Бөбек» қоры айналысқанын айта келе, 2002 жылы Балалар құқығы жөніндегі, одан кейін «Отбасылық үлгісіндегі балалар ауылы мен жасөспірімдер үйлері туралы» Заң қабылданғанын тілге тиек етті.
– Әлеуметтік модернизация жайлы сөз еткенде, біз ең алдымен бала мен ана мәселесіне көңіл бөлуіміз керек. Елбасы жариялаған жолдауларда да ана мен бала, әсіресе, балаларды қорғау баса айтылады. Өйткені, бүгінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың жағдайы өзектілігімен күн тәртібінен түспейді. Мемлекетіміз сол әлеуметтік маңызы зор жобаға көңіл бөліп, балаларымыз неге жетім қалады, оның себебін табуға ден қоюда, – дей келе Нина Әмірқызы мынадай мәліметтерді де келтіре кетті. Мәселен, Қазақстанда 2010 жылы жетім және ата-анасының қарауынсыз қалған балалар саны 38 мың 386 болса, қазақстандық азаматтар 3100, шетелдіктер 506 бала асырап алған. Жыл сайын әлеуметтік төлемақы артуда. 2003 жылы бірінші, екінші, үшінші бала туылғанда бір реттік 13 мың теңге берілсе, бүгінде ол 45360, ал төртінші, одан көп балаға 75600 теңгеге өскен. Баламен үйде отырған аналар жыл бойына бірінші балаға 8316, ал төртінші және одан көп балаға 13872 теңге алады. Бұл мемлекеттің аналарға көрсетіп отырған қолдауы. Президент 1994 жылы Балалар құқығы жөніндегі бірінші конвенцияға қол қойса, 2007 жылы Білім және ғылым министрлігі жанынан Балалардың құқықтарын қорғау комитетін құрды. 2010 жылы Қазақстан Балаларды қорғау және шетелдік бала асырап алу қатынасындағы ынтымақтастық туралы Гаага конвенциясына қол қойып, ратификациялаған мемлекеттер тізіміне кірді. Яғни, мемлекет асырап алынған балалардың жағдайын кез келген уақытта тексеріп, көңілден шықпаса (шетелде болса да) қайтарып алуға құқылы.
Сондай-ақ Нина Әмірқызы елімізде 15 жасқа дейінгі 56, 15-19 жас аралығында 33256 қыз бала түсік жасатып, былтыр кәмелетке жасы толмаған 4256 бойжеткен босанған деген деректі алға тартты. «Сондықтан біздер ата-ананың дені сау бала тууына жа-уапкершілігін арттыруымыз керек. Сонымен қатар әр ерлі-зайыптыны бала тағдырына, болашағына жауапкершілікпен қарауға шақырып, мемлекеттің осы істі жіті қадағалауына көңіл аудартуымыз қажет», деді ол.
Студент жастардың отбасын құру жайын сөз еткен ҚазҰАУ проректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Дина Жүсіпәлиева университет жастары арасында осы бағытта қандай нақты жұмыс атқарылып жатқанын ортаға салды.
– Отбасын құрайтындар негізінен 20-30 жас арасындағы жастар. Сондықтан да университет ректораты студент жастардың тәрбие жұмысына назар аударып, оларды ұлттық құндылықтармен, қазақ халқының салт-дәстүрлерімен сусындатуға көңіл бөлуде. Осы ретте оқу орнындағы 7 факультеттің әйелдер кеңесінің жетекшілері гендерлік теңдікті сақтап, жас отбасыларына көмек көрсетіп, қыздар арасында этика, эстетика, гигиена, денсаулық, хиджаб кию жөнінде тәрбиелік жұмыстарын жүргізіп тұрады. Мәселен, Әйелдер кеңесі жанында «Әдеп» клубы, «Жас аспаздар мектебі», «Пішу мен тігу» үйірмелері жұмыс істейді. Жыл сайын университет жатақханаларында «Анаға қарап қыз өсер», «Ата салтың – халықтық қалпың», ал факультет арасында «ҚазҰАУ аруы», «Жігіт сұлтаны» байқаулары өтеді. Сондай-ақ зейнеткерлер мен соғыс ардагерлерінің, мүгедек студенттердің үйлеріне барып, қолғабыс тигізіп, әлеуметтік көмек көрсетсек, үш жылдан бері Қапшағайдағы, Алматыдағы №1 балалар үйіне барып, жеткіншектермен кездесіп, сыйлықтар сыйлап, концерт қоямыз. Сондай-ақ елімізге танымал әйел-аналарды шақырып, студенттермен кездесу өткізіп тұрамыз.
Бүгінде елімізде 5 млн.-ға жуық балалар бар екенін тілге тиек еткен «Жетімсіз әлем» қоғамдық қорының директоры Светлана Синицкая осы балалардың мәртебесіне, құқықтарын қорғауға, өмірі мен қауіпсіздігіне кеңінен тоқталды.
– Мәселен, соңғы жылдары балалар мен жасөспірімдер арасында өз-өздеріне қол жұмсау – суицид етек алып отыр. Статистика өте жаман. Жақында ғана Шығыс Қазақстан облысы Самар ауылындағы 16 жастағы баланың өлімі ата-анасы мен біздің бюрократтық жүйенің кесірінен болды. Мен балалар арасында өткізілетін фестиваль, акция, форумдарға қарсы емеспін, олар қажет, бірақ солардың артында балалардың нағыз бет-пердесі, тағдыры тұр. Сондықтан Парламент Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің қызметін қарап, есебін тыңдаса деймін, – деді қор директоры.
