Оңтүстікте электр энергиясына зәрулік бар. “Шамның жарығы түбіне түспейді” дегендей, республикада үшінші қала атанған Шымкенттің тап іргесінде отырса да электр жарығының толық қуаты жетпейтін, кейде жалп етіп сөніп қалатын шағын ауылдар бар.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында электр энергиясы, жылу өндіретін қазандықтар ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп, қалың жұрт айлап қараңғылықтың құшағында қалғанын ұмытқан жоқ. Үйде көгілдір отын, жылу болмай, даладан шөпшек теріп, қазан асқан күндер де ұмытылмақ емес.
Оңтүстік Қазақстан облысының бюджетінің өзі тұтас Қырғызстандай мемлекеттің жылдық бюджетінен артық. Осының өзі қордаланған мәселелерді рет-ретімен шешуге септігін тигізеді. Адамдар да қызық. Пышақ үстінен бөлініп кеткен жерлерге үй салып алғаннан кейін тезірек электр жарығы, жол тартылып, ауыз су және ыстық су кірсе деп ойлайды.
Алайда, осы мәселелердің шешілмей жатқаны жоқ. Жуырда Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаев алты айлық жұмыс есебінде электр, табиғи газбен және жылумен қамтамасыз ету жолындағы жұмыстарды түйіндеп айтқан.
Жылумен қамтамасыз ету бойынша 2011 жылы 2 жобаны жүзеге асыруға 451,0 млн.теңге қаралған. Оның ішінде, ұзындығы 3,1 км. магистралды жылу құбырларын күрделі жөндеуге 352 млн.теңге қарастырылып, жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде биылғы жылы 60 пайыз жылу құбырлары күрделі жөндеуден өтеді.
Ішкі орамдық жылу құбырларының 12,3 км ауыстыруға 98,8 млн.теңге қаралып, жұмыстар жүргізілуде.
Қала әкімі бүгін және ертең атқарылатын жұмыстардың жай-жапсарын баяндады. Алайда, электр энергиясы тапшылығын шешпей, өнеркәсіпті дамыту мүмкін емес.
Ал энергоорталықтар жаңартуды қажет етеді.
Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті жанындағы сараптық комиссияның мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Қайыпбек Қамбаров осыған байланысты ойларын былайша жұптайды.
Жалпы республика бойынша коммуналдық инфрақұрылымның желілері мен техникалық жай-күйі жөндеуді немесе ауыстыруды талап етеді. Осыған байланысты былтыр тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртудың 2020 жылға дейінгі салалық бағдарламасы мақұлданды. Бағдарламаның міндеті коммуналдық жүйелердің жаңғыртылуы мен дамуына ықпал ету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы энергия тиімділігін жоғарылату, осы салаға жеке капитал тарту және тариф жүйесін жетілдіру болып табылады. Оңтүстік Қазақстан облысы, оның ішінде Шымкент қаласы энергия тапшылығын тартып отырған аймақ. Бұл тапшылық өнеркәсіпке, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге кері әсер ететіні айтпаса да белгілі. Тығырықтан шығудың жолы – өңірдегі энергия өндіретін кәсіпорындарды жаңарту. Осыған байланысты энергетиктер мен мамандар бірлесе отырып, «3-Энергоорталық» АҚ-ға арнап инвестициялық жоба жасады. Ол Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен ОҚО бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментінің бірлескен бұйрығымен бекітілді.
Жалпы бір айта кетері, аталған кәсіпорынның жылумен бірге 160 МВт электр қуатын өндіруге шамасы жетеді. Қазір жазғы уақытта 80 МВт, қысқы уақытта 150 МВт электр қуатын өндіріп отыр. 2007-2010 жылдар аралығында жеке инвесторлармен кәсіпорынға 7,6 миллиард теңге қаржы салынды. 2,9 миллиард теңгеге жылу орталығы мен қаланың оңтүстік аймағын қосатын жаңа жылу магистралының құрылысы аяқталды. Жылу жүйелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, қондырғылары жаңарды. Олардың бұрынғыға қарағанда қуаттылығы, тиімділігі артты. Осы жұмыстардың нәтижесінде электр қуатын өндіру 165 пайызға өсті. Айталық, 2007 жылы ол 536,4 млн. кв/сағ болса, 2009 жылы 884,4 млн. квт/сағ-қа жетті. Бұдан бөлек отынға кететін шығынның көлемі де айтарлықтай кеміп, тұтынушыларға жылу беру 1,5 есеге, ал электр қуатын беру 23 пайызға артты. Акционерлер көмегінің арқасында 2007-2010 жылдар аралығында мазут пен газға төленетін шығынның бәрін кәсіпорын өз есебінен жаба алды. Яғни, кәсіпорын тоқтап қалудың алдын алып, тұтынушы алдындағы міндетін орындап шықты деген сөз.
