Жиырма жыл аз ба, көп пе? Оны дәл бүгінгі Қазақстанның жүріп өткен жолы мен әр саладағы қол жеткізген жетістіктері айқындайды. Сол алмағайып тұста Мемлекет басшысының бастамасымен шілдей шашылған қандастарымыз атамекеніне көш керуенін түзеген сәттен бері де екі онжылдық артта қалыпты. Үміттерін үкілеген сол отбасыларында дүниеге келген нәресте де жиырманың жалына қол салған. Олар елім деп еміренеді. Қазақстанның тең құқылы азаматы атанып, оқып білім алуда. Осындай қандастар қатарындағы Серікбай Маралбектің Жетісу жеріне келгеніне алты жыл. Ол бабаларының кіндік қаны тамған атажұртқа келісімен бел шешіп еңбек етті. «Маған не бересің?» демеді. Керісінше, ауылды гүлдендіруге кірісті.
Биыл мерекелі жыл. Демек, оған үлес қосу үшін «20 жылдыққа – 20 мың ағаш» деген бастамамен Еңбекшіқазақ ауданы Қызылшарық ауылында өз қаржысына 20 мың түп көк терек екті. Алқаптағы қаз-қатар отырғызылған көшеттер қазір жайқалып тұр. Ауыл әкімдігі мен тұрғындар да қолдау білдіріп, көк терек отырғызылған алқапты болашақта саябаққа айналдыру жөнінде тұжырымға келген.
Тәуелсіз елімнің дамуына үлесімді қосу азаматтық парызым, дейді ол. Жауапкершілікті түсініп, міндетімді ауылды көгалдандырудан бастадым. Кезінде күл-қоқыс үйілген ауыл шетіндегі күресінді тазартып, қоқыстарды шығарып, жерді тегістеп, 20 мың түп көк терекпен көмкерді. Сүмбіледей түзу жас өскіндерді Қытайдан арнайы әкеліпті.
– Отырғызылған жас теректерді Қытайдан арнайы кәдімгі қол дорбаға салып әкелдім. Жолда кеденшілер тоқтатып, мына «отынды» қайда апара жатырсың, деді. Мен оларға елімді гүлдендірейін деген ниетімді айттым. Онда еңбегіңіз жансын деген ниеттерін қосты. Мына жайқалған ағаш саны 20 мыңнан да көп, – дейді Қызылшарық ауылының тұрғыны Серікбай.
Теректі өсірудің де өзіндік қыр-сыры бар. Мәселен, қаулай өскен жапырақтарын жұлып, тамыр алуына мүмкіндік беру керек. Қытайдан жеткізілгенде бірер қарыс көшеттер күтіп баптап, дәрілегеннің арқасында үш жылда биіктеп, кәдімгі терекке айналыпты. Жасыл желек жапырақ жайған. Көлеңкесі де едәуір. Балалар арасында асыр салып ойнауда. Қандасымыздың бұл игілікті ісі ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған жеке сыйы екенін шын ниетпен қабылдауда. «Жалғыз ағаш орман емес, жалғыз адам қорған емес» деген ғой. Серікбайдың бастамасын ауыл әкімі мен ауылдастары жалғастырып әкетті. Өйткені, болашақта жастар мен қарттар осында келіп, көлеңкесінде бос уақытын өткізіп, демалса, ризашылығын білдірсе бұдан артық қуаныш жоқ. Сондай-ақ, ел мерейіне тартуды ағаш өсіруден бастағанын бәрі де нәтижелі іс деп бағалауда.
Туған жерді, елімізді көркейту, сол жолда тер төгу бәрімізге ортақ міндет. Серікбайға риза болып, оған қолдау көрсетіп, үлесімізді қосайық деп отырмыз, дейді Қызылшарық ауылының тұрғыны Емберген Жексенов.
Ауыл әкімдігі мен кәсіпкерлер қарап қалған жоқ. Енді олар 20 мың түп ағаш отырғызылған жерді саябаққа айналдыру үшін іске кіріскен. Халық демалатын орындықтар мен күнқағар орнату, тағы басқа шаралар қолға алынбақшы. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына 20 мың түп ағашты бір өзі еккен Серікбай келер жылы тағы да осыншама ағаш көшеттерін отырғызуды жоспарлаған.
Күмісжан БАЙЖАН,
Алматы облысы.