Бірақ ол әрқайсысына дербес көрсетіледі
27 шілденің ыстық күні Астанада айтарлықтай белгілі оқиғамен – «Самұрық-Қазына» қоры басшылығының «Тұрғын үйді халыққа қалдырайық» («Оставим народу жилье») қоғамдық бірлестігінің активистері және мүшелерімен болған кездесуімен аталып өтті. Бұл кездесуге сондай-ақ акционерлері мемлекет атынан «Самұрық-Қазына» ӘАҚ болып табылатын БТА, Темір банк және Альянс банк қаржы мекемелерінің өкілдері де қатысты.
Болып өткен кездесудің ерекшелігі сол, бүгінде жоғарыда аталған банктерге басшылық жасайтын «Самұрық-Қазына» қорының басшылығы төленбеген ипотекалық борыштардың мейлінше ауыр проблемасы бойынша бірден айқын ұстаным қалыптастырды.
Шынымен де, дағдарыс орын алғаннан кейін көптеген ипотекашылар елеулі проблемалармен бетпе-бет келді. Несиелерді төлеу оларға анағұрлым күрделілене түсті. Мемлекет бірқатар арнайы бағдарламалар қабылдап және ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру, олар бойынша пайыздық ставкаларды арзандату, төлем мерзімдерін ұзарту үшін жағдайларды қамтамасыз ете отырып, ондай адамдарға түсіністікпен қарады. Соның өзінде де кейбір популистер оның өзін жеткіліксіз деп санады. Мәні мейлінше қарапайым үндеулер де естіле бастады. Шартты түрде алсақ, мен несие алдым, бірақ ол жөнінде маған ешкім ескерту жасамаған дағдарыс туындады. Дағдарыстан кейін несиені төлеу қиындай түсті. Ендеше, менің сатып алған тұрғын үйім үшін банкке борышымды мемлекет есептен шығарсын және төлей салсын. Жалпы алғанда, идеяның өзі, әсіресе посткеңестік менталитеттегі адамдар үшін жаңалық емес. Оның мәні: бәрі үшін мемлекет төлейді. Турасын айтқанда, соңғы уақыттарға дейін ТХҚ өкілдері дәл осындай идеяны ұстанып келді.
ТХҚ белсенділері мәлімдеген талаптарға қарағанда, олар бүгінде ипотекалық несиелер бойынша борышкерлерге мемлекет ұсынғаннан гөрі әлдеқайда көбірек алғылары келеді. «Саяси және мемлекеттік ерік-жігер таныта отырып және төлем қабілеті жоқ азаматтардан шынайы емес төлемдер ауыртпалығын алу арқылы ғана ахуалды шешуге болады» деп мәлімдейді ТХҚ жетекшілері. Басқаша айтқанда, олар заемшылардың бір бөлігіне банктердің әлі де ақылары төленбеген тұрғын үйді әншейін сыйға бере салуын қалайды. ТХҚ-ның пікірінше, мұндай мырзалықты мемлекет, яғни өз салықтарымен елдің былайғы азаматтары қаржыландыруы керек.
27 шілдедегі кездесуде қор басшылығы тарапынан қоғамдық қозғалыс бастамашыларына жан-жақты жауап қайтарылды. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-тың басқарма төрағасының орынбасары Айдан Кәрібжанов әлеуметтік тұрғыдан алғанда мұндағы мәселенің соншалықты қарапайым еместігімен келісті. Ипотекалық несиелерін төлей отырып, шынымен де дағдарыс кезінде қиыншылықтарға ұшырасқан, енді келіп күрделі тұрмыстық жағдайға тап болған қазақстандықтарды түсіну керек, деп атап өтті ол. Мемлекет ипотекалық төлемдерді арзандату, мерзімін ұзарту және қайта қаржыландыру үшін жағдайлар жасай отырып, дағдарыс кезінің өзінде-ақ оларға түсіністікпен қарады. Дағдарыс өтіп кеткен бүгіннің өзінде Үкіметтің, сонымен бірге акционер ретіндегі ірі-ірі «ипотекалық» банктердің ұстанымдары өзгерген жоқ.
Сөз жоқ, көптеген ипотекашылар шынымен де көмек пен қолдауға зәру. Бірақ іс тек оларда ғана емес. Ипотекашылар төңірегіндегі мәселенің ашықтан-ашық саясилану мәнін түсіну үшін, ТХҚ активистерінің аштық жариялау, қарсылық акцияларын өткізу және қатаң мәлімдемелер жасауының артында өзге де мүдделердің тұрғанын назарда ұстау қажет. Кезінде оларды одан әрі сату мақсатымен несиеге бірнеше пәтерлер (кейбіреулері 50-ге дейін және тіпті одан да көп) сатып алған тұрғын үй алыпсатарлары деп аталатындардың лоббиінің бар екені де құпия емес. Ендігі жерде өздерінің салымдарын қайтаруға талпынған осы бизнес-топтар аштық жариялау және қарсылық көрсету мәселелеріне назар аудара отырып, былайғы қазақстандықтардың сезімдеріне селкеу түсіруге ұмтылады. Ипотекашылардың бұл тобын кедейлер және аз қамтылғандар деп атауға болмайды, ал олардың халық атынан жасаған талпыныстары, сыпайылап айтқанда, шын жүректен шыққан әрекет емес.
