Бейсенбіден жұмаға қараған түні еліміздің ең үздік командасы «Ақтөбе» Еуропа лигасының 3-ші іріктеу кезеңінде біраз уақыт арқалап жүрген үмітімізді ақтамай, өз алаңында Ресейдің «Алания» клубынан ұтылуға мәжбүр болды.
Сөйтіп, «Ақтөбе» жылдағы осы кезде болатын әдеті бойынша тағы да Еуропа лигасымен қош айтысты. Бұл ойында отандастарымыз алғашқы кездесудегі нәтижені қайталап, ұтымды пайдалана алмай, жеңіліс тапты. Осы жеңіліс үшін біз «Ақтөбенің» барлық ойыншыларына кінә таға алмаймыз. Ойыншылардың бәрі шамасы келгенше әдемі ойнауға тырысты. «Ақтөбе» осындай жауапты сындарды әдемі, қарсыластарымен нәзік ойнауды әбден бойына сіңіріп алған сияқты. Команданың қарсыласынан жеңілуінің бір себебін осымен де байланыстыруға болады. Ал қазақ командасынан гөрі Еуропа алаңдарында біраз көйлек тоздырған «Алания» олай етпеді. Тіс қаққан, білікті бапкер Валерий Газзаевтың ұлы, 31 жастағы Владимир Газзаевтың командасы «Ақтөбе» сияқты ойынды шектен тыс әдемі, сақ ойнамай жиі-жиі шабуылдар жасап, діттеген мақсатына жетуді ойластырды. Сөйтіп, тек нәтиже үшін ғана ойнаған ресейліктер матчтың екінші жартысында алаң иелеріне бірінші болып доп соғып үлгерді. Расын айтсақ, осы кезде «Ақтөбе» сасқалақтап, мыңдаған жанкүйерлердің алдында есепті теңестіре алмай, сол нәзік ойнау әдетін әрі қарай жалғастыратын бола ма деп те ойлаған едік. Алайда намысқа тырысқан ақтөбеліктер 75-минөтте есепті теңестіре алды. Доптың авторы Джилас расы керек, әдемі гол соқты. Осы ойында «Ақтөбенің» сапындағы Малик Мане шабуылға әдемі пас шығарып отырды. Екінші таймда Джилас пен Хайруллин доп соғу мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Ал «Аланияның» сапында командасына гол сыйлаған Өзбекстан құрамасының мүшесі Бикмаев алаң иелеріне біраз шеберлігін көрсетіп ойнады.
Ойын осылай тең есеппен аяқталған соң, қосымша берілген жарты сағат уақытта есеп өзгермеді. Осыдан кейін 11 метрлік пенальтиде «Аланияның» жолы болды. Пенальтиде қонақтардың бәрі гол соқса, біздің командада Мане мен Джилас қақпашыдан айласын асыра алмады. Осылайша, «Алания» келесі айналымға шықса, «Ақтөбе» тағы да орта жолда жер сипап қалды.
Көңілге бір қуаныш ұялататыны, ресейлік «Спорт-экспресс» газетінің 4 тамыз күнгі санында «Ақтөбе» мен «Алания» командаларының ойыны алдында шыққан материал болды. Газеттің «Ехали в Азию, попали в Европу» деген материалда Ақтөбеге ойын туралы репортаж дайындауға келген автордың жергілікті халықтың қонақжайлығы, қаланың тазалығы, еліміздің гүлденіп, өркендеп бара жатқаны туралы жазған мақаласы шын мәнінде адамның көңілін өсіреді екен.