Жоба бойынша 2012 жылға қарай кәсіпорынға жаңа турбина мен генератор орнату арқылы оның электр энергиясын өндіру қуатын арттыруға мүмкіндік береді. Дәлірегі, электр қуатын 210 МВт-қа дейін немесе 80 пайызға өсіруге мүмкіндік бар. Бұл өңірдегі жарық тапшылығын біржолата шеше алады. Жалпы, біз мына мәселеге айрықша көңіл бөлуге тиістіміз, кәсіпорындарды сақтап қалу үшін оны дамыту қажет. Дамымаған, жаңаланбаған кәсіпорынды құрдымнан құтқарып қалу мүмкін емес. Біз өткен қыста Семей мен Қарағанды облысының Приозерск қаласындағы жағдайдың қайталанбауын күні бұрын алдын алуға тиістіміз. Олай болса өткен-кеткеннен сабақ алу, жылумен, жарықпен қамтамасыз ететін кәсіпорындардың инвестициялық жобаларына жеткілікті дәрежеде мән беру, оның жүзеге асуына ықпал ету атқарушы органның міндеті деп білемін.
Облыстық мәслихаттың депутаты осылай дейді. Бір сүйсінерлігі, орталықтың қондырғыларын заман талабына сай жабдықтауға мейілінше көңіл бөліп отырған “3-Энергоорталық” басшылығы өздерінде де қаржы тапшылығы байқалса да игілікті істерден шет қалмайды екен. Мұны қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Уәлихан Сүлейменов ақсақал растаған.
– Шымкентте бүгінде 300-ден аса Ұлы Отан соғысының ардагері және 7 мыңға жуық тыл еңбеккері тұрады. Менің білуімше, соғыс ардагерлеріне жылуды тегін беру республикада тек Шымкентте ғана бар. Осындай игі дәстүрді қалыптастырған жоғарыда аталған кәсіпорынның басшылығына өз тарапымнан да ризашылығымды білдіремін.
Энергоорталық қаланы жылу және ыстық сумен қамтамасыз етіп отырған жалғыз кәсіпорын. Оның қызмет ету аймағына жалпы аумағы 3,7 млн. текше метрді алып жатқан 1843 көп қабатты үй, екі мыңдай мекеме және қоғамдық ұйымдар кіреді. ТЭЦ сағатына орташа есептен 100 МВт өндіріп келді. Бұл Оңтүстік Қазақстан облысына керек энергияның үштен біріндей ғана.
Төрт жыл бұрын Энергоорталыққа келген жеке инвестор модернизациялау мен қайта жаңғырту жасауға қомақты қаражат бөлген. Жаңа жылу магистралы құрылысының құны 2,9 млрд. теңгеге түсті. Бұл облыс орталығын жылумен қамтуды жалғастырудағы көп жұмыстардың бірегейі ғана. Жылу жүйесін жақсарту мен қоршаған ортаға залалсыздандыру әрекеті өз нәтижесін бере бастаған сыңайлы.
Алайда, өндірістік шығындардың көптігі орталықтың қолын байлап отыр. Мамандардың есептеуі бойынша 4 млрд. теңге шығынға отырған. Оның ішінде жылу жабдықтауға қызмет етуге бағытталған дебиторлық қарыз жарты миллионның үстіне шығып кеткен. Оның үстіне тұтынушылар электр энергиясы үшін 100 млн. теңге қарыз.
Осының бәрін есепке алсақ, алып қаланы жылытып әрі электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған орталықтың халі мүшкіл сияқты. Қиындықтан шығар жол қайсы?
Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті жанындағы сараптық комиссияның мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Қайыпбек Қамбаров бір сөзінде: Біз қай уақытта да тарифтің көтерілуінен қорықпауымыз керек. Тұтынушы оны түсіне білуі тиіс. Шымкентте соңғы үш жылда коммуналдық қызметтерге тарифті көтермеген кәсіпорындар да бар. Ал осы үш жылда тауар бағасы, инфляцияның деңгейі біршама көтерілді. Дәл қазіргі уақытта тарифті көтермегендіктен шығынға батып отырған кәсіпорындар да жоқ емес. Сондықтан, қолдағы бар дүниені құртып алуға болмайды, – дейді.
Кәсіпкер әрі облыстық мәслихаттың депутатының уәжі орынды шығар. “ 3-Энергоорталық” Оңтүстікте жылу мен электр тапшылығын жоя алатын бірден бір кәсіпорын. Ал ондай кәсіпорынды тұралатып алу ертеңгі күні үлкен қиындықтар әкелетіндігін ұмытпау керек сияқты.
Бақтияр ТАЙЖАН, Шымкент.