10 Тамыз, 2011

Жүз жолдық жаңалықтар

337 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Астана. Хоккей. Кеше хоккейден ел Тәуел­сіздігінің 20 жыл­дығ­ына арналған Қазақстан Республикасы Президенті­нің Кубогы жолын­дағы халықаралық турнир басталды. Оған Құрлықтық хоккей лигасында ойнай­тын Қазақстан мен Ресейдің «Барыс» (Астана), «Каз­цинк-Торпедо» (Өскемен), «Амур» (Ха­баровск), «Югра» (Ханты-Мансииск) коман­далары қатысады. Турнир «Нұр Отан» ХДП мен Қазақ­стан хок­кей федерациясының ұйым­дастыруымен өт­кізі­лу­де. Жарыс 13 та­мыз­ға дейін жал­ғаса­ды. Хоккей жан­күйер­лері ойындар­дың бәрін «Қазақстан» спорт сарайынан ғана емес, «Астана» телеарна­сы­нан да тікелей эфир арқылы тамашалай алады. Кеше кешкісін «Барыс» пен «Казцинк-Торпедо» командалары турнирдің алғашқы ойы­нын өткізді. Турнир біткен соң, «Барыс» клубы 17-21 тамыз күндері Швейцарияда өтетін «Basel Sum­mer» турниріне қатысады. Осы сында ас­таналықтар Швейцарияның «Базель Шаркс», «Берн», Германия­ның «Крефельд пингвиндері», Финляндияның «Ювя­­скюля» және Ре­сейдің СКА ко­ман­даларымен күш сына­сады. Содан кейін «Ба­рыс­тың» 29 тамыз бен 2 қыркүйек күндері Ресей­дің Екатеринбург қа­ла­сында өтетін «Каменный цветок» дәстүрлі турниріне қатысуы жоспарлануда. Осы турнирден кейін жан­күйерлер тағат­сыздана күткен Құрлықтық хоккей лигасының кезекті чемпионаты жалауын көте­ре­ді. «Барыс­тың» база­сы­нда құрылған тағы бір «Сне­жные барсы» клубы осы ма­у­сымнан бастап Жастар хоккей лигасына қатысады.   Инчхон. Бокс. Осы күндері Оңтүстік Корея­да ересектер арасында ХХVI Азия чем­пионаты өтуде. Оған сарықұрлықтың 22 елінен 150-ге жуық былғары қолғап шеберлері қатысуда. Қазақстан құрамасы бұл сынға екінші нөмірлі боксшыларын жіберді. Қазір біздің боксшылар арасында Арман Рысбек (81 кг.), Ілияс Сүлейменов (52 кг.), Мәди Шолақов (56 кг.), Рүстем Сыбаев (69 кг.), Айдар Әмірзақов (60 кг.) жекпе-жектерін жеңіп, келесі айналымға шықты. Ал Дәурен Елеусіновтің (75 кг.) жолы болмады. Ол 2009 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері үнді Кулдени Сингхтан есе жіберді. Азия чемпионаты алғаш рет 1963 жылы Таиландтың Бангкок қаласында жалауын көтер­ді. Осы сында Жапония 3 алтын медальмен ко­ман­далық есепте бірінші орынды жеңіп алды. Содан кейін Азияның 8 елінің боксшы­лары кезек-кезегімен чемпион атанып отырды. Дастан КЕНЖАЛИН.