Облыста егіншілікпен қатар мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Былтыр ет өндіру – 100,7 мың, сүт – 586,9 мың тоннаны құрады. Алдағы асулар бұдан да ауқымды. Биыл мал шаруашылығы өнімдері өсімін 10 пайызға, оның ішінде сүтті – 7, етті – 12, жүнді – 4,2 пайызға арттыру көзделген. 26 мал фермалары іске қосылып, асылтұқымды малдардың саны 9,2 пайызға көбейтілмек. Осылайша Елбасының тапсырмалары солтүстікқазақстандықтарға да жауапты міндеттер жүктеп, іргелі істерге ұмтылдырып отыр.
Біз Солтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары Жанар МҰСАҚҰЛОВАМЕН мал шаруашылығы, оның ішінде еттік бағыттағы мал өндірісін дамытудың өңірлік әлеуеті жөнінде әңгімелескен едік.
- Жанар Поселкеқызы, өңірде мал шаруашылығы қалай өркендеп келеді?
- Соңғы жылдары мемлекет мал шаруашылығы саласына үлкен көңіл бөліп, зор қаржылық көрсетіп отыр. Іргелі бетбұрыстың нақты мысалдарын Қызылжар өңірінен көптеп келтіруге болады. «Облыстың 2006-2010 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді бағдарламасы» аясында көп іс тындырылды. Салаға заманауи технологияларды кеңінен енгізудің арқасында өнімдердің сапасы да, бәсекеге қабілеттігі де едәуір жақсарды. «Зенченко және К» командиттік серіктестігі, «Тайынша – Астық» ЖШС Канададан 800-1000 бас сиыр әкеліп, жоғары өнімді мал фермаларын құрды. Тайынша ауданында жылына 10 мың тонна ет өңдейтін комбинат мен құрамажем зауыты іске қосылды. «Якорь СҚ» серіктестігі 320 басқа арналған мал фермасын түбегейлі жаңартып, әйгілі «Де-Лаваль» фирмасының қондырғыларын орнатты. «Леонов» шаруа қожалығында 320 басқа шақталған сүт фермасы іске қосылды. Былтыр индустриялық-инновациялық мемлекеттік даму және ауыл шаруашылығын одан әрі әртараптандыру бағдарламасы аясында 7,9 миллиард теңгенің 4 инвестициялық жобасы бой көтерді. Сөйтіп 330 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Ал, 2014 жылдарға дейін арналған бағдарламаға 5 жоба енсе, 3-уі биыл пайдалануға берілді. Ақжар ауданында 2500 бас малға арналған ет кешенінің, Аққайың ауданында мал фермасының құрылысы басталды.
– Облыс басшылығы етті бағыттағы асыл тұқымды мал өсіруге белсене кіріскен сыңайлы. 2011-2015 жылдарға арналған жергілікті бағдарламаның қабылдануы осыны айғақтайды.
– Жасыратыны жоқ, елімізде мал шаруашылығының біраз уақытқа дейін кенжелеп қалғаны рас. Оның себептерін газет оқырмандары жақсы білетіндіктен тоқталмай-ақ қояйын. Бүгінде Президентіміз агроөнеркәсіп кешені алдына биік талаптар қойды. Еңбек өнімділігін арттырудың, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, экспорттық әлеуетті жүзеге асырудың тың арналарын іздестіру, сөз жоқ, сапаға, бәсекеге жол ашады. Қолдағы резервтер мен ішкі мүмкіндіктерді тиімді пайдалана білсек, 2014 жылдарға таман өнімділік екі есе артып, азық-түлік тауарлары ішкі рыногының 80 пайыздан астамын отандық тағам өнімдері құрары анық. Біз қазірден бастап мал шаруашылығы өнімдерін өндіруде маусымдық кезеңдерге тәуелділіктен арылып, жыл бойы үзіліссіз өндірудің жолдарын қарастырып жатырмыз. Оның бір жолы – мал шаруашылығын өнеркәсіптік негізге көшіру, елді мекендерде өңдеу, қайта өңдеу құрылымдарын көбейту. Төрт түлік малдың дерлігі жеке адамдардың иелігінде шоғырланған. Сондықтан етті, сүтті бағыттағы серіктестіктер мен шаруа қожалықтарын молайту да басты бағыттардың бірі саналады.
