29 Шілде, 2011

Орталықтағы ауыл күні

421 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
«20 игі іс» акциясы аясында өтіп, ел азаматтарының үлкен қолдауына ие болды Елбасымыз Н. Назар­баев­тың Жарлығымен 2011 жыл Тәуелсіздіктің 20 жылдығы деп жарияланғаны мәлім. Оған ба­рынша дайындықпен бару әр қазақстандық үшін мәртебелі парыз. Өйткені, қазақ ұлты мен Қазақстанның тарихында бұрын-соңды болмаған белеске жету, өзге­лер­мен терезесі де, керегесі де тең қуатты мемлекет ретінде әлем картасынан орын алу – бәріміз үшін мәртебе. Ұлт Көшбас­шысының кемел саясаты арқасында бостандық, бірлік, тұрақтылық, өркендеу секілді арқаулы құн­дылықтарымыз қалыптасып, бейбітшілік пен жасампаздықтың айқын жолымен жүріп келеміз. Олай болса, Президентіміз атап өтк­ен­дей, қазірден бастап әр ауылдың кем-кетігін жөндеп, қалпына келтіріп, көгалдандырып, үйлердің іші-сыртын әктесек, елдің де көңілі көтеріле түсері анық. Мерейлі мереке жақын­да­ған сайын оған жан-жақты әзірлік шарала­ры Қызылжар өңірінде қарқын ала түскен. Облыс әкімі Серік Біләлов Тәуелсіздік ме­рей­тойы қарсаңында «20 игі іс» атты акцияға бастамашы болып, солтүстікқазақстандықтар тарапынан кең қолдау тапқан еді. Ел тұр­ғын­дары мен азаматтарының, кәсіпкерлер мен шаруашылық жетекшілерінің ұйымдаса ең­бек­тенуінің арқасында елді мекендердің жо­лы түзеліп, ауыз су тартылып, басқа да қам-қарекеттер жасалып, өмір сүру сапасы әжеп­тәуір көтеріліп қалды. Таяуда ғана Жамбыл ауданына қарасты 35 үйлі Қарақамыстың шет­те жүрген азаматтары жарық орнатып, на­мазхана ашып, ескі дүкен ғимаратын жөндеп, клубқа айналдыру шараларын атқарса, Уә­лиханов ауданындағы Береке имандылыққа бет бұрып, «ішімдіксіз елді мекенге» айналса, өзгеше сипаттағы жарасымды дәстүрлер шалғайдағы Орталықта да жалғасын тапты. Орталық – өткен ғасырдың 30-шы жыл­дары бой көтерген қазақ ауылдарының бірі. Әкімшіл-әміршіл режімнің небір қилы ке­зе­ңін бастан өткерсе де, ұлттық салт-дәстүрін, қазақы қалпын жоғалтқан емес. Өңірдегі тұң­ғыш қазақ білім ордасына баланатын Орман мектебінен түлеп ұшқан мыңдаған шәкірттер еліміздің әр қиырында жемісті еңбек етіп жүр. Осындағы мұражай өткен та­рихтан сыр шертетін сан алуан жәдігер­лер­мен толыққан. Жазушы жерлесіміз Иван Шухов түкпірдегі елді мекен жайлы жол­жаз­ба­сында «менің ту­ған елімде ешбір гео­гра­фиялық картада көр­се­тілмеген ауылдар бар. Ақ қай­ыңдар шо­ғының баурайына, болмаса тұ­нық та мөлдір ай­дын көл­дер­дің жағасына орна­ласқан елді мекендер аса жи­на­қылығымен, ұқыптылығымен, жанға жай­лы­лығымен ерекшеленеді. Онша үлкен емес, бірақ сирек ұшырасатын мұн­таздай таза ұжым­шарлық қыстақ – Ор­та­лық, міне, осылай кө­рі­неді. Маңайдағы бес ауылдың бұрынғы көшпенділері ауылшаруа­шы­лық артеліне ұй­ымдасып, отызыншы жыл­дардың басында осы­нау көркем де жай­л­ы мекенде тұрақ тепті», деп сипаттайды. Содан бүгінде 53 отбасы атажұрттың түтінін түтетіп, білім мен мәдениет ордасын ыды­рат­пай отыр. «20 игі іс» акциясы шеңберінде 4 шақырым жол жөнделіп, 50 түп қарағай отырғызылды. Ұлы Отан соғысына қатыс­қан боздақтарға арнал­ған ескерткіш жаңар­тылып, гүлзар орнатыл­ды. «Богби» ЖШС-ның директоры Виктор Богданецтің, осы ауылдың тумасы, облыстық мәслихаттың депутаты Екпін Әбиевтің демеу­шілігімен көшелер тегістеліп, жарық тар­тылды. Мектеп маңайы безендіріліп, жастар үшін ойын және би алаңдары ашылды. Жан жадыратар осындай қат-қабат шаруалардың бел орта­сын­да Ерік Нұрақаев, Өндіріс Омаров, Балтабай Рамазанов, Шәкен Әбиева, тағы басқа ауылдың бас көтерер азаматтары жүрді. Әдет­те қазақы бас қосулардың ойынан тойы басым келіп, оның соңы ырду-дырдуға, арзан күлкіге, парықсыз көңіл көтеруге ұласып жатушы еді. Орталықтағы ауыл күні өткенімізге есеп беріп, болашағымызды болжаумен, атқарылатын санқырлы міндеттерді нақтылаумен есте қалды. Айтулы шараға облыс әкімі Серік Білә­лов арнайы қатысып, ел ақсақалдары мен ақ жаулықты әжейлерге, көп балалы аналар мен отбасыларға құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады. Орман орта мектебіне компьютер сыныбы мен интерактивті тақта тарту етті. Ол өз сөзінде Елбасы тапсырма­ла­ры­ның ойдағыдай орындалып жатқанын, Тәу­елсіздіктің мерейтойын лайықты қарсы алу­ға барлық мүмкіндіктер қарастырылғанын, мұндай шаралар алда да жалғасатынын, ау­ыл адамдарының тұрмысын жақсарту басым бағыт болып қала беретінін атап көрсетті. Ауыл адамдары күрес, бәйге секілді ұлт­тық ойындарды, жергілікті өнерпаздардың концертін қызыға тамашалап, үйлеріне үл­кен әсермен, жоғары көңілмен тарасты. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы.