Жақында ел Тәуеліздігінің 20 жылдығына арналған альпиниада мәресіне жетті.
Елімізге еңбегі сіңген спорт шебері, альпинист Дмитрий Муравьев бастаған топ Қазақстан халқының соңғы 20 жылдағы бірлігі мен ынтымақтастығын еліміздің ең биік нүктесі – Хан Тәңірі шыңына шығу арқылы көрсетуге ниет етіп сапарлап қайтты. Қазақстанда тату-тәтті өмір сүріп жатқан халықтардың бірлігін насихаттап, Хан Тәңірінің шыңына шығу идеясының авторлары – «Нұр Отан» ХДП ардагері Серікқали Мұқашев пен Қазақстан Республикасы Альпинизм және құзға өрмелеу федерациясының президенті Қазбек Уәлиев. Серікқали ағамыздың айтуынша, еліміздің 20 жылдағы жетістігі өзге елдерге үлгі боларлық нәрсе. Өйткені, осыншама уақытта басқа елдерде дау-жанжал, әскери қақтығыстар болып жатқанда тек Қазақстанда ғана саяси тұрақтылық, халықтар арасында достық пен ынтымақтастық сақталып отыр. Осының бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының арқасы. Оның ішкі және сыртқы саясаттағы ұстанымын бүкіл әлем мойындады. Қазір тағдырдың жазуымен елімізде қоныстанған көптеген этностар Елбасының саясатын бағалап, қазақ елін киелі шаңырақ деп біледі. Сондықтан еліміздің бірлігі мен ынтымақтастығын насихаттаудың жаңа тәсілі ретінде Хан Тәңірінің шыңына саяхат жасау таңдап алынды. Басында тауға сапар жасау жоспар бойынша бірнеше күнге созылуы керек еді. Бірақ, қар көшкіні жобаны толығымен іске асыруға кедергісін келтірді. Альпиниадаға қатысқан 20 шақты отандасымыз ақылдаса келіп, мұздақты қар басына шықпай-ақ қоюды жөн көрді. Саяхатшылар арасында өзге ұлт пен түрлі діндердің өкілдері болды. Олар альпиниадаға қатысу үшін қажетті дайындықтан өтті. Бірақ, қар көшкіні қаупі туғанда, олар бағыттың бірінші бөлігін аяқтап, шамамен 5 мың метр биіктікке көтерілді. Екінші күні де осыншама межені бағындыру жоспарланған болатын. Алайда Хан Тәңіріде жауған қар олардың бұл ойына кедергі келтірді. Сөйтіп, саяхатшылар ортақ мәмілеге келіп, тауға әрі қарай шығуды тоқтатты. Саяхатшылар тобының жетекшісі болған Дмитрий Муравьев туралы айтсақ, оның есімі альпинистер арасында кеңінен танымал. Ол 1995 жылы әлемдегі ең биік нүкте, теңіз деңгейінен 8 848 метр жоғары тұрған Эверест шыңын бағындырған альпинист. Ал Хан Тәңіріне ол бес рет шыққан. Хан Тәңірі шыңының теңіз деңгейінен биіктігі 7 010 метр.