Ал, сіз атап өткен бағдарламаға тоқталатын болсақ, оның ауқымы өте кең. 5 жылдың ішінде 10000 басты бордақылайтын алаңдар, 6400 басқа арналған репродуктор-шаруашылықтар, 15600 басқа лайықталған фермерлік шаруашылықтар ұйымдастыру межесі тұр. Бұл ауылдық жерлерде 1500-дей жұмыс орындарын құрып, тұрақты кіріс көзін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Осы орайда ірі қара малының тұқымын асылдандыру, жергілікті жерге бейімделген тұқымдарын өсіру, табынды өз төлі есебінен көбейту, құнарлы азық-түлік қорын жасау шаруаларын бір-бірімен ұштастыра жүргізудің маңызы зор. Әйтпесе, белгілі нәтижеге жету қиын. Жобада репродуктор-шаруашылықтар, отбасылық фермалар құру, мал семірту алаңдарын ашу жан-жақты ойластырылған. Мал өсірумен шұғылданушы жеке, заңды тұлғаларға қаржылық, басқадай да ынталандыру шаралары қарастырылған. Жан-жақты сараланған бағдарламаның қабылдануына Елбасының Жолдауы қозғау салғаны анық. Сөйтіп аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамытудың бұрын-соңды болып көрмеген жобасы қолға алынды. Бұл мақсат үшін мемлекет орасан қаржылық ресурстар бөліп, малдың барлық түрінің асыл түліктері мен тұқымдарының санын көбейтуге барынша мүдделілік танытып отырғаны қуантады.
Облыста 30 асыл тұқымды шаруашылық субъектісі болса, оларда 9,3 мың сүтті, 8,6 мың етті бағыттағы ірі қара малдары шоғырланған. Бұл қолдағы түліктің 10,3 пайызы ғана асыл тұқымға жатады деген сөз. Биыл табындардың тұқымдық және өнімділік сапасын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар атқарыла бастады. Қазірдің өзінде еліміздің облыстарынан 4000-ға жуық ірі қара малы сатып алынып, табындар нығайтылды. Жергілікті ауа райына төзімді, онша күй талғамайтын қазақтың ақбас сиыры, герефорд тұқымдары көптеп әкелінді. «Алабота» серіктестігі асыл тұқымды малдарды екі есеге дейін ұлғайтпақ. «Заградовка», Астраханка», «Столыпин» агроқұрылымдары ірі ауқымды селекциялық жұмыстарды бастап кетті. «Вишневка» ЖШС де етті бағыттағы мал тұқымын асылдандырумен айналысып келеді.
Бағдарлама аясында асыл тұқымды қой отарлары мен жылқы үйірлері де ұйымдастырылатын болады. Қазақтың құйрықты қылшық жүнді қойларын өсірумен айналысатын «Бесқұдық» ЖШС асыл тұқымды зауыт мәртебесіне ие болды.
Селекциялық-асылдандыру жұмыстар бойынша да бірқыдыру мәселелер өз шешімін тапты. Бұл орайда, қолдан ұрықтандырудың орны ерекше екенін бөле-жара айтқымыз келеді.
– Үкімет тарапынан бөлінген қаражатты игеру жайы қалай?
– «ҚазАгро» АҚ-тың ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасы негізінде 2011-2015 жылдарды қамтитын жергілікті бағдарлама бірнеше қаржылық көздер арқылы қаржыландырылады. Солардың бірі – «Аграрлық несие корпорациясы» облыстық филиалының қарауына 421,9 миллион теңгенің 24 жобасы ұсынылып, 11-і қолдау тапты. Нәтижесінде 1185 бас мал сатып алынды. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 185 миллион теңгенің 32 жобасы қабылданып, бір мыңға жуық мал әкелінді. Берілген қаржыны ұқсатып, шаруашылықтарын ұршықша үйіріп әкеткен қожалықтар ондап саналады. Мысалы, «Жанбай» шаруа қожалығы Шығыс Қазақстан облысынан 104 бас қазақтың ақбас сиырын жеткізді. «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры» АҚ-тың жергілікті бөлімшесі 2005 жылдан бері шағын несие бөлумен айналысады. Қазір 8 бағдарлама шеңберінде қызмет көрсетеді. Бұдан тысқары жергілікті жерлерде 51 шағын несие ұйымдары жұмыс істейді. Жыл басынан бері 400 миллион теңгенің несиесін үлестірді. Демеуқаржыны игеруде кідіріс жоқ.
