«Саясатнама» кітабына ден қойсақ
Шығыстың, оның ішінде араб пен парсының рухани құндылықтары қазақ халқына ежелден жақын болғандығы белгілі. Сонау «Мың бір түн», «Жүсіп-Зылиқа», «Рүстем-Дастан», «Ләйлі-Мәжнүндерден» бастап, «Тотының тоқсан тарауына» дейін бабаларымызды таным бесігінде тербеткен даналық әлдиі солар еді. Абай данышпандығының бастауында тұрған үш қайнардың бірі де сол. Солардың ішінде сыртынан білгенмен, сырына қаныға қоймаған, әлі қолымыз толық жетпей жатқан ақыл-ойдың асыл нұсқалары қаншама. Әне бір жылы Бейбарыс сұлтан туралы арабтың халық романы Елбасы пәрменімен жүремелете ілкімді тәржімеленіп қолымызға тигенде тағы бір жауһарды өзіміздікі деп айта алардай олжалы болып қуанғанымыз да сондықтан еді ғой. Аты мысырлық болғанмен, заты түркі бабамыз ұрпақтарының ортасына кітап, ескерткіш, асқақ рух болып оралған-ды сонда.
Сол сияқты, парсы тілінде жазылғанымен, исі қазаққа төл туындыдай қабылданар рухы жақын шығармалардың бірі – «Саясатнама» кітабы. Ел басқарудың ежелден келе жатқан іліміндей бұл кітапты Низам әл-Мүлк Кіші Азияны бірнеше ғасыр бойы билеп-төстеген селжұқтардың сұлтаны Мәлік шаһқа арнап жазған. Ал селжұқтардың тегі түрік екені әмбеге аян. Осы тұрғыдан келгенде осынау әдеби мұраны халқымыздың ой-санасын суарған бастау-бұлақтардың қатарында емін-еркін атай алсақ керек.
Тарихқа сәл-пәл шегініс жасасақ, түркі-оғыз тайпаларын бастаған ХІ ғасырдағы Ұлы Селжұқ сұлтандары Тоғрұл бек, Алып Арыслан, Мәлік шаһтар өз билігінің аясына Қытайдан Жерорта теңізіне, Қап тауынан Йеменге дейінгі жерлердегі халықтар мен елдерді үйіріп ала білді. Мұндай кең байтақ мемлекеттік құрылымның Таяу және Орта Шығыстағы әлеуметтік өмірді елеулі өзгерістерге ұшыратқан игі әсері жайлы оң пікір-пайымдар аз емес. Түркі жорығының осындай тарихи маңызына неміс ойшылдары Фридрих Энгельс пен Карл Маркс та жоғары баға берген көрінеді. Мінеки, біз айтып отырған «Саясатнама» жаңағыдай ғаламат ғаламдық оқиғалардың топырағында туып, тағылымын сіңірген құнды шығарма. Сондықтан да ол орта ғасырлар билеушілерінің басты оқу құралына айналды. Ал, бүгінде ол әлемдік жауһарлар шоғырынан орын алса, мағына-маңызын жоймаған Шығыс даналығының ескерткіші саналса, әділеті де сол.
Патшаларға арналған өсиет кітабы «Саясатнаманы» Селжұқ, яғни түркі-оғыз дүниесінің ХІ ғасырдағы аса көрнекті мемлекет қайраткері Низам әл-Мүлк кезінде Мәлік шаһ сұлтанның пәрменімен жазыпты. Сөйтіп, ол ел билеудің амалдарын ашқан пайдалы кеңестердің, ғибратты әфсаналардың жинағы болып шыққан. Кітап авторы өзін-өзі сыйлайтын серке мемлекетте жан-жақты орталықтандырылған мығым үкімет болуы қажет деген көзқарас ұстанды. Мәлік шаһ кітапты ұнатады. 51 тараудан тұратын еңбекте осы кезеңдегі мемлекеттің дәуірлеуіне жол ашқан ұтымды биліктің қыр-сырлары кеңінен сөз етіледі. Сол кездерде әлем поэзиясының жарық жұлдызы Омар Хайямның өзіне ұстаздық һәм әкелік қолдау жасаған ықпалды уәзір әрі атабек мемлекет басқарудың, ел билеудің негізгі мәселелерін ашып көрсетуде өзінің терең білімі мен саясаткер ретіндегі жеке тәжірибесін де орайымен пайдаланған.
Кітапты оқи отыра байқайтыныңыз, Низам әл-Мүлктің өз заманының әлемдік деңгейдегі ғұламасы болғандығына сөз жоқ. Оның ғақлия еңбегі керемет саналатын Италия ойшылы Макиавеллидің билік туралы кітабынан бес ғасыр бұрын жазылды. «Саясатнаманы» оқып шығуды Сталин сияқты атақты билеушілер де өздеріне парыз деп білген екен. Әлемге осы бір ғажап туынды ХІХ ғасырдағы француз тәржімесі арқылы мағлұм болған. Орысша аудармасы Кеңес Одағында 1949 жылы жарық көрген.
