Халық өміріне заманауи техникалық құралдар берік ене бастады. Осыған байланысты алыс елді мекендердің өзінде тұрғындар телефон байланысын тиімді пайдаланып, интернетке де иек артып отыр. Мәселен, облысты 1 миллион 800 мың халық мекендесе, оларға 346 АТС (52 аналогтық, 294 сандық) станса қызмет көрсетуде. Ал Алакөл ауданындағы 78 мың тұрғынға 43 АТС (18 сандық, 2 WLL CDMA 450, 23 Sky Edge Sky Star жерсерік стансалары) қызмет көрсетеді екен. Алакөлдік стансалардың 19-ы ауылдық жерлерде орналасса, осы қызмет түріне кезекке тұрғандар әлі де бар.
Осыдан екі ай бұрын Алакөл ауданы, Қабанбай батыр ауылының тұрғындары Асхат пен Жұмагүл Мұсабековтердің отбасы телефон орнатуға тапсырыс беріпті. Көп кешікпей «Қазақтелеком» АҚ филиалы телекоммуникация желісіне үш жүз мыңыншы абонент ретінде тіркелген отбасын құттықтаған. Тіпті, облыстық телекоммуникациялар дирекциясының бас директоры Жексенбай Мейрембаев пен аудан әкімі Әлібек Жақанбаев арнайы келіп, базарлықтарын жеткізді.
– Бірнеше жыл бұрын байланыс желімізге жүз мыңыншы абонент қосылғанда қуандық. Міне, бүгін қатарымызға үш жүз мыңыншы абонент қосылып отыр. Бұл еңбегіміздің жемісі, – деген Ж. Мейрембаев отбасына сұйық кристалды теледидар, телефон байланысы мен кеңжолақты интернетті және ІD TV-ді тегін орнату мүмкіндігіне ие сертификатты қоса тапсырды.
Қабанбай ауылдық бөлімшесінің электромеханигі Игілік Әкіштай бірден теледидарды қуат көзіне қосып, ІD TV-мен қалай жұмыс істеу керектігін көрсетті. Үйдегі компьютерге интернет те қосылды. Орнатылған телефонмен Жұмагүл туыстарына хабарласып жатты.
Отбасында үш бала тәрбиеленуде. Мектепте оқитын балалары интернеттің қосылғанына риза. Ал кенжелері теледидардан «Балапан» бағдарламасын тамашалап мәз.
Жұмагүл болса енді туған-туыстарымен хабарласуына, балаларының интернет арқылы әлемдегі жаңалықтардан хабардар болуына мүмкіндік туғанын айтады.
Қабанбайлықтар осылай қуанды.
Күмісжан БАЙЖАН,
Алматы облысы.