03 Тамыз, 2011

Темір жолда тынымсыз еңбек

537 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ҚТЖ жарты жылдықтың қорытындысын шығарды, барлық жоспарлы көрсеткіштер артығымен орындалды «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ 2011 жылдың алғашқы жартысындағы темір жол көлігі жұмысының қорытындысы мен екінші жарты жылдыққа арналған тапсырмалар жө­нінде үлкен кеңес өткізді. Белгіленген мерзімде компания барлық көрсеткіштер бойын­ша міндеттемелерін орындады. Көлік және байланыс қызметкерлері мерекесіне осындай мол табыспен келген теміржолшылар Ел­ба­сының бастамашылығымен атқарылып жат­қан Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаға да сүбелі үлесін қосуда. Кеңесте айтылғандай, биылғы жылдың алғашқы жартысында темір жолдағы жүк айналымы жоспардағы 103,54 млрд. т-шм орнына 105,25 млрд. т-шм неттоға орын­дал­ды. Көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2,3 пайызға асыра ор­ындалып, 2,32 млрд. т-шм нетто құрады. Жолаушы айналымы бірінші жарты жыл­дықта 6,5 млрд. ж-шм, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 5,1 пайызға жоға­рылады. Өткен жылдың осы уақытымен салыс­тыр­­ғанда қозғалыс қауіпсіздігі көрсеткіші ед­әуір жақсарғаны байқалды. Тіркелген ақау­лықтар саны бойынша өткен жылмен салыс­тыр­ғанда 23 пайызға, ерекше жағдайлар бой­ынша 50 пайызға азайған. Пойыздардың қозғалыс кестесін орында­уы 40 пайызға жақсартылды. Компанияның бірінші жарты жылдық­тағы таза пайдасы өткен жылмен салыс­тыр­ғанда 39 пайызға көтеріліп, 59 млрд. теңгені құрады. Есепті мерзімдегі қор жасақтау 2010 жыл­мен салыстырғанда 7 пайызға артып, ол қаржы негізінен болашақтың жобаларына инвестиция ретінде жұмсалады. Қазіргі таңда компания Үдемелі индус­трия­лық-инновациялық бағдарламаға енген екі темір жол желісінің құрылысын жүзеге асы­руда. 2011 жылғы қазан айында Өзен-Түр­кіменстанмен мемлекеттік шекара телімінде пойыз қозғалысына жол ашылса, жел­тоқсанда Жетіген – Қорғас бағдарында пой­ыз қозғалысы басталады деп күтілуде. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өзінің негізгі міндетін атқарумен қатар мемлекеттік Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясындағы тапсырмаларды орындауға, қазақстандық үлесті көбейтуге, Қазақстанның көліктік-логистикалық әлеуе­тін тиімді пайдалануға баса назар аударуда. Үдемелі индустриялық-инновациялық бағ­дар­лама аясында темір жол көлігі маши­на­сын жасау және дамыту жалғасуда. Биылғы жылы Павлодар облысындағы Екібастұз қа­ласында жылына үш мыңнан астам вагон шығаратын зауыт іске қосылды. Жыл аяғына дейін Астанада «Тальго» жо­лаушылар вагоны шығарыла бастайды. 2012 жылы жүк және жолаушылар пойыздарына арналған электровоздар шығарылады. Жүзе­ге асырылып жатқан жобалар арқылы жыл­жы­ма­лы құрамға сұранысты өзіміздің ішкі ресурс арқылы орындауға қол жеткіземіз. Үс­­тіміздегі жылы компанияның жүк мүкәм­мәл мүлік паркі 8500 вагонға толығады. 2011 жылы компания жобаларындағы қа­зақ­стандық өнім көлемі 83 пайызға жеткізіледі. Қазіргі таңда Қазақстанда шағын бекеттерден 100 жаңа вокзал салу жұмысы бас­талып кетті. Жаңа жолаушылар вагондары «Каспий» жылжымалы құрамында Атырау – Астана, жоғары сапалы Алматы-Атырау, Ақтөбе және Шымкент қалаларына қатынайды. Қазақстандағы темір жол көлігін Орта Азия аймағындағы көліктік-логистикалық ХАБ ретіндегі жарқын болашақ күтіп тұр. Салада кадр және жастар саясаты, әлеуметтік бағдарлама белсенді жүзеге асырылуда. Үсті­міз­дегі жылғы алты айда бір жарым мың те­міржолшы біліктілігін жетілдірді. 1700 жоға­ры және орта арнаулы оқу орнын бітіргендер темір жол көлігі саласындағы кәсіп­ор­ын­дар­да өндірістік тәжірибе алмасудан өтіп, қыз­метке орналасты. Жастар форумы жеңімпаз­дарының инновациялық жобалары өндіріске енгізілуде. Мемлекет басшысының Қазақстан хал­қы­на Жолдауында атап көрсетілген «Денсау­лық» және «Жәрдем» медициналық пойыз­да­рының дәрігерлері 2011 жылдың бірінші жар­тысында алыс станциялардың 60 мыңнан астам тұрғындарына дәрігерлік көмек көр­сет­ті. Пойыз дәрігерлері алты айда 285 185 сырқат жандарға қабылдау өткізді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­ба­евтың тапсырмасы бойынша теміржол­шы­лар қыркүйек айында ең соңғы медициналық құралдармен жабдықталған «Саламатты Қа­зақстан» үшінші медициналық пойызын жіберуді жоспарлап отыр. Кеңес барысында «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті компания алдындағы барлық тапсыр­ма­лардың ойдағыдай орындалғандығына тоқ­талды. Екінші жарты жылдықта да темір­жол­шылар осы қарқынды бәсеңдетпей Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығын толайым та­быс­тармен лайықты қарсы алуға қам жасалуда. Нұрбай ЕЛМҰРАТ. Астана.