03 Тамыз, 2011

Өз көзімізге өзіміз сенбедік

439 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қаның қалай қайнамас?! «Қыз Жібек» фильмі еске түсе береді. Төлеген әкесінен қолдау таппай, сарбаздарын бастап жауға қарсы тұра алмай, өзі жалғыз қай­тып келе жатады ғой. Жолда Бекежанмен табысады. Сөйткен кезде жоңғардың қолы жер астынан шыға келгендей болып, қырғын шайқас басталып кетеді. Есірген жау сонда туды ала қашпай ма? Төлеген тұра қумай ма? Байрақты тартып ал­ып, мәз-мейрам болып келе жат­қанында өтірік өлген жоң­ғар Тө­легеннің атын атып құ­латпай ма? Борпылдақ топыраққа ат-маты­мен аунап түскен Төлеген сонда туды тік көтеріп, жана­ры­нан от шашып тұрмай ма?! Бейбіт күн­де мемлекеттік рәмізді қадір­лей алмай жүрген мына заманда көз алдымызға осы көрініс қайта-қайта келе береді. Туға құр шүберек деп қа­рай­тын­дардың қатары сиремей тұр. Кейінгі күндердің бедерінде қы­ран бүркіт бедерленген басты ны­шанға енжар қарау­дың түрлі көрі­ніс­терін көзіміз кө­ріп-ақ жүр. Талдықорғанда шыр­ша­ны бе­­зен­діретін ойын­шық­тар­ды са­ла­тын қапшық қыл­ды қай­бір жы­лы. Жам­был­да бір кол­ледж­­дің сту­дент­тері туыңызбен көше­дегі түс­кен жа­пырақты та­сы­ды. Сол аймақ­та­ғы кедендік бекетте бай­рақ төң­керіліп ілініп тұрды. Кім­нің миы жеткенін қайдам, фут­бол добына ту салғанды да көр­дік. Осы күні мұн­дай кері үрдіс көп бай­қала­­тын бол­ды. Қалай тоқ­тау саламыз? Сенбі күні тойға бардық. «Ал­­тын дәстүр» деген мейрам­ха­наға. Аты жақсы осы мейрам­ха­наның заты дұрыс болмай шық­ты. Бір қауым ел сыртта тұр едік. Анадай жерде бұрқ-сарқ қай­наған қазан­ның қасында кө­ге­реңдеп бір нәр­се көрінді. Ал­ғаш­қысында мән бер­медік. Ар­­ты­нан не нәрсе екен деп анықтап қарағанымызда өз кө­зі­міз­ге өзі­міз сенбедік. Газ бал­лон­ның сыр­тын тумен орап қой­ып­ты?! О, мас­қа­ра! Төбеңде тұра­тын ту қазан-ошақ қасында... Жаның ауыра ма, жоқ па? «Алтын дәстүр» деген мейрамхана ешбір дәстүріңді менсінбейтінін, туыңның өзін қадір­ле­мей­тінін анық көрсетті. Әрі-бе­рі­ден соң мейрамхананың тө­бе­сін­де ту ілініп тұруына рұқсат жоқ. Ол тек мемлекеттік меке­ме­лердің маңдайында жарқырап тұ­руы керек. Ал олар газ бал­лон­ды орап тастаған. Айтарға сөз жоқ. Елбасының өзі тізесін бүгіп, басын иіп сү­йе­тін туыңыздың Сыр бойындағы сиқы осындай. Білместікпен істеді дегенге сенгің-ақ келеді. Бі­рақ ниеті түзу адам туды олай қор­­ла­маса керек еді. Мына кө­рі­ністі көр­генде: «Қазақтың қазақ қаны қайда кеткен?» деген зіл­дей сауал мида тұрып алды. Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда.