Экспозицияға Димаш Құдайбергеннің жеке қорынан алынған 70 музыкалық аспап қойылды. Олардың арасында әлемнің әр қиырынан жанкүйерлері сыйға тартқан аспаптар бар. Сондай-ақ көрмеде әншінің сахналық костюмдері ұсынылған. Көрерменге ерекше әсер қалдырған жәдігердің бірі – әлемдік поп-мәдениет жұлдызы Майкл Джексоннің жеке стилисті Гоко Залди арнайы тіккен сахналық киім.
Көрменің мәнін арттырған сәттердің бірі – Димаш Құдайбергеннің музей қорына екі домбырасын табыстауы. Оның бірі бала күнінен қолынан түспеген, атасы сыйлаған домбыра болса, екіншісі – өнер иесінің қолтаңбасы қойылған аспап. Өз кезегінде Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Құдайбергенқызы музей ұжымы атынан Димашқа Абай Құнанбайұлының домбырасының дәл көшірмесін тарту етті. Бұл сый – рухани сабақтастық пен ұлттық құндылыққа деген өзара құрметтің белгісі ретінде бағаланды.

Түркістанда Димаш Құдайбергеннің продюсерлік «Voice Beyond Horizon» жобасы басталды
Димаш Құдайбергеннің әкесі, Қазақстанның Мәдениет қайраткері Қанат Айтбаев көрменің мазмұндық маңызына тоқталып, оның жеке коллекцияны таныстырумен шектелмейтінін айтты. Оның сөзінше, бұл бастама ұлттық өнерді дәріптеп қана қоймай, түрлі халықтың музыкалық мұрасын бір кеңістікте тоғыстырған тағылымды жоба.
«Бұл аспаптардың әрқайсысы біз үшін аса қымбат. Себебі олар әлемнің әр түкпірінен жиналған, әр халықтың төл мәдениетін танытады. Әр аспаптың артында өз тарихы бар. Осындай құнды дүниелерді тарту еткен барша азаматқа алғысымыз шексіз», деді Димаш Құдайбергеннің анасы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева.
Іс-шараға Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Алиев, ТҮРКСОЙ ұйымындағы Қазақстанның ресми өкілі Нышанкүл Қаратаева, мәдениет пен өнер қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдары және әншінің жанкүйерлері қатысты.
«Димаш: бір дауыс – мың ел» көрмесі өнердің ұлт пен шекараға бағынбайтынын айқын көрсетеді. Экспозиция келушілерге әншінің шығармашылық әлемін тереңірек танып, ұлттық музыкалық аспаптардың бай мұрасын сезінуге мүмкіндік береді.

Көрме бір ай бойы Алматы қаласы, Зенков көшесі, 24а мекенжайында орналасқан Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде жалғасады.
Бұның алдында Димаш Құдайберген олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровқа көлік сыйлап, ел ықыласына бөленген еді.