10 Тамыз, 2011

Қайқыдағы қайғылы оқиға

816 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Еліміздің қазақ-қырғыз шек­ара­сында ел тыныштығын  қамт­а­масыз етіп жүрген шекарашы Ар­дақ Қазиев қайғылы қазаға ұшы­рады. ҰҚК Шекара қызметінің «Боран» арнаулы десанттық-ша­буылдаушы тобының аға бар­лау­шысы сержант А.Қазиев контра­бан­дашыларды құрықтау опе­ра­ция­сы аяқталып, Кегендегі Қайқы асуы арқылы Шонжы шекара от­ря­дына кері оралып келе жатқан. ... Шұғыл алынған ақпарат кө­зіне қарағанда Шонжы шекара отрядының «Қарқара» шекара зас­­­тавасын күзететін қазақ-қырғыз шек­ара учаскесінде ірі көлемдегі контрабанданың өткізілетіні белгілі болады. Сол күні осы бағытқа аттанып кеткен борандық шекара­шылардың тобы әлгі аумақты үш күн бойы жасырын ториды. Ақы­ры, соңғы түні көрші қырғыз жақ­тан ауыр жүк көліктері мемлекеттік шекараға келіп маңдай тірейді. Мұнда Қырғыз елінің азамат­тарын қазақстандық контрабанда­шылар күтіп тұрған еді. Түн қа­тып жүргендер өздерін мұнда бірнеше күннен бері шекара­шы­лар­дың да торуылдап жатқанын білген жоқ-тын. Сөйтіп, түнгі сағат үштер кезінде жасырын кездескен контрабанда тобының саудасы «сәтті» аяқтала берген кезде жер астынан шыға келгендей пайда бола кеткен шекарашылар оларды тырп еткізбей қолға түсірді. Сонан контрабандалық 80 тонна дизель жағармайы тиелген жүк көліктері Кегендегі Қайқы асуы арқылы Шонжы шекара отрядына қарай тізбектеліп шығады. Осы жерде ешкім күтпеген жағдай ор­ын алады. Колоннаның соңында келе жатқан жүк көлігінің тежегіші аяқ астынан істен шығады. Көлік жүргізген 25 жасар қырғыз азаматы жалма-жан машинаны тоқ­татпақ болып, рөлді жолдың сол жағына бұрады... Сол-ақ екен, қатты екпінмен барып жарға со­ғыл­ған көлік демнің арасында отқа оранып шыға келеді. Бұл кезде жүргізушінің қасында бол­ған ер шекарашы Ардақ Қазиев осылайша «тілсіз жаудың» құша­ғы­на енген темір қауыздың ішінде қалып қояды. Мәңгілікке. Жауынгерлік тапсырманы ор­ын­дау кезінде қаза тапқан Отан­ның адал перзенті Ардақ Ораз­бек­ұлы Қазақстан Республи­касы­ның Мемлекеттік наградасына ұсынылатын болды. Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА, подполковник, әскери журналист.