Кездесу барысында «Самұрық-Қазына» ӘАҚ өкілдері біздің рыноктық экономика кеңістігінде өмір сүріп жатқанымызды, ақшаның белгісіз жақтан әншейін түсе қалмайтынын еске салып өтті. Егер, кейбір популистер ұсынғандай, проблемалы ипотекашылардың борыштарын мемлекеттің жабуына тура келсе, онда бұл қаржыларды өзге бағдарламалардан, ең алдымен әлеуметтік, елді индустриялық және инфрақұрылымдық дамыту бағдарламаларынан алуға тура келер еді. Оның үстіне әңгіме шығындардың өзге де баптарын қысқартуға тура келетін миллиардтаған теңгелер жөнінде қозғалар еді. Ал мемлекет онсыз да тұрғын үй рыногы проблемасын шешуге, банк секторын сауықтыруға қыруар ресурстар жұмсады және әлі де жұмсап келеді. Алданған үлескерлердің тұрғын үйлерінің құрылыстарын аяқтауға және ипотекашылардың проблемаларын шешуге миллиардтаған доллар бөле отырып, Үкімет оларды қазірдің өзінде әлеуметтік саладан, индустрияландыру, жол құрылысы, қалалар мен ауылдарды дамыту бағдарламаларынан алып қойды.
Өзге елдердің тәжірибесінде мұндай көзқарасқа тең келетін мысалдар жоқ. Қазақстанда жеке фирмалар қалдырып кеткен нысандардағы құрылыстарды жалғастыра отырып, ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыруға және арзандатуға қаржылар бөле отырып, билік күрделі ахуалға тап болғандардың бәріне түсіністік танытты. Астана қабылдаған ипотекашыларға көмек көрсетудің айрықша шараларына бүгіннің өзінде мемлекеттік бюджеттен қыруар қаржы бөлінді. Және бұл бағдарламалар іс жүзінде жұмыс істеп жатыр. Мәселен, көптеген үлескерлер салынып біткен өздерінің пәтерлеріне қазірдің өзінде қоныстанды, ал өз кезегін күтіп жүргендер олардың пәтерлерінің құрылыстарының қандай сатыда екенін және қашан пайдалануға берілетінін біледі.
Ипотекалық проблемаларға тап болған өз азаматтарына қолдау көрсетудің мұндай ауқымды бағдарламасы әлемде еш жерде болған емес. Еуропада, Азия елдерінде, АҚШ-та олардың күйреуі салдарынан осы мемлекеттің бүкіл ақша-кредит жүйесінің құлап түсуі мүмкін деген жекелеген банктерге қолдау көрсету жөнінде ғана мәселе көтерілді. Тек банктерді, бірақ заемшыларды емес.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорында ипотекашыларға егер бізге сендердің кредиттеріңді кешіруді ұсынса, онда оларды былайғы қазақстандықтарға өз қалталарынан төлеуге тура келеді ғой деген қарапайым сауалды емін-еркін қоюға болады. Мәселен – осы қаржылар арқылы еңбекақыларын өсіруге болатын бюджеттегілерге, немесе индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша іске қосылуға тиіс жаңа кәсіпорындардың жұмысшыларына.
Қалай дегенде де, халықтың өзге топтарының мүдделерін құрбан ете отырып, басқалардың проблемаларын шешу әділеттілік емес. «Самұрық-Қазына» қорының басшылығы көптеген заемшылар душар болған ахуалға түсіністікпен қарайды. Сонымен бірге қор елдің банк жүйесінің қаржылық тұрақтылығын және заемшылардың өздеріне алған міндеттемелерін сақтауын ескере отырып, ахуалды тек құқықтық кеңістікте ғана шешуге болады дегенді басшылыққа алады. Қор төрағасының орынбасары Айдан Кәрібжанов барлық проблемалы заемшылардың проблемаларының шешілетініне сендірді. Бірақ оны әкімшілік жолмен, мәселен, банктерді борышты есептен шығаруға міндеттей отырып шешу мүмкін емес. Өйткені, әңгіме елеулі сомалар және бүтіндей алғанда қаржы жүйесінің тұрақтылығы жөнінде болып отыр.
Ұлттық әл-ауқат қоры мен банктер проблеманы қатаң атаулы түрде шешпек ниетте. Сөз жоқ, қиын тұрмыстық жағдайда қалған борышкерлерге қолдау көрсету «Самұрық-Қазына» ӘАҚ үшін басымдықта болды және болып қала береді деп атап көрсетеді қор басшылығы. Әрбір проблемалы жағдай дербес қаралатын болады. Шешімдері де әртүрлі болуы мүмкін. Айталық, кейбір ипотекашылар, несиені қайтаруда қиындықтарға тап болып, төлемдерді төлеудің неғұрлым ұзақ мерзімдеріне ие болуы мүмкін, өзгелерге банк, тиісінше борыш ауыртпалығын қысқарта отырып, неғұрлым арзан пәтерлер, бәлкім, арендалық пәтерлер ұсынуы мүмкін.
ӘАҚ басшылығы проблемаларды шешудің барлық нұсқаларын қосымша талдап-зерттеуге әзір. Қор басшылығының проблемалы заемшылар өкілдерімен ахуалды шешу жөнінен мүмкін деген қадамдар талқыланатын жаңа кездесуі ипотекалық несиелер барынша көп берілген ең ірі қала – Алматыда 3 тамызда өтеді.
Есенбай ТАҢАТАРОВ.