Түркі-оғыз мемлекетінің тәжірибе-тағылымдарын тілге тиек еткендіктен, бұл шығарма бізге де төл туындымыздай тартымды. Оның тәуелсіз Қазақ мемлекеті үшін де берер ғибраты аз емес. Сол бір орта ғасырлардағы селжұқтардың жанкешті ерліктерінің арқасында бүгінгі түркі әлемінің кеңістігі мәңгі мұздақ Сахадан майда толқынды Мәрмәр теңізіне дейін көсіліп жатқанын бір сәт қаперге алғанымыз жөн. Өзіміздің туысқан бабаларымыз, Ұлы Селжұқ билеушілері Тоғрұл бек, Алып Арыслан, Мәлік шаһтар туралы да білгеніміз абзал. Олардың Орта Азия, Иран, Әзербайжан, Сирия, Ирак, Армения, Грузия, Византия, Палестина, Йемен елдерінің басын құрап, Селжұқ патшалығын құруы да мерейлі тарих емес пе. Сол айбынды тарихты ақтаңдақ етпеуіміз керек, ондай әдепкі жайлардан бейхабар болмауға тиіспіз. Олай болса, Низам әл-Мүлктің «Саясатнамасы» түркі тілдес елдерді туыстыра түсетін, табысып тілек қосуға дәнекершілік шарапаты мол, баршамызға ортақ құнды мұра деп бағаласақ игі.
Низам әл-Мүлк адамгершілік пен имандылық негізіндегі билік қана абыройлы болатынын айтады. Бірақ бұл құр ділмәрсіп ақылгөйсу емес, ғылыми негізді өзек еткен, сараптамалы дерекке, ғибратты мағлұматқа, астарлы һәм әфсананы тәмсілдерге бай кітап, ондағы ұлағатты нақылдар ханға да, қараға да ұғынықты. «Саясатнама» патшаларға арналып жазылғанмен, оның пікір-пайымдары мен қағидаларын әр деңгейдегі басқару жүйесін былай қойғанда, отбасы аясында да күнбе-күн ақылға салып пайдалануға, үлгі тұтуға боларлықтай. Өйткені, ол түркі, парсы, араб елдері халықтың даналығының оймаржанын сүзген, зерде мен парасаттың құйма қорытпасындай әсерге бөлейді.
Автор өз патшасына: «О дүниенің отына күйгеннен осы дүниенің отына күйген көп жеңіл» деп ескерту жасайды. Түркілердің адамзат баласына сыйлаған осынау ел басқару ережесі аспауға, таспауға, елдің жағдайымен санасуға, оған пана болуға, күн-түн демей мұң-мұқтажын ойлауға шақырады. Мұнда қазақ билерінің, шешендік сөздеріміздің, мақал-мәтелдеріміздің даналық мәйегімен астасып орайласқан тұстар да жетерлік.
Низам әл-Мүлк патшаға: «Әрбір маңызды мемлекеттік істі ғалымдармен әмбе даналармен ақылдасып шеш!» деп ақыл қосқан. Мұндайлық алды кеңдік сол замандағы Еуропаңыз жетпеген кемелдік. Дала демократиясының бұдан әлдеқайда дарқандығы Сыпыра жырау, Асан қайғы, Шалкиіз, Бұқар жырау, Төле, Қазыбек, Әйтеке билер мен Махамбеттердің хандармен қалай сөйлескенінен-ақ көрінбей ме.
«Нағыз ғалым патшаға шақырумен барады, жалған ғалым өзі сұранып барады» дейтін «Саясатнама» тәмсілі қазіргі заманға да қарата айтылғандай. Сол сияқты, діни ағымдар тұрғысынан алғанда ХІ ғасырдағы Селжұқстандағы мәселелер ХХІ ғасырдағы Қазақстан үшін де өте көкейкесті. Айналасы 10-15 жыл ішінде ниеті күмәнді жүздеген діни секталар қаптап кеткені, соған айдың-күннің аманында жол беріп алғанымыз қынжыларлық. Мемлекет тарапынан дәстүрлі ұлы діндерге ғана көңіл бөлініп, секталар заңды түрде шектелуі тиістігіне ден қоятын мезгіл жеткен сияқты. Мұндай жалпақшешей «демократия» түбінде қоғамға іріткі салғаннан басқа жақсылық әкелмесі хақ. Міне, осы мәселедегі берік тұғырының өзі-ақ «Саясатнаманың» өміршеңдігін айғақтап тұрған жоқ па.
Иә, айта берсек, кім-кімнің де бұл кітаптан алар тәлімі ұшан-теңіз. Әсіресе, билік басындағы ел ағалары, мемлекеттік қызметкерлер, ауыл әкімінен министрге дейінгі алуан деңгейдегі шенеуніктер «Саясатнаманы» зерделесе, ел басқару саясатына қаныға түсері, ақыл-парасат пен имандылыққа, халықпен жұғымдылыққа молыға түсері сөзсіз. Нақ осыны ескерген болуы керек, Ахмет Дүйсенбаев деген баспагер азамат Низам әл-Мүлктің «Саясатнамасын» Қазақстанда тұңғыш рет бастырып шығарып, игі іс жасаған екен. Ол тағылымды туындыны қарызданып-қауғаланып кітап еткен еңбегін Тәуелсіздіктің 20 жылдық тойына тартуым деп есептейді. Онысына әлбетте, бәрекелді дейміз. «Саясатнама» әлі күнге дейін қазақшаға аударылмағандықтан, «Әлем әдебиетінің алтын қоры» сериясымен орыс тілінде жарық көріпті. Мемлекеттік істерді тілге тиек еткен, ділімізге сондайлық үндес, жанымызға аса жақын әлемдік деңгейдегі осынау туындыны ендігі жерде мемлекеттік тілде сөйлетіп тасқа басып шығаруды болашақ күндердің еншісі деп үміт етеміз.
Қорғанбек АМАНЖОЛ, Алматы.