05 Тамыз, 2011

Қазақстан – Норвегия мүдделестігі

543 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев Нор­ве­гияның Қазақстандағы елшісі Даг Халворсенді және «Bike for Peace» қоғамдық ұйымының бастамасымен ұйымдастырылған «Семей – Алматы – Астана» велосаяхатының жетекшісі Торе Наерланд пен осы веложорықтың мүшесі Франк Томлинсонды қа­был­дады. Бұл бастама Семей ядролық сынақ полигоны ж­а­былуының 20 жылдығына арналып отыр. «Үстіміздегі жылы әлемдегі ең ірі Семей ядролық полиго­ны­ның жабылғанына 20 жыл то­лады. Н.Назарбаев Кеңес өкіметі кезінде Семей ядролық поли­го­нын жабу туралы жарлыққа қол қойғаны белгілі. Ол осынау күр­делі шешімді қабылдау арқылы өзінің айрықша ерлігін танытты. Сол уақыттан бері Қазақстан жә­не оның Көшбасшысы ғаламдық ядролық қаруды таратпау және қысқарту үдерісінің белсенді жақ­таушысы болып келеді. БҰҰ-ның Семей полигонының жабы­луы­ның ресми күнін, яғни 29 тамызды Ядролық сынақтарға қар­сы халықаралық іс-қимыл кү­ні деп жариялауы – әлемдік қау­ымдастықтың еліміздің ұстаны­мын қолдайтынының бір айғағы. «Семей – Алматы – Астана» велосипед жарысы ядролық қаруға қарсы маңызды бастамалардың біріне айналатынына сенемін», деді Қ. Саудабаев. Сондай-ақ Мемлекеттік хат­шы Норвегияның Қазақстандағы елшісі Даг Халворсеннің Қазақ­стан­ның елордасы – Астанаға кел­ген сапарына сәттілік тіледі. «Сіздің сапарыңыз ел Тәуел­сіз­дігінің 20 жылдығы және Семей ядролық полигонының жабылуы­ның 20 жыл­дығы қарсаңына сәй­кес келіп отыр. Сіздердің ұйым­дас­тырып отырған веложорықта­рыңыздың ма­­ңызы айрықша. Та­рихы да үлкен. Бүгінде қос мемлекет арасында жақсы ынты­мақ­тастық жолға қойылған. Сауда-экономикалық әріптестік те жү­йелі дамып келеді. Ал ең бас­ты­сы, Қазақстан мен Норвегия елдері ядролық қаруды таратпау бағы­­тын­да ауқымды жұмыстар атқа­рып келеді», деді Мемлекеттік хатшы. Норвегияның Қазақстандағы елшісі Дага Халворсен өз кезегінде Қазақстанға арнайы сапармен келгеніне қуанышты екенін, бо­ла­шақта екі ел арасындағы әріптес­тік байланыстың жібі үзілмейді деген сенімін жеткізді. «Мен Қа­зақстанға өзімнің досым Торе Наерландпен бірге келіп отырмын. Онымен ең алғаш рет 1986 жылы, Польшада танысқан едім. Торе Наерланд өзінің бар саналы ғұ­мырын адам құқығын қорғау, ядролық қаруды таратпау, әлемді ядролық қарусыздандыру мәселе­леріне арнап келеді. Оның бұл еңбегін көпшілік жоғары бағала­ған. Есімінің тек Норвегия ғана емес, одан тыс елдерге де та­нылуы – соның дәлелі. «Bike for Peace» қоғамдық ұйымы қолға алған велосаяхат Қазақстанның 24 қаласы шеңберінде өтеді. Бұл ауқымды бастама екі елдің достығын бекемдеуге, сондай-ақ, дүниежүзіне Қазақстан мен Нор­вегияның ядролық қаруды таратпау жөніндегі көзқарастарының ортақтығын танытуға сеп болады деп ойлаймын», деді Даг Халворсен. Ол сондай-ақ, бұл бастамаға қолдау көрсеткен азаматтарға ал­ғы­сын білдіре келе, веложорыққа қатысатындарға сәттілік тіледі. Ал веложорықтың жетекшісі Торе Наерланд Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Қ.Саудабаевпен жүздесудің сәті түскеніне алғы­сын жеткізді. «Біз бұл вело­тур­дың маңыздылығын әлем жұрт­шы­лығына танытқымыз келеді. Қазақстан ядролық қаруды таратпау бағытында үлкен бастамалар көтеріп жүрген бірден-бір ел. Сондықтан, сіздердің елдеріңіздің осы бағыттағы жұмысын әлем халқы білуі тиіс деп санаймын», деді Торе Наерланд. Т.Наерландтың айтуынша, Нор­вегия елінде веложорық ұйымдас­тыру үрдісі 1979 жылдан бастау алады екен. Ал Қазақстан шең­берінде өтетін велосаяхат 6 тамыз күні басталып, 29 тамызда Астанада өз мәресіне жетпек. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.