Кеше Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Штабтар бастықтары комитетінің төрағасы, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов АҚШ Орталық қолбасшылығы Әскери-теңіз күштерінің қолбасшысы, вице-адмирал Марк Фокспен кездесті.
Кездесу барысында Сәкен Жасұзақов Қазақстан мен АҚШ арасында әр түрлі саланы қамтыған стратегиялық әріптестік орнағанын атап өтті. Оның ішінде, әскери саладағы ынтымақтастық Қазақстан-АҚШ қарым-қатынасында айрықша маңызға ие болып отыр. Ал қорғаныс пен қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылдардың ішінде ынтымақтастық туралы бес жылдық жоспарды атап өткен жөн. Осы жоспар шеңберінде мамандар даярлау, техникалық жәрдем көрсету және әскери білім беру жүйесін дамыту салаларындағы жұмыстар сәтті жүргізілуде.
Әскери қатынастар жоспарына сәйкес Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің өкілдері жыл сайын АҚШ 5-ші флотының кемелерінде тағылымдамадан өтеді. Тараптар осы тәрізді іс-шаралар әскери қызметшілердің теңіздегі тәжірибесін шыңдауға зор ықпал ететінін атап өтті.
Оксана ПАРПУРА.