– Тағы қандай мәселелерді шешуді қолға алып жатырсыздар?
– Елбасымыз экономикасы барынша дамыған мемлекеттерге теңелуге үнемі жетелеп келеді. Шетелдік сарапшылар Қазақстанның сыртқы нарыққа шығу әлеуетін де жоғары бағалайды. Бірыңғай кеден одағына кіргелі экспорттық мүмкіндігіміз кеңейе түсті. Біз – ішкі қажетімізді негізгі азық-түлік түрлерімен толық қамтамасыз етіп отырған облыстардың біріміз. Өзімізден артылғанын басқа өңірлерге жөнелтеміз. Көршілес Ресеймен де қарым-қатынасымыз нығайып келеді. Бұрындары рынок көзі шектеулі болса, енді есік ашық. Облыс экспортқа астық, ұн және майлы дақылдар шығарады. Десек те, мал шаруашылығы саласында ойласатын жайлар жоқ емес. Ең бастысы, мал өнімдерін халықаралық стандарттарға теңестіру басым бағыттардың бірі ретінде қала берері анық. Сонда сапа да жақсарады әрі өтімді келеді, бағасы да лайықты болады. «Ветеринария» туралы Заң қабылданғалы мал сою жұмыстары бір ретке келтірілді. Бүгінде мал сою пункттері мен алаңшалары 130-ға жетіп, қажеттілікті толық өтейтін дәрежеде. Малдәрігерлік-санитарлық талапты күшейтудің өзге жолдары да қарастырылуда. Бізде мал мамандары әлі де жетіспейді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатымен Есіл ауыл шаруашылығы колледжінде мал дәрігері мамандығы ашылып, студенттер қабылданды. 2012 жылдан бастап ауылдық жерлерде жұмыс істейтін мал мамандарына әлеуметтік-тұрмыстық көмектер көрсетілетін болады.
«Бизнестің жол картасы–2020» және индустриялық-иновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында экспортқа бағдарланған өндірісті қолдау бағытында да көп жұмыстар атқарылды. Солтүстікқазақстандық ұқсату кәсіпорындарының өнімдері үлкен сұранысқа ие. Олар жылына 20-30 мың тонна сүт, 2-3 мың тонна шұжық шығарады. Бұған әсте қанағаттануға болмайды. Алдағы уақытта өндіріс орындарының толық қуатында жұмыс істеп, сыртқа сатылатын өнім түрлерін молаюына ықпал жасайтын боламыз.
– Айтпақшы, шетелден әкелініп жатқан малдарға қатысты көзқарас әрқилы. Кейбіреулер бұл бастаманы қолдаса, мол қаржыны отандық мал шаруашылығын өркендетуге неге жұмсамасқа деушілер де табылады. Бұған не айтар едіңіз?
– Жоғарыда сөз еткен шаруашылықтардың бірі – «Зенченко және К» командиттік серіктестігі жергілікті сиырлардан жылына әрі кетсе 3500-4000 литр сүт сауатын. Фермалар шетелдік асыл тұқымды малдармен толыққалы өнімділік екі есеге артты. «Тайынша-Астық» агроқұрылымында да өнімділік жоғары. «Петерфельд Агро» және Сби Агро Ташкентка» серіктестіктерінің әрқайсысы Германиядан 400 бас симментал тұқымын әкеліп, репредуктор шаруашылық құрмақ ойлары бар. Сондықтан үзілді-кесілді бас тартуға болмайды. Алайда,отандық асыл тұқымды мал шаруашылығын өркендету бірінші кезекте тұр. «Алабота» асыл тұқымды мал зауыты көп жылғы ғылыми ізденістердің нәтижесінде қазақтың ақбас мұқыл сиырын өсіріп шығарды. Ал Қазақстанның әр қиырынан өңірімізге асыл тұқымды ірі қара малдары көптеп жеткізіліп жатқанын жоғарыда айттық.
Етті бағыттағы мал шаруашылығы өндірісін жолға қою арқылы экспорт әлеуетін қамтамасыз ете алатынымыз ешқандай дәлелдеуді қажет етпейді. Ол күннің ауылы да алыс емес.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ, Петропавл.