«Мирас» ұлттық мәдени қоғамдық қорының президенті, техника ғылымдарының докторы Гузель Төлегенованың айтқан уәжі де көңілге қонады. Қоғамдағы жемқорлыққа қарсы күрестің өз деңгейінде жүргізілмеуі, әсіресе ата-аналары беделді, ықпалды отбасындағы балалардың жазасыз қалып, керісінше, қорғаушысы жоқтардың ар-намысы қорланып жататынын, жалпы мектепте, жоо-да пара алу әлі күнге тоқтамай отырғанын, сондықтан осы мәселеге ден қою керектігін ашына жеткізді.
– Жақында университеттегі Жеңіс күніне арналған кешке барғанымда, сабақ үлгерімдері өте жақсы екі студент қыз көз алдымда талып түсті, – деді ҚазҰМУ профессоры Жанар Мұстафина. – Бұл бүгінгі жастар мен әскерге баратын ұлдардың денсаулығы алаңдатарлық жағдайда деген сөз. Жастардың, студенттердің әлеуметтік жағдайымен ешкім айналыспайды. Мәселен, оқушылар, студенттер көшедегі сапасыз тағамдармен тамақтанып, денсаулықтарын құртуда. Неге бізге бір кесе айран мен бір тілім нанды орап сатуға болмайды? Автобустардағы, дүкендердегі антисанитарлық жағдай да алаңдатарлық.
Денсаулық мәселесін одан әрі жалғаған Алматы қаласының бас акушер-гинекологы Надежда Кобзарь елімізде екіқабат әйелдердің генетикалық тексерілуден өтуі үшін мемлекет аса ауқымды қаржы бөліп отырғандығын әңгімелей келе:
– Елімізде жүкті әйелде дауна ауруына қатысты қауіп анықталса, міндетті түрде биопсия алу керек. Жыл сайын осы кеселмен туылатын 20 баланың он бесіне осы әдіс қолданылса, аурудың алдын алуға болады. Егер жасы 35-тен асқан, аяғы ауыр әйел осы тегін жүргізілетін тексеру әдісінен бас тартып, баласы дауна болып туылып, нәрестені қалдырған жағдайда, сәбидің тағдырына жа-уап беріп, оған кететін қаржыны өз мойнына алу туралы заң шығару керек. Өйткені, біз мұндай тексеруді әйелдің еркінен тыс күшпен жүргізе алмаймыз, – деді ол.
Сондай-ақ, бас акушер-гинеколог бар жаманатты мектепке жабуға болмайтынын, бала өміріндегі отбасы рөлі өте маңызды екенін екпін түсіре айтты. Жақында он бес жастағы қыз баланы босандырып алдық. Сөйлесе келе ана мен қыздың арасында ешқандай қарым-қатынас болмаған. Тағы бір мәселе, бөбектер үйінде тәрбиеленген сәбилер үш жасқа толған соң балалар үйіне ауыстырылады. Сонда олар бұрынғы тәрбиешілеріне «бізді өз үйімізге алып кетіңіздерші» деп жалынатын көрінеді. Өйткені, балалар үйінде үш жастан 18 жасқа дейінгі тәрбиеленушілер арасы өте алшақ. Сондықтан оларды жастарына қарай бөлу керек деген ой айтты.
Дөңгелек үстелде жастармен қалай жұмыс істеудің формасын таба алмай отырғанымызды жеткізген Социалистік Еңбек Ері Вера Сидорова «Нұр Отан» ХДП-ның халықпен жұмыс істеуді қолға алуы керектігін айтты. Сондай-ақ ер-азаматтарға отбасы тәрбиесін қолға алуды міндеттеу керектігін, олардан мұндай жауапкершілікті ешкім алып тастамағанын, сондықтан «Нұр Отан» партиясы осы мәселеге де көңіл бөлуі қажеттігін тілге тиек етті.
Иә, қазақ халқы қашанда үлкен отбасы болып, ата-аналарын қарттар үйіне, жетімдерін балалар үйіне өткізбеген. Өйткені, біздің ұлттық тәрбиеміз ондай қатыгездікке жібермеген. Кеңес мүшесі, О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік қолданбалы өнер колледжінің оқытушысы Аля Молдағалиева бүгінде өздері отбасында дұрыс тәрбие алмаған, оқу орнын зорға бітірген мамандар қандай ұрпақ тәрбиелесін деген кейіс білдірді. «Осыдан 7 жыл бұрын республикалық әйелдер кеңесінің бастамасымен Өнер колледжі Ақсайдағы балалар ауруханасына көмек көрсетуді бастаған болатын. Мұғалімдер мен студенттер осы уақытқа дейін ешкімге дабыра етпей-ақ қамқорлықтарын жалғастыруда. Айтарым, әркім қолынан келетін шаруасын жасаса, қандай ғанибет. «Бөгде бала болмайды, ұрпағымыз қатыгез, сезімсіз болмаса екен» десе, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенова қазір әлемде музыка терапиясы көтеріліп жатқанын, перзентханалар мен сәбилер үйінде балақайлар жатқан бөлмеге классикалық музыканы жаймен, ақырындатып қойса, ол балалардың демалуына кедергі келтірмейтінін, қайта рухани байытады деген ойымен бөлісті.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.