10 Тамыз, 2011

Алапес жайылып барады

435 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкіл­дері Үндістанда алапес ауруының аса жылдам жайы­лып отырғандығына алаңдаулы. Бұдан алты жыл бұрын дертке нүкте қойылды делінген бола­тын. Алайда жағдай керісінше ушығып тұр. Осы елде жыл сайын 120 мың адам алапеспен ауырса, соның 10 пайызы балалар. ДДҰ үнділік үкіметтен аурудың алдын алу жөніндегі шараларды жылдам қабылдауы қажеттігін ескертіп отыр. Бірнеше айдан бастап жылдарға созылатын ауру органдардың өзгеруіне алып келіп, мүгедектікке жеткізеді. Түркияда әскери шенділер тұтқындалды Түрік соты үкіметке қарсы әрекет­тері үшін ел қарулы күштерінің жеті адмиралы мен генералын тұтқындау жөнінде шешім қабылдады. Олардың арасында Түрік әскері оқыту корпу­сы­ның қолбасшысы генерал Нусрет Таш­делер мен әскери барлау қолбас­шы­сы генерал Исмаил Пекин де бар. Әскерилердің заңсыз әрекеті 2003 жылы орташа исламдық Әділеттілік және даму партиясы билікке келген тұста ойластырылған екен. Қазіргі таңда тұтқындалған әскерилер тергелу үстінде.  Түркия президенті Бас штаб басшысы етіп Недждет Озелді тағайындады. Осылайша азаматтық үкімет әскери күштерді кім басқаратынын шешуге көшті. Мәскеуде ірі өрт орын алды Мәскеудің Микоян ет комбина­ты аумағында орналасқан «Цветмаш» зауыты ғимаратында тұтан­ған алау  төртінші деңгейдегі өрт атанып отыр. Екі сағат ішінде тілсіз жау он есеге дейін өршіп, екі мың шаршы метрді жалмаған. Оны өшіруге елуге тарта техника мен төрт тікұшақ жұмылдырылыпты. Өрттің шығу себебі дәнекерлеу жұмыстарымен байланыстырылуда, алайда оны мамандар  анықтайтын болады. Ресей басқыншылығы айыпталды Грузия парламентінің спикері босқындарға қаратып айтқан сөзінде «Ресейге жаулап алуын тоқтатуына тура келеді» дегенді баса айтты. Оның сөзіне қарағанда, Ресей ел аумағын жаулау арқылы халықаралық құқықты бұзып отыр. Сондықтан да өз әскерін Грузиядан алып кетуі тиіс. Мұндай мәлімдемесін Давид Бакрадзе 2008 жылғы оқиғаға үш жыл толуына орай жасады. Ресей парламентінің Оңтүстік Осетия аумағында әскери база орналастыру жөніндегі заңдық құжатты ратификациялау туралы шешіміне шүйліккен спикер АҚШ сенатының Абхазия мен Оңтүстік Осетия жері жаулап алынғаны туралы қарары маңызды құжат екендігін жеткізді. Бенгазиде үкімет ауысты Өтпелі ұлттық кеңес Каддафимен байланысы бар деп ай­ыпталған көтерілісшілер қолбасшысы Абдель Фаттах Юнестің өлімінен екі апта өтісімен Бенгазиде өзі құрған үкіметті көптеген кемшіліктерге бай­ла­нысты таратты. Атқару комитетінің кейбір мүшелері жұмысында кемшіліктер байқалғандықтан, кеңес жаңа үкіметті жасақтауға кірісіп те кеткен. Юнес шілденің аяғына таман белгісіз біреулердің қолынан қаза тапқан болатын. Кейбір БАҚ оны көтерілісшілердің өзі өлтіруі мүмкін деген-ді. Өтпелі ұлттық кеңес басшылығы мұндай дақпыртты Каддафи жақтастары әдейі таратуда дейді. Аналық жасуша сақтауға алынды Израильдің отбасылық істер жөніндегі соты жақында қаза болған 17 жасар қыздың отбасына оның аналық жасушасын медициналық банкте сақтап қоюға, артынан оны донорлық мақсатта пайдалануға рұқсат берді. Шарон аймағының тұрғыны Хен Айда Айиш осыдан бір жарым апта бұрын автокөлік апатынан зардап шеккен-ді. Оны жедел ауруханаға жеткізгенімен, дәрігерлер  мидың өлі екендігін анықтаған. Отбасы қыздың органдарын донорлық мақсатқа пайдалануға өз рұқсаттарын беріп, төрт адам ажал аузынан құтқарылыпты. Осы ретте қыз отбасы аналық жасушаны өлген еркек спермасымен ұрықтан­ды­руды өтінген. Алайда сот тек сақтауға ғана рұқсат беріп отыр.

Қысқа қайырып айтқанда:

* Дағыстанда орын алған жаппай төбелестен алты адам қаза тауып, тағы бір полицей қызметкері атып өлтірілген. Оқиға түн­гі 01:00 шамасында қару қолдану жағдайында орын алған. Бір апта бұрын Унцукуль ауданында автокөлік жарылып, үш адам қаза тапқан-ды. * Белоруссияда негізгі азық-түлік – нан, сүт, ет және сүт өнімдеріне деген баға тағы 5 пайызға көтерілді. Елдегі бұл жыл басынан бергі жетінші рет бағаның өсуі. Егер жағдай ушығып жатса, онда бағаны реттеу қолға алынады. Әзірге бұл Ресей мен Қазақ­стан арасындағы бағалық алшақтықтарды жақындату мақсатында жүзеге асып отыр. * АҚШ қор биржаларындағы сауда 5,40-6,80 пайыздық төмен көрсеткішпен жабылды. Мысалы, NASDAQ жоғары техно­логия­лық компаниясы 6,83 пайызға төмен сырғыса, S&P 500 6,66 пай­ыз­дық төмен көрсеткішке ие болды. * Сирия президенті Башар Асад Али Хабибаны қорғаныс министрі қызметінен босатып, орнына Дауд Раджханы тағайындады. Бұған дейін Сирия билігі тарапынан көтерілісшілерді аяусыз жаншумен келіспеген Бахрейн, Сауд Арабиясы мен Кувейт өз елшілерін шақыртып алған болатын. 

Интернет материалдары негізінде